Әдебиет

Атақоныс

Биыл 17 желтоқсанда жазушы Өтебай Қанахиннің туғанына 100 жыл толады.

Ол Ырғыз ауданының Тәуіп ауылында туған. 1932-1933 жылдардағы аштықта туғандарынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің интернатында оқыған. 1940 жылы Ақтөбеден педагогикалық курсты бітіріп, оқытушылар институтына сырттай оқуға түсіп, еңбек жолын ұзтаз болып бастаған.

1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан. 1953 жылға дейін Қызыл армия қатарында қызмет еткен. Содан кейін Қазақстан Жазушылар одағы оны Алматыға алдырып, қазақ баспасөзінде, баспа саласында, Қазақстан компартиясының ОК-інде лауазымды қызметтер атқарған.

«Екі кездесу» атты алғашқы әңгімесі 1947 жылы жарық көрген. «Ауыр күндер», «Маздақ», «Жер басып жүрсем», «Дәмелі», «Бақыт бәйшешегі», «Құдірет», «Қарт сарбаз хикаясы», «Атақоныс», т.б. кітаптардың авторы.

«Атақоныс» атты соңғы шығармасы әңгіме-сұхбат түрінде жазылған. Өз заманындағы саясаттың ізі қалғанына қарамастан, мұнда қазақтың атақоныс ұғымы, салт-дәстүрі, қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі ауыл өмірі, тұрмыс-тіршілігі кеңінен суреттеліп, көптеген құнды мағлұматтар берілген. Оқырмандарымызға осы шығармадан, атап айтқанда, оның «Бірінші сұхбат» бөлімінен шағын үзінді ұсынып отырмыз.

— Армысыз, аға!

— Бар бол, бауырым!..

Нұркей ақсақал қалбалақтай орнынан тұрып, маған қарсы ұмтылды; қолындағы таспа тіліп отырған жалпақ қайысын, сабын көк шүберекпен ораған қара пышағын қызыл алаша үстіне тастай сала, мені қаусыра құшақтап, төске төс түйістіріп қазақша көрісті, амандасты. Сосын оң қолымды қос қолдап қысып тұрып, біразға дейін уысынан жібермеді. Қарттың саусақтарының қаттылығы қышқаштай екен.

— Жарығым келіп қалыпты ғой! — деп шыпта жанында жүн түтіп отырған Бақтылы жеңгей де бөстегінен сиыршылап көтеріліп, мені құшағына алды, екі бетімнен кезек сүйді. — Бəсе, кешеден бері оң көзім қайта-қайта тартып еді-ау! Өзім де бір жақсылық болар деп жорыған-тұғым.

— Ал Қайсаржан, қалай, ол жақтағы ел-жұрт аман, қалың қазақ қаз-қалпында болар? Өзіңді келгеннен де, кеткеннен де, олай-былай өткеннен де үнемі сұрап тұрамыз.

— Аман, аман. Бəрі де жақсы-жайлы жүріп жатыр.

— Қой, мен шай қамдайын. Самаурын қайнағанша қымызбен алдана тұрыңдар. Қоңыр кенеп дастарқан жайылып, алдымызға зерлі тостаған толы қымыз келді. Сүр татитын сары қымызға (дəмдірек болу үшін местің ішіне бір білем-жарым қазы салады) құмарта бас қойдым.

— Шырағым, сыртыңнан кілеңде жақынсырап жүретін тілеуқор ағаңның бірімін, – деді қарт.

– Маған жақсының бəрі — туыс, жаманның бəрі — жат!

Нұркей ақсақал мен Бақтылы жеңгей мені осылайша көптен күткен кəделі қонағындай арқын-жарқын қарсы алды. Нұрекең екеуміз қатты сағынысып көріскен бауырлардан бетер шүйіркелестік те қалдық. Көптен сыралғы жандарша əп-сəтте-ақ əңгімеміз жарасып, аузымызға не түссе соны айтып, ойымызға не келсе соны сұрап мəре-сəреміз. Дəм бұйырып, мен тағы да ақсақалдың берекелі төрінде отырмын. Мауқымыз біршама басылғандай болды-ау деген шақта, қымыз жұтқан сəттегі аз-кем саябырды пайдаланып, от басына көңіл қойып, көз тоқтата бастадым. Бес қанат киіз үй: сары уық, қызыл кереге, көк сықырлауық, ақ маңдайша, қоңыр табалдырық, жасыл жақтаулар; шаңырақ қана көне екен. Қозы жүнінен шаршылап басқан ақ түндік, қой жүні қоңыр үзік, туырлықтың да киізі жаңа. Əсемтоқылғанақбасқұр, көкжелбау, қызылуықбау, керегелердіңөрнектітаңғышынашейінбар. Меніңназарымныңнегеауыпотырғанынаңғарғанжеңгей:

— Соңғы төрт-бес жылдың төңірегінде мал, əсіресе қой ұстауға біраз еркіншілік болған соң ғой (мал өсіргеннің не жазығы бар?), жүнге біршама жарып қалғанымыз. Бұрындары мұндай қайда?.. — деді.

— Қой жүні бір кездері қазақтың басты қазынасының бірі болды емес пе?..

Төрдегі көненің көзі – нəн қара кебеженің үстіне жиналған жүк жабыққа тіреледі, бергі бетін етек жағы кестелі ақ матамен жауып қойыпты. Оған жалғаса аумақты сүрік сандық орын тепкен. Екінші қапталында – бір өре киіз, онан кейін жүнге толы қанар қап тұр. Бұған жалғаса кереге басындағы сыртын оқалап тастаған аяққап пен кесеқап көзіме шалынды. Төрге қызыл барқыттан қошқар мүйіздеп салған ақ текемет төселіпті. Бергі бетін əдемілеп оюлап, бас жағы мен аяқ жағын ердің қасындай етіп көтерген екікісілік ағаш кереует сандыққа тақау тұр; оның үстіндегі қалың кұс төсек, ерлі-зайыптылар жастанатын сопақ келген мамық көпшік көк ала шəйі көрпемен жартылай жабылыпты. Шыптасы ашық тұрған қазан-аяқ тұста қара мес, сопайған ағаш күбі, үлкен елек, өрнекті иінағаш, шұрқ-тесік кепсер, зерен табақ, баулы қырғыш, киіз тұтқыш деген сияқтылар орын алған. Есік жақта Нұрекеңнің қонышты қара галошы мен бəйбішесінің шап-шағын көк сауыр кебісі қатар жатыр. Бақтылы жеңгей қазан көтеріп келгенге ұқсайды. Нұрекең əлі тың екен. Баяғы сол таразы қалпы; етейе де, шөге де қоймапты. Қарсы алдымда маңдайы жырта қарыс, қыран қабақ, күміс самай, сəл бұйрасы бар аппақ сақалы кеудесін тегіс жауып, белуарына түскен, кейбір талы бидай масағының мұртына ұқсап едірейген, қалың қасы бурыл тартқан ақсақал отыр. Дауысы да сол баяғы əсем бір күмбірлеген қоңыржай қалпында. Тек бет əлпеті мен екі қолы бұрынғыдан гөрі күреңіте, қара қошқылдана түскен. «Мұнысы қысы-жазы далада, күн көзінде, жел өтінде, аяз бетінде көп жүргендіктен болар» деп шамаладым. Берік мойнын ғана мен көрмеген, қаңылтырға салған ою сияқты, айқыш-ұйқыш əжімдер молынан торлай бастапты. Қарттың үстіңгі жəне астыңғы күрек тістері түгелдей темірден салынған. Онысы кескін-келбетіне біртүрлі үйлеспей тұрған сықылды. Ал Бақтылы жеңгей болса шүйкедей боп шөгіп, көрер көзге аласарып қалыпты. Нұрын төгіп тұратын бидай өңді беті де біртүрлі суалып, мандайын, көзінің айналасын, мұрнының үстін, жақ, құлақ тұсына шейін терең əжімдер ерсілі-қарсылы айғыздап тастаған. Ерекше бір мейірімге толы жұп-жұмсақ дауысының өзі жарықшақтана бастаған ба, қалай… «Əлде, ауырыптұрдымаекен?» деген ой келді маған. Осынымды айтқызбай аңғарған жеңгей:

— Ағаң əлі, көріп отырсың, бақуатты ғой, өз күші өзінде. Мен болмасам… Соңғы екі-үш жылдың төңірегінде ыңқыл-сыңқылым көбейіп, аурушаң боп алдым. Бəлнитсаға да бірер жатып шықтым. Қайта солардың, дөктірлердің арқасында біршама мал болған тəріздімін. Ауруынан айыққан адам қайта туғанмен бірдей болады екен: «Дені сау қойшы ауру ханнан жүз есе бақытты» деп бұрынғылар біліп айтқан.

— Жеңгең қартайды ғой… – Бəйбішесінің сары уайымдау сөзін бөлгісі келіп, отағасы миығынан жымиып қойды…

— Ол да бар шығар… – Бақтылы жеңгей ауыр күрсінді.

—Əшейінайтам, мынақайныңдыкүлдірейіндеп. Сенменбақандайонжаскішісің. Сағанкəрілік қайда!.. Бір кездері бұл жеңгең де хас сұлудың өзі еді, Қырым мен Үрімнің аузындағы сөзі еді… – деп отағасы енді зайыбының көңілін аулай сөйледі. — Жоғалып табылған мал – олжа, ауырып жазылған жан – олжа… Ақтөс бір жаққа шығынып кеткен-ау, шамасы. Əйтпесе, «ит–қораныңқұлағы»деп, бөтенкісікелгендеүріпхабар беруші еді…

— Баздағы құрылысшы қайнымның қаншығына кетті-ау, дəу де болса…

— Жігітшілік жасап жүр екен ғой. Ə, соғылған!..

«Ау, мені неге əңгімелеріңе қоспайсыңдар?» дегендей көкірегі өз-өзінен сырылдап дəу мысық кірді, бақанмен тipeп ашып қойған киіз үйдің ергенек есігінің табалдырығынан көлеңкеше білдірмей аттап. Нұрекеңнің тізесіне, бүйірі қышығандай, асықпай бір сүйкеніп өтті де: «Сіз кім боласыз? — дегендей, менің қарсы алдыма келіп, шоқиып отырып алды. — Е-е, қонақ екенсің ғой. Ертеректе өзіңді көрген сияқтымын…» Көз қарасымен осындай бір сауалдардың нобайын танытып, үлкендігі қозыдай тарғыл мысық Бақтылы жеңгейдің жанына барды да, төрт аяғын ілгері-кейін созған ол еркінше көсіліп, қаннен-қаперсіз жайбарақат жатып алды. Бір кездері дастарқан қайыра жайылды. Қолға су құйылды. Артынша-ақ үстінде бір білем қазысы бар, үйме табақ ет тартылды.

— «Сақтағанын жесе, сағынғаны келеді» дейтін ырым бар бізде, қазақта. Сен төбе көрсетіп қалар деп жеңгеңнің арнайылап алып қойған сүрісі ғой бұл. Жылда өсітеді.

— Саған деген сыбағаны Ұлыстың ұлы күні ұнның арасына тығып тастаймын. Жыл айналғанша сол қалпы жата береді. Биыл өзіңе бұйырды.

— Ақ пейіліңізге мың да бір рақмет!

Дəм үстінде Бақтылы жеңгей:

— Өткеннен іште қалған бір өкінішім бар еді. Сəті келіп тұрғанда сонымды айтайыншы, — деп, жөнделіңкіреп отырды. — Жеңгелерінің қайныларына ат қоюы атам заманнан келе жатқан ата салты ғой. Қазіргі жеңгелері қайныларына ат қоя ма немесе түйеден түскендей етіп, атын атай бере ме, өздері білсін…

— Ау, қазіргі әйелдер өңменінен итергендей етіп, күйеулерін де бақырайтып қойып өз аттарымен атамай ма? – деп Нұрекең пікір қосты.

— Жарығым, жетімдікті кеп көрдің. Бірақ енді бəрі ұмыт. Қазір төредей жігіт болыпсың. Өзіңе «төрем» деп ат қойсам қалай көресің? Əбессінбейсің бе?

— Неге əбес көрсін – деп, қысылыңқырап отырған мен үшін Нұрекең жауап берді. — Қайны қыларлық аузында бір тісі бар кемпір табылмай сорлап жүргенімізде…

Бұған үшеуміз де мəз күліп алдық.

— Қазаққа тəн нəрсенің бəрі маған жат емес, жеңеше…

— Ой, өркенің өссін! Кəрі жеңгеңнің көңілін аулай білген сендей қайныдан айналмассың ба!

Сонымен, Бақтылы жеңгейдің «төрем» деп ат қоюы арқасында, мен аяқ астынан «төредей» жігіт боп шыға келдім… Шай ішіліп, тамақ желініп, оның артынан тағы да қымыз келіп дегендей, осылардың бəрін адақтағанша түс те ауып үлгірді. 1932 жылы халық басына түскен аса ауыр нəубет – жаппай ашаршылықтың салдарынан қаршадайымнан жетім қалып, панасыз балалар үйінде өскен мен ел сағынып, жер көксеп туған өлкеме арнайы ат басын бұрғанмын. Бір жағынан, осы Нұркей ақсақалдың 1916 жылғы оқиғалардан кейінгі тағдыры, басынан кешкендері, өткені мен кеткені, қазіргісі қатты ойландырып-толғандырып болған-ды. Бұл жолы сəлем беру үшін қарияны арнайылап өзім іздеп келдім жəне оңаша отырып əңгіме-дүкен құруымызға бөтен көз бөгет болмасын деп, тоқтаған жерімнен сытылып жалғыз шықтым.

— Ал, айналайын Қайсаржан, «ағаның үйі — ақ жайлау» деген, осында бол, тынық.

Сөздің ретінде өткендегі сұхбат-сырласуымызды əрі қарай созып, жалғастырсақ қайтеді дегендей ыңғай білдіріп едім, менің емеуірінімді бірден түсінген ақсақал:

— Олай болса, бақша басына барайық. «Бүркіт қартайса – тышқаншыл» деп, мен де сол үлкейгендікі білем, бақшашыл болып алдым…

Мұның əзіл ретінде айтылғанын түсінгенімді аңғартып бір жымиып қойдым.

— Түс қайта осында балалар келеді. Олар бізді алаң қылады. Бақша басы оңаша, екеумізден басқа ешкім бола қоймас. «Қарбыз-қауын – бір ай сауын» деп, біздің ол «сауынымызды» да көр, дəмін тат.

— Болсын.

Нұрекең дем арасында жиналып та үлгерді. Мен екібастан дайынмын ғой.

Ауылды артқа тастап, иек астындағы биікше келген жұмыр дөңге көтерілдік. Сол сəтте мінер жағымыздан шетсіз-шексіз жазық даланың өр кеудесі, осы өлкенің құзар биігі, бітімі желмаяның өркешіндей оқшау тау — еңселі Сұңқарқиям, бойына жан теңгермей маңқиған күйі, бұлдырай мұнартып, мен мұндалап қияннан көзге шалынды. Бала кезімнен көкіректе хатталып, жүректе жатталған баяғы сол заңғар да маңғаз қалпы; өзіне жалғаса жатқан аласалау екінші тау — піл сауырлы «Қосбүйрегі» əрқашан қасында. Атақонысымның — туған өлкемнің — ұшар басына қыран қонақтаған қастерлі де киелі биігі, нық тұғыры, берік бекінісі, арқасүйер айбаты, мақтаныш етер асқары Сұңарқияма, қатты сағынғандікі болар, көзім талғанша қарай беріппін. Сонда оны, сандал тауымды, ұшы-қиыры жоқ, кедір-бұдырсыз кең далада шынтағын таянып дамыл алмақ боп бір жамбастап жатқан ертегі-аңыздардағы елін-жерін күзеткен айтулы алып хас батырға теңегім келіп кетті. Аспан ашық болса, Сұңқарқиям осылайша күндік жерден көрініп, тіршіліктің мəңгілікке жығылмас айбынды туындай боп көзге қуаныш, көңілге медет, бойға жігер береді. Біраздасын барып алдымда кең көсіліп жатқан көлемді егістікті көрдім… Суы мол терең өзегі бар құйқалы алқаптағы жайқалған мол егін ел ризығы өзінің бітіктігімен көз қуантады.

— Біз білетін байлық атаулы жерден өнеді. Емшектегі бала үшін ана қандай болса, адам үшін жер де сондай, — деді Нұрекең алдымыздағы егінжайды иегімен нұсқап. — Бұл бір қыдыр дарып, құт қонған өңір, қойын-қонышы толған ырыс. Мұндай құнарлы жер, сулы алқаптың сəні – егін, бау-бақша. Суармалы егін — қысыр қалуды білмейтін сиыр сияқты, сарқылмайтын береке. Бұрынғылар «тозған елді тоған жияды» немесе «кеткен тамыр келсін десең, кетпен ал да, егін сал» деп неге айтты дейсің? Дəн шашпасаң, маңыңа торғай да жоламайды. Осы тірлігім ішінде менің бір анық аңғарғаным: жер шұқығандардың мерейі қашанда үстем; қара жерді емгеннің қарны ашпайды, жұтқа ұшырамайды. Береке, тоқтық — астықта. Астың атасы — нан, анасы — ағарған.

— Айтары бар ма!

Биыл шығым ерекше екен. Кісінің белуарынан келетін, ақ бидайдың сап-сары, дəнге толы тоқ масағы — кереқарыс; салмақты бастарын біркелкі төмен иіп, əсем салбырайды. Бітік шыққан арпа, сұлы дегенің кісі бойындай, оларды орып, тауысуға айналған.

— «Көктемде ұйықтамаған қыста қысылмайды» дегеніміз — осы. Жазғытұрым диқанның қойнына құрт кірсе, күзде қамбасына құт кіреді, — Нұрекең бидайдың бір масағын үзіп алып алақанына салып үкті де, қауызын үрлеп ұшырып, түйір дəнді тісіне басты. — Пісіп қалыпты. Алдағы аптаның ішінде бұған да орақ салатын болар. Соншама тер төгіп жыртылған жерге зор бейнетпен себілген дəннің бітік егін боп шыққанына не жетсін! О, диқан баба, бергеніңе шүкір!

Ақсақалдың кетпенді көп шауып, күрек сабын күнде ұстап көк мүйізденіп қалған жалпақ алақанындағы адамның еңбегін əлденеше еселеп қайтарған ақ бидайдың баданадай-баданадай дəніне сүйсініп қарай бердім.

— Ащы терден — тəтті нан. Кезінде біреулер мұндай жерге бидай жөнді шықпайды деп байбалам салып еді. Тəуекелсіз ер де көгермейді, жер де көгермейді…

Тары еккен танапқа да таянып келдік. Жетілген тарының иісі анадайдан аңқып қоя берді. Бітік тары сары балақтанып, пісіп қалған. «Таразы туғанда тары піседі» деген бар. Бидайдың əр түбінде бір ғана масақтан болса, тарыда тіпті басқаша: əрқайсысынан ең кемі — екеуден, ал кебісінде — үшеуден, кейбіреуінде тіпті төртеуден жарыса біткен дəнге толы сап-сары масақтарды жұп-жуан сабағы əзер көтеріп тұр: кəдімгідей ауырсынатын сияқты. — Мынаның бір дестесінен бір қап тары түсері анық! Айтса, айтқандай-ақ екен!

— Осы тары қазақтың жүздеген тайпасын «ақсүйек» жұт, жаппай ашаршылық жылдары тура келген ажалдан талай аман алып калды. Қуаңшылыққа төзімділігі жағынан бұған тең келетін дақыл жоқ. Құрғақшылық болғанның өзінде мұның əр гектарынан тоқсан пұт өнімді еркін алып жүрдік. Ал бітік шыққан жылдары үш жүзге дейін барады. Суарма егістен төрт жүз пұттан кем түскенін көрген жоқпын. Иə, аты əлемге əйгілі қарапайым қарт диқан Шығанақ Берсиев соғыс қақап тұрған 1945 жылы əр тарының əр гектарынан 1260 пұттан өнім алып, дүниежүзілік асқан рекорд жасады. Жұмыр жердің бетінде бұған дейін де, онан кейін де ешкім бұл дақылдан осыншама мол өнім жинап көрген емес. Халық даналығын, диқан тəжірибесін бойына мейлінше мол жинаған Шығанақ ақсақалдың əр түйірін қолмен теріп, өзі сұрыптап шығарған атақты ақ тарысын кім білмейді (бірақ қазір соның ұшығы мен ұсағы да жоқ…)!?

Жолға жақын тұрған масақтан Нұрекең бір шымшымын үзіп алды. Оны да үгіп, алақанына салды. Маржандай жылт-жылт еткен ақ тары нұр жайнайды.

— Тары — қазаққа ежелден қол дақыл. Аса көп күтімді де керек қылмайды. Егетін жерге жылда азын-аулақ көң шашылып, арамшөбін уақтылы отап, үш-төрт рет суын қандырсаң болды — өнімі шаш етектен, иен астықтың астында қаласың. Қызыл тары шөлге де шыға береді. Жазда жаңбыр бірер жауып өтсе болғаны. Мұның қуатын айтсайшы: «Арық малдың етінен бір тостаған сөк артық» деп неге айтты дейсің аталарымыз?

Шынында да, бала кезімізде, наурыз сияқты ұлыстың ұлы күні немесе аса бір қадірлі қонақ келгенде болмаса, нанды көре бермейтінбіз. Бар білетініміз ақтаған тары – піскен сөк болатын: көже де содан, ботқа да содан, бөкпен де содан, ашыған да содан, талқан да содан, арасына ет салып тапаға пісірген нан да содан. Ұн таусылған кезде, қол басындай қалта толы тарыны еттің сорпасына салса, іңкəл оруына да жарай беретін. Құрғақ сөктің өзін аузыңа толтыра құйып, балғадай тістеріңмен пашыр-пұшыр шайнағаныңда, жарықтықтың сүт татитынын қайтерсің!

— «Себуін əркім себер, жинауын ердің ері жинар» деген де бар. Енді осыншама ырзықты, диқанның молынан төгілген маңдай терінің түсімін, аңызда — масақ, сабанда дəн қалдырмай уақтылы жинап-теріп алғанды айт!

Əріректегі үстін алабұта басып кеткен бір танапқа көзім түсіп еді, Нұрекең:

— Бақпасаң, мал қысырайды, екпесең, жер қысырайды, — деп ренжи сөйледі. — Суғаратын мотор жетпейдіні сылтау етіп, сол араны бірнеше жыл қатарынан бос тастап еді, енді, міне, нендей күйге ұшырағанын көзің көріп тұр ғой… Жайлау жайын шопаннан сұра, егістік жайын диқаннан сұра. Құр тастамайық, шығырмен болса да суғарып, дəн шашайық десем, жаңадан келген бастықтың білгішсініп көнбей-ақ қойғаны (бастық біткеннің іштен біліп тудым деп төс қағатыны жаман-ақ!)… Ертеде осы араның жатағы атпамен атса да, жарамды жерді бос тастамайтын. Ашық күннің тып-тыныштығы сондай, бидайдың масағы немесе тарының басы қозғалып, бір де біреуі селт етпейді.

— Егін-терін дегеніміз осы, шырағым. Қазір диқанның нағыз қарманар шағы.

Тары танабының шет пұшпағын бір жүк машинасының таптап кеткенін көргенде:

— Ай, əттеген-ай! Қай оспадарсыз екен мұны істеп жүрген?! Маңдайында көз болғанмен, көкірегі көрсоқыр біреу-дағы… Əлдебіроңбағанпияншікпеекен?

Нұрекең қатты кейістік білдірді.

— Жерден өнгеннің бəрі төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алынса ғана — еңбектің қайтқаны. Ал берекесіздікпен рəсуа болғаны – кешірілмес күнə, кепиеті жаман, обалы бар! — деп, қария маған қарап өзінің қазіргі жағдайын түсіндіре бастады.

Тарының қыр жақ бетін жаткамен орып жүргендерге қатарласа бергенде, Нұрекең:

— Орақ түсімді болсын! – деді көтеріңкі дауыспен.

— Айтқаныңыз келсін!

Астықтан үйілген ақ, қызыл қырқалар – ақтарылған мол ризық алыстан көзге шалынды: кəдімгі дəн-дария! Аяңдап отырып қырманға жеттік. Еңбек көрігі қыза түскен. Тарыны қызылдап жатыр екен. Тау-тау боп үйілген қыруар астық майқанға əзер сыйып тұр. Мая жон ақ тарысы бір бөлек, жал-жал қызыл тарысы бір бөлек – соншама қыруар өнім көрген кісінің көңілін өсіреді.

— Қырман қызылға толсын!

— Айтсын, аға!

— Диқанның жаздағы мехнаты өтелді деген — осы, — деді ақсақал, ұшығы аралас бір уыс ақ тарыны саусағы арасынан себелеп тұрып. Былайырақта тарының сабаны бір бөлек, қоқымы бір бөлек төбе-төбе боп үйіліп қалыпты. — Қайсыларың ана егіннің шетін шошқадан жаман қопарып кеткен?

— Нұреке, ол оспадарсыздың жазасын бердік…

Қарияның көңілін басқа нəрсеге аударып, қайтадан көтеріле бастаған ашуын басқысы келді білем, ақсақалға нағашы жағынан жақын жас ортасындағы шалғы мұртты сары кісі:

— Биыл көктемде уəкілге не дегеніңді алыстан келген ініңе айтқан боларсың? – деп ақсия күлді.

– Əй, сендебірқайдағынықозғап…

Солардан білдім: ауданнан келген, егіншіліктен бейхабар бір өкіл: «Ананы əйту керек», «мынаны бүйту керек», «Олай етпеңдер», «былай болсын» деп жер жыртып, тұқым сеуіп жатқан жұртқа маза бермепті (диқаншылық дырдуды көтермейді). Соған əбден ызасы келген қарт:

— Шырағым, жыртылған жерге сөз керек емес, дəн керек. Сол жағын қамда, – дейді жер кеуіп кетеді деп, себілетін тұқымның түбі көрінгенін айтып.

Осы сөз дем арасында көпке жайылып, артынша-ақ нақылға айналып кетеді.

— Аузымен орақ орып, қолымен шыбын қаға алмайтындардан жек көрерім жоқ!

Қырман басындағы бригадирден астықтан түсетін табыс көзін анықтадым. Былтыр шаруашылық тарының əр гектарынан 22 центнерден өнім алғанын, биыл онан да жоғары болатынын айтты. Бір қызығы: өткен жылы совхозға бидайдың əр гектары 75 сомнан кіріс əкелсе, тарының əр гектары 236 сомнан пайда келтіріпті. Мұндай арасалмақ жылда осылайша болатын көрінеді. Қайран, қазақтың тарысы-ай! Осыншама бітік шыққан егінге, мол өнімге қуана тұрып, бригадирден анықтап сұрағанымда, ақ тары мен қызыл тарыны да мал азығына пайдаланатынын оның өз аузынан естігенімде, мен біртүрлі боп кеттім. «Алда, обал-ай!..» – деппін ішімнен. Қайран, молшылық! Біздің бала кезімізде тарының өзін айтпағанда, талқанына шейін таптырмайтын тамақ еді-ау!.. Маужыраған иен дала егісті алқап жасампаз еңбек əуенімен құлпыра түскен. Аңыздың үстін адымдай баса отырып, Нұрекеңнің бақшасына да келдік. Он екі қанат ақ орданың шаңырағындай қауқиған нəн шығыр анадайдан көзге шалынды. Беріректегі қамыс күрке – шошаланы содан кейін барып көрдім. Мұнда да жиын-терімнің нағыз қызған кезі көрінеді: қауын-қарбыз сықай тиелген бір шарбақты өгіз кетіп бара жатса, екіншісі толтырыла бастаған. Бақшаға келген кісінің назарын, ең алдымен, қауындық, пен қарбыздықтағы көгендегі марқа қозылар сияқты теңкиіп-теңкиіп жатқан соншама көп сары ала, көк ала, торы ала, бірыңғай сары қауыны; көк ала, қара ала, шымқай көк, шымқай қара қарбызы; тоғын басқалы төрт аяғын бүккен ісек қойдай теңкиген қазандай-қазандай асқабағы; аумаған көнектей, кейбірі шелектей қыл мойын сары сырайлысы – бəр-бəрі өзіне тартады; адам еңбегінің осыншама мол ризығына қуана көз тоқтатасың.

— Бұрын біздер көп нəрсеге көңіл қоймай келіппіз ғой. Бір ғана жуаның өзі жүз түрлі ауруға ем-дауа екенін жиен қызым кітаптан оқып бергенде, мен аң-таң болдым… Сарымсақ өсіп тұрған киіз үйдің аумағындай ғана мөлдекті көргенде мен қайран қалдым. — Бұл да сол жиен қызымның болмай ектіргені. Енді əдет боп кетті. Қазір ол көрші ауданда əгрөнөм боп істейді. Мұның тұмау-сымауға бірме-бір ем, таптырмайтын дәру көрінеді.

Жалғыз тұмау-сымау ғана ма екен: он бес ғасырдан астам уақыт бұрын байырғы Мысырда сарымсақтан жасалатын 22 түрлі дəрінің рецепті табылғанын қазір жұрттың бəрі біледі. Бұлармен бас, іш, тіс ауруларынан бастап, тіпті тамақтың ісігіне шейін емдейтін болған; шаршап-шалдыққанда əл шақыру үшін пайдаланған. Дүниеден өткеніне 3,5 мың жыл болған аты əлемге əйгілі перғауын Тутанхамонның мазарынан да сарымсақ табылған. Тіпті беріде, яғни XVIII ғасырда Лондон қаласында оба ауруы етек жайғанда, сондағы француз діни адамдары сарымсақты күнбе-күн жегенінің арқасында аман қалады да, сасық иісінен қашып, оған бармаған сондай қызметтегі ағылшындар обадан түгелдей қырылады. Қазірдің өзінде суық тию, тұмауды айтпағанда, сарымсақ жүрек дімкəсі, қан қысымының асқынуы сияқты ауруларға қарсы кеңінен қолданылады. Қытай мен Жапония елдерінде, жалпы шығыс медицинасында бұл күндері сарымсақтан жүздеген ауру-сырқауды емдейтін өте күшті дəрі-дəрмек жасайды. Жұп-жұмыр, адамның басындай қауданы жетіліп қалған капуста біраз жерді алып жатыр. Мұнда да ең əдепкіде жиен қызы болмай ектіріпті. Отақтың жиі жəне жақсы жүргізілгені көрініп тұр: бақша арам шөптен ада; атыз, жап сілем, құлақ — бəрі де тап-таза. Мерзімі өткенін білдіргендей, көп жерді алып жатқан қиярдың бəлектері сарғыш тартып, шуда жіпше ширатыла бастапты. Олардың арасында тұқымға қалдырған, кожыр-қожыр сырты қоп-қоңыр бүйендей-бүйендей дəу қиярлар ғана адау-қадау көзге шалынады. Қамыс шалыға ұқсатып бақшаны қоршай еккен бойшаң күнбағыс — күн гүлінің — қошқыл көк діні сырғауылдай жуандап, басындағы алтынмен апталған, кішігірім қазанның қақпағындай нəн «телпектері» «күннің көзі қайдасың?» деп саптағы солдаттарға ұқсап бəрі де батысқа қарай бет бұрған; біреу-жарым шашау шыққаны болсайшы. Биіктігі кісі бойы, қол созым сұңғақ та бітік жүгерінің сап-сары собығы қыздың білегіне ұқсап жұмырлана түскен; жалпақ та сала құлаш көкпеңбек жапырағының ұшы жерге тиіп тұр; кейбіреулерінікі аяқ астында сүйретіліп жатыр. Əріректегікөлеміəжептəуір қартоптың əр түбі келісті қопсытылған; əрқайсысының аумағы нəн қара шəугімді еске салады. Бұлардың басына біткен ақшыл гүлдері түгелдей бүр жарып үлгірген. Осылардың бəрін өз көзіммен көргеннен кейін, мынадай еңбекқор қамқоршы аталары бар совхоздың балабақшасындағы бөбектерге (соларға арнап салынған) кəдімгідей қызығып кеттім.

Жолшыбай ақсақал:

— Адам ас қылатын ризықтың бəрі: ақ бидай, ақ күріш, ақ, қызыл тары, ақ арпа, ақ сұлы, ақ собық жүгері, сары қауын, қызыл қарбыз, сап-сары асқабақ – бəрі де қара жерден өніп шығады. Жер — диқанның жаны, су — диқанның қаны. Құнарлы жер, мол су, еселі еңбек – осы үшеуі сəтімен табысқан тұста неге де болса молынан кенелеріміз хақ, — деп бір қойды. — Біз білетін байлық атаулының анасы жер болғанда, атасы — еңбек. Адамның бақыты — алақанының аясында, яғни еңбегінде. Тірлігіне адал еңбекті арқау еткен адам ашықпайды да, масықпайды да.

—Əринеғой.

— Осындайда тоқсан жеті жасаған жəне тоқсан бесінде атты өзі ерттеп мінген атам марқұмның кейбір нақыл сөздері еске түседі: «Құс — көлге, мал — өріске, адам — іске»: «көп білсең, жұртқа пайдаң да көп тиеді», «жақсының еңбегі —елінікі, жаманның тапқаны — өзінікі»; «еңбегіне қарай — ембегі», «жалқау жарыған емес»; «арамтамақ Аллаға да масыл»; «əрекетсіздіктен асқан азап жоқ»; «еңбексіз кұр рақаттың өзі кісіні жалықтырады, мезі қылады»; «күн — ғалам көркі, еңбек — адам көркі».

— Не деген ұлағатты сөздер!

— Қаршадаймыздан қара жұмысқа қақталып өстік. Бейнетке белшемізден батқанды ғана білдік. «Емініп тапқанның екі көзі шығады, еңбекпен тапқанның екі бүйірі шығады» деген рас сөз.

Нұрекең мені шошаласына ертіп келді. Сыртынан қораштау көрініп, екі бүктетіліп барып есігіне əзер бас сұққанымызбен, жерден кеулеп қазып, ішін əжептəуірі кеңейткен екен: төрт қанат қараша үйдің аумағына жетіп қаларлық. Бақша басындағы екі жиені түскі шайға жайған дастарқанды жинауды ұмытып кетсе керек, үсті шашылған сары сөк пен туралған ақ нанның қиқымына толы екенін көрген Нұрекең кəдімгідей қабақ шытты:

— Нанды босқа турама, рəсуа қылма, сөкті шашпа деп мен неше айттым сендерге?! Екеуі де адам еңбегінің жемісі екенін түсінетін жасқа жеткен баласыңдар.

Ақсақалдың бізге ере келген ақсары өңді үлкен жиені ұялғаннан қып-қызыл боп кетті де, дастарқандағыны дереу темір табаққа салып, бəрін жылдам-жылдам жинастыра бастады. Сол жиеніне қарап:

— Мына қадірлі қонағымызға бақшада не бар екенін көрсетпейміз бе? — деді қария дауысын жұмсарта сөйлеп.

Кішісі — домаланған қара бала — дастарқанды тысқа алып шығып қағып келді де, біздің алдымызға жайды. Үлкені қолына көне қап ұстап сыртқа шығып кетті.

— «Сауынсыздың жазы болмас, қауынсыздың күзі болмас» деп те айтады. Көктем көгімен, төлімен көрікті болса, күз дақыл-дəні, қауын-қарбызы, көкөнісі, жеміс-жидегімен шырайлы.

Көп кешікпей əлгі бала жігіт жаңағы қапты толтырып қауын, қарбыз əкелді.

— Қайсаржан, бақша басында менің қозым — қауын, лағым — қарбыз…

Көк түйнек дейсің бе, əңгелек дейсің бе – бұлар да өзінше бір жеңсік ас, тəтті тағам ғой. Нұрекең қаптағыларды бірінен соң бірін шығарып, өзі еккен қауын, қарбыз түрлерінің бəрінен бар ма дегендей, əуелі əкелгендерді түгендеп шықты. Сосын көпті көрген қара пышағымен үлкендігі кішігірім самаурындай сап-сары торламаны баппен тіле бастады. Қауын иісі күркені бірден алып кетті, түйсікті қытықтайды. Жалпақ тіліктерге қабығынан беріректен қарт тағы да пышақ жүгіртті де, оны айқұшұйқыш кертіп, менің алдыма қойды. Уылжып піскен торламаның тəттілігі ерекше екен: салғаннан тілді үйіріп ала жөнелді. Нұрекең еңбек туралы көкірегіне түйгендерін əрі қарай жалғай түсті:

— Қай еңбектің болмасын жұлдызы жанғаны лəзім. Уақытын адал еңбекпен өткізген адамның аспандағы жұлдызы қолында. Мен бастық болсам, қол астымдағыларды алдымен келіп елпек қағып иіліп тұрғанына, көлгірсіген көпірме сөзіне, астыма қос-қостан көпшік қойғанына бола емес, тындырған нақты ісіне қарап бағалар едім. Еңбекке қыры жоқ адам жағымпаз келеді. Ондайлардың азғын-алаяққа айналуы оп-оңай…

Нұрекеңнің манадан бергі ғибратқа толы сөзін, мені көз қылып, екі жиеніне арнап айтып отырғанын анық аңғара бастадым. Екеуінің де нағашы атасының айтқандарын ықылас қойып тыңдай түскенін байқағанда, менің де ішім жылып сала берді.

— Өзекті жан үшін тіршілік рақаты — еңбек терінің молынан тамшылағаны. Иесі ерінбесе, екі қолдың бітірмейтін шаруасы, тындырмайтын ісі жоқ.

– Дұрыс-ақ!

– Сайып келгенде, еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін де табады. Өлмей пенденің жұмысы біте ме? Тіршілік деген сол: таң атса, қамқарекетін жүктеп күн келеді. Бір кісінің несібесін бір шұқыр қырық жыл сақтайды. Бірақ оны талап қылып іздемеген адам таппайды.

— Иə, еңбексіз талап та — тұл, талант та — тұл.

— Есесі қайтпас еңбек жоқ. Адам боп жаралған екенсің: сенің қолың іске икемді келіп, ақылың жақсы тұрмысқа бастай білуге тиіс. Қалап алған кəсібің көптің қажетіне жарап, отыңның басына күнделікті нəпақа, молшылық əкеліп қана қоймайды, сонымен бірге көңіліңді көншітіп, жанынды жадыратады; бекерге жер басып жүрмегеніңді айқын аңлатады.

Нұрекең əрқайсысының дəмін татып көрсін деген болса керек, іші сөкке толы тұлыптай боп теңкиіп жатқан ұп-ұзын, соп-сопақ күлəбіні де баппен тіле бастады. Жаңағыдай етіп мұның да жап-жалпақ бір тілігін алдыма қойды. Бұл қауынның да бал татыған тəттілігі таңдай қақтырғандай екен.

— Адал істің пірі бар. Іс үстіндегі адамға ауру жуый бермейді. Неден де болса еңбекпен емдел. Тоғыз күн тірлігің болса, он күн тырбан.

Нұрекең енді төңкерген тостағандай сап-сары жəмбілшені қолына алды:

— Дəмін татып көр, — деп ақсақал оның да бір тілігін жаңағыдай етіп менің алдыма қойды. Мен жеген əрбір қауынның дəмі де, татуы да бөлек-бөлек, шетінен бал татиды. Осы сəтте менің бала кезімдегі бір елес көз алдымда тұрды. Сол бір жоқ-жұтаңдау кезде жұрт жабыла егін егетін, жаппай бақша салатын. Жаз ортасынан ауа, əсіресе күзді күндері Ырғыздың базары қауын, қарбызға сыймай кететін; қаптап емес, арбалап, арба болғанда бір өзіне қазіргі бірі жүк машинасына тиеген түгел сыйып кетерлік ұзын шабақты ридуан арбаны аузы-мұрнынан шығара толтырған қауын, қарбызды парлап жеккен екі атан өгіз ыңыранып əрең тартып жеткізетін. Сонда базарға келген жігіттер, ересек адамдар «шорник» деп аталатын ойын ойнайтын. Оны мəнісі мынау: сатып отырған түрлі-түрлі көп қауынның ішінен біреуін таңдап алып (көбінесе түбінен иіскеп біледі): «Мұнда осыдан тəтті қауын жоқ» дейді. Екінші жігіт те көп қауыннын ішінен өзінше онан да тəтті дегенін іздеп табады да: «Мынау сенің қолыңдағыдан да тəтті» деп бəстеседі. Екі қауынның да құйрық жағынан шақпақ салып, шынашақтай етіп қана бір-бір тіліп алып, базарда ескі-құсқы сатып отыратын Өксікбай дейтін соқыр шалға апарып екеуінің де дəмін татқызады. Шал əлгі екі қауынның қайсысы тəтті десе, соны таңдаған кісі жеңген болады да, екі қауынды да тегін алып кетеді. Ұтылған адам екі қауынның бірдей ақшасын төлейді…

…Екі жиені ауылдарына қайтқысы келіп қипақтап тұрғанын байқаған Нұрекең:

— Сендер жүре беріңдер. Қайсаржан екеуміз кешірек қайтамыз, — деді балаларға.

— Жақсы, ата…

Кішісі:

— Бүгін кино… – дей беріп еді, ересектеуі оны «аузыңды жап» дегендей, аш бүйірінен нұқып қалды. Бала сөзінің аяғын жұтып қойды. Атасы бəрібір жиенінің емеурінін айтпай-ақ түсінді де, екеуіне де төс қалтасынан шығарып бір-бір сомнан қағаз ақша ұстатты. Балалар дастарқанды ыждағат жинады да, ұрық-қабықтарды шошала алдындағы қақпағы бар шұқырға апарып тастады. Қауын мен қарбыздың желінбегендерін көрсетіп, «мыналарды не істейміз» дегендей, аталарына қарап еді:

— Үйлеріңе алып барыңдар, – деді Нұрекең.

Жиендері бізбен қош айтысып, ауылдарына қайтып кетті.

— Қауынды айтпағанда, қарбыздың өзін қанша көп жегенмен соңынан шөліркейсің, – деп ақсақал қара шәйнекті суға толтырды да, сыртқа шығып шай қойып келді.

— Нұреке, бұрынғыдай кеусен сұрап келушілер бар ма қазір?

—Əй, жоқдеседеболады. Өткенсоғыстакүйеулерінемесебалаларыныңбəрі бірдей опат болған ағайын-туыс, көрші-қолаң, кемпір-шалдарға «өлі сыбаға» ретінде қара азықтан əлі де қарасамыз. Қазір олар да жыл санап азайып келеді… Майданда қазаға ұшыраған азаматтардың артында қалған бірлі-жарым қара домалақтары бұл күндері, шүкір, адам болып, халық қатарына қосылды.

— «Орында бар оңалар» деген ғой.

— Иə, десейші…

Өткендегі қанды қырғыннан отбасына қайтып оралмаған екі бірдей ұлының — бауыр еті баласының — қос өренінің өксігі күні бүгінге шейін өзегін өртеген қария біразға дейін үн-түнсіз, томаға-тұйық күйде сазарып отырып қалды. Əлденуақыттабарыпөзінқолғаалыпдүрсілкінгендейболдыда, қайтадансөйледі:

— Адал еңбек, маңдай терімнің арқасында мен осы өмірімде біреуден сұрап ас ішкен, біреуден сұрап киім киген, не біреуден сұрап ат мінген жан емеспін. Бұған да шүкіршілік. — Иə, еңбегін сауғанға не жетсін. Жайқала өсіп тұрған бітік те бойшаң ақ бидайды, шығымдылығымен көңілді өсірген мол тарыны, диқанның еңбегін əлденеше еселеп қайтарған байламды бақша өнімдерін аралап көріп, жас баладан бетер қуанышқа кенеліп отырмын. Егін орып, астық басып жатқан еңбек адамдарының ыждағат қимылы, жарқын жүздері көз алдымда тұр; жерін, елін көгертіп жатқан олардың бəрі де — мейлі жақын болсын, мейлі алыс болсын — маған сағынысып ұшырасқан өз бауырларымдай боп көрінеді.

— Манадан бері мақалдап соғып тым ділмəрсіп кетті деп ағаңды сөге-жамандама. «Мақал — сөздің мəйегі» деген ғой бұрынғылар. Бəрінен бұрын, мақалдап-мəтелдеп құлағына құймасаң, жаңағылар əлі жай сөздің байыбына бара бермейді. Адал дəн егумен, суғарумен, күтіммен шығады; адам бойындағы жақсылық атаулы да осы іспеттес. «Қара жердің нəрін ал, қара халықтан тəлім ал» деп отырушы еді атам марқұм.

— Үлкендердің айтқанын, ақылын бүгінгі жастар төгіп-шашпай көңіл кұтысына құйып ала білсе ғой!..

— Иə, десейші…

Шай үстінде Нұрекеңе мана отының басында айтқан қолқамды тағы да қайталадым.

— Иə, иə… Сонда қай жерге келіп тоқтап едік?

— Сіздің амнистиямен түрмеден босанғаныңыз, елге қайтып, ауыл қарасын көргеніңіз… Ақсақал қолындағы қызыл ала бəлекей кесесін дастарқан үстіне қойып, қалың ойға кетті. Сақалын екі қолымен кезек тарақтай береді. Естеліктің құдірет күшімен көп нəрсе қайта жаңғырығып кеудесінде күмбірлеп, санасында оянып, көз алдына келе бастаған болса керек, қария жанарын бір ноқатқа қадаған күйі, недəуірге шейін үн-түнсіз отырып алды. Өзім болсам, ішінде еріген қанты бар қара шайды асықпай анда-санда бір ұрттап қойып, көзім астынан Нұрекеңді бағудамын.

— Ойбо-ой, шырағым, одан бері нелер бастан өтпеді, нелерге душар болмадық; талайыма басылған тағдыр талқысының неше түрлі тегеурініне төтеп беруге тура келмеді дейсің… Мұның бəрін түгел айтып беруге қанша уақыт керек. Мүмкін емес те шығар…

— Нұреке, есте қалған елеулілерін, осы күнге шейін ойға алғанда өзіңізді қатты толғантып, айрықша тебірентетіндерін біршама теріп шықсаңыз…

Ақсақал қатты тоңып, қалтырай жаурап кеткен адамша, екі қолын дамылсыз уқалаумен отыр.

— Сол тұстағы кезең келбетін, дəуір дүбірін, заман ағымын бажайлап, бағамдап жатуға менің шамам келе қояр ма екен? Өз басымның тыныс-тірлігіне қатысты кейбір есте тұтқандар болмаса…

— Соның өзі жетіп жатыр. Өткенде: «Ендігі бір келгеніңде жата-жастана асықпай əңгіме-дүкен құрармыз; талай хикая-шежіре айтылар, талай сыр-хикмет шертілер; талай мұң-шер ақтарылар, талай қайғы-қасірет еске алынар… Аман-сау қауышуға жазса, бəрін алда тағы да жалғастырармыз» деген соң, шынымды айтайын, бір есептен елге арнайы Сіз үшін келдім.

— Иə, иə… «Мыңмен кеңес, бірмен сырлас» деген де бар ғой… Бірақ неден бастасам екен? Мен сияқты қарапайым жанның басынан кешкендері кебегі мен талқаны аралас тарыға ұқсай ма, қалай? Саған кебек пен талқанның керегі не? Таза сөгі қажет қой. Соны мен жөндеп айыра алсам жарар еді…

— Он алтыншы жылғы оқиғаларға байланысты шерткен ұзақ-сонар хикаяңызға қарап сізде ондай мүмкіндіктің мол екеніне көзім анық жетті…

— Ендеше, еркін отырып осындай оңашада бір шешілейікші, — деп Нұрекең дүр сілкінді. — Түу сонау астанадан, мен сықылды өлмелі шалға бола əдейілеп келген екенсің, ағымнан жарыла ақтарылып бір берейін саған… Кімнің көкейінде ғұмыр бойы сарымайдай сақтап жүргені жоқ дейсің. Бірақ өзіңдей əңгімеге əуес, сөз түсінетін, сыр қылып айтқанынды ықылас қойып тыңдай білетін адамды кездестіру де қиын боп барады. Бұл күндері жастар түгіл, соғылған кəрілердің көбісінің ауыздары арақтан босамайтын боп кетті. Кейбіреулері дүмшелік жасап, дүниеқоңыздық жолға түсіп алды. Қалғандары күйкі тірлік күйбеңінен басқаны білгілері де, естігілері де келмейді.

— Енді қайтерсің?!

— Сені күткенім қашан! Барша сырың мен жырыңды еркінсіп айтатын сенімді кісің болғанға не жетсін!

Мен қуанып кеттім: «Жолым болады екен», – деп іштей күбірлеп те алдым.

— Кейде бір кісінің кеудесін бітеу жараға ұқсап бебеу қақтырып, күңгірт бірдеңелер қысатын, кернейтін кездер болады. Сонда: «Мұңымды кімге айтып, ішімді босатып алсам екен?» деген сауал көкіректі тынымсыз ұрғылайды. Сен менің басымдағы осындай сəтке тап келдің…

— Айтылмаған сыр — ашылмаған кен, алынбаған алтын…

— Солай да шығар… Маңдайға түскен əр сызық əжімнің, шашқа кірген əр тал ақтың кім көрінгенге айтыла бермейтін, сыртқа шықпайтын өз сыр-сықпаты болады шырағым… —— Əрине ғой.

— Ол кезде мен жаспын, он сегізге енді қараған-тұғым. Сол бір əлдеқашан артта қалған, келмеске кеткен жастық, жігіттік шағымды шамам жеткенше жаңғыртып, көз алдыма келтіріп көрейін. Ешкімге жария қылмай, өзіммен бірге о дүниеге ала кетуім жарамас… Нұрекең неден бастарын ойланып қалды білем, тағы да үнсіз отырыңқырап барып, сөзін жалғады:

— Содан, қойшы, екі-үш ай ата-ана, туған-туысқан, жақын-жекжат, жора-жолдас, дос-жарандардың ыстық ықыласына бөлініп, əр күнім кілің ғана құрмет, қуанышпен өтіп жатты. Мұның бір жақсы жағы — ат тұяғы жететін жердегілердің бəріне барып, бəрімен қайтадан танысып, қайтадан табысқандай болдым. Солардың ішінде кешегі сарбаздарды да кездестірдім. Əмністияданқайтқандарменбауырымнанартықшұрқырасыпкөрістім. Бірқызығы, қаделеп шақырып, сыйлы қонақ етіп отырған туған-туысқандардан гөрі солармен кездескеніме сондай қуанып, əңгімем де көбіне солармен болды. Талай нəрселер ортаға салынды. Айтысып та қалып жаттық. Бірақ бір əбүйірі, тартысқа барған жоқпыз. Бəріміздің кайтадан табысуымыз, сайып келгенде, сарбаздар серіктігін құрумен аяқталды. Біз ең алдымен шайқастарда қаза тапқан сарбаздарды түгендедік. Олардың артында қалған кемпір-шал, бала-шағаларының жағдайын біліп, қол ұшын беру, жетімсіретпей ортамыздан бағып-қағу жолдарын, амалын қарастырдық. «Өлі сыбаға» беретін үйлерді бас-басына белгіледік. Шапқыншылық-үркіншілік кезінде біреудің біреуде кеткен мал-мүлкін қайыру, ауыс-түйістерін реттеу, қолды болған түліктерін табу сияқтыларды, əсіресе сарбаздардың отбасына байланыстыларды ең алдымен қолға алдық. Жаралы сарбаздарды емдеп, аяғынан тұрғызу үшін əрісі — Ақмешіт, берісі Қазалы, мына тұрған Шалқар, Ырғыздан, ақы-пұл жинап, дəрігерлер шақырттық. Елдегі тəуіптерге шейін алдырдық. Оташы-сынықшыларды да шайқастарда мертіккен, қол-аяғы сынған, сүйегінен жараланғандардың қасына жинадық. «Біреуге жан — қайғы, біреуге мал — қайғы» деп, қайтадан өктемси бастаған байлар мен атқамінерлерге бір кісідей боп, бірлесіп қарсы тұруға пəтуаластық. Жаугершілік жылғы ауғыншылық-сүргіншілікте бытырай қашқан қалың көпшілік құм арасына сіңіп, тау шатқалдарына тығылып, жыныс-жықпылдарға жасырынып, бас сауғалап жүргенде жайлау атаулы құлазып, қыстау біткен қаңырап, көбісінің малы қараусыз қалған. «Жығылғанға – жұдырық» деп, озбыр отаршылардың қанды қылыш жазалаушы əтіреттері бар ауылдарды да, бас көтерер азаматының жоқтығын пайдаланып, қан кақсата аш бөріше талаған, ар-ұяттан жұрдай қасқыр пейіл, қандыбалақ қарақшы ұры-қарылардан қорғау да тікелей біздің міндетімізге жатты. Ондай оңбаған қорқауларға қарсы құр қол ештеңе істей алмайтын болғандықтан, серіктік қатарындағыларды тегіс қаруландырдық: көбімізде солдаттардан қолға түскен кəдімгі бесатар, ең жоқ дегенімізде дара оқ бердеңкі бар-ды. Сарбаз болғаннан көргенімізді істеп, күнде кешкісін ауыл шетіне күзет қоюды əдетке айналдырдық. Жылқышылардың арасында да қарулы адамдарымыз жүрді. Қарсыласуға қауқары жоқ, кемпір-шал, бала-шаға, қатын-қалашты зар жылатып дəніккен кəззап қарақшылардың қақтығыс үстінде екеуін қолға түсіріп, көптің ұйғарымы, үкімі бойынша екеуін де жұрттың көзінше ағашқа байлап қойып атқаннан кейін, біз жайлап отырған өңірге ондай оңбағандар енді қайтып жуымайтын, қараларын көрсетпейтін болды…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button