Жаңалықтар

Қаңтар: ізгілікті істер бастауы

Жыл басы қашанда жақсы үміттерге жетелейді.

Қоғамымыздағы өркенді өзгерістердің бір бастауы —Сенаторлар құрамы жаңартылып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауы тағайындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты отырысында сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау — бәрімізге ортақ қасиетті борыш» деп атап көрсетті.

Қаңтарда Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Ақтөбеде болып, өңірде атқарылып жатқан жоспарлы, жүйелі жұмыстармен танысты.

Осындай ізгі ниеттермен басталған қаңтар ақпанға жол ашты.

«Ауыл аманаты» бойынша 658 бас мал берілді

 Бүгінгі күні өңірде жаңа жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан өтінімдерді қабылдау қарқынды жүруде.

Жобаны уақтылы және сапалы іске асыру мақсатында құжаттарды қарау мерзімі барынша қысқартылды. Құжаттардың толық тізімге сәйкес жиналса, несие 15 жұмыс күні ішінде беріледі.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жобаға қатысушылардың өтінімдерін қарайтын мамандар жұмыс істеуде. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарында кандидаттарға бизнес-жоспарлар жасауға, құжаттар жинауға көмек көрсетіледі, оқытылады және кеңестер беріледі,кепілге қойылатын мүлкін бағалау мерзімдерін қысқарту мәселесі қаралады.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірде  ірі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 47 жеке қосалқы шаруашылыққа 658 бас мал берді.

Жоба тиімділігін арттыру мақсатында кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 28 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Медицинаны дамытудың кезекті қадамы

 ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл — жоғары деңгейдегі медициналық орталықтың алғаш рет аймақтарға шығуы. Аталған шара  өңірдегі медицинаны одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болмақ.

Ең озық технологияларды пайдаланып отырған аталған медициналық орталық білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асырады, санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргізеді, инновациялық әдістерді іздестіру және тәжірибеге енгізу, сондай-ақ республиканың практикалық денсаулық сақтау саласына технологиялар қолдану, бейімдеуді белсенді жүргізуде.

Соңғы үш жылда клиникалардың мамандары 150-ден астам жаңа технологияны енгізіп, оны Қазақстан тәжірибесінде алғаш рет қолданды. Бұған дейін Ақтөбе облысының 130-дан астам азаматы медициналық орталық ұйымдарында медициналық көмек, шипажайларда емделіп, оңалтылды.

Меморандумда медициналық және басқарушы персоналдың біліктілігін арттыру, оның ішінде қашықтан оқыту, бірлескен ғылыми семинарлар, конференциялар өткізу, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту көзделген.

Ынтымақтастық туралы меморандум

Ақтөбе қаласы әкімдігі 50-ге жуық компания басшыларымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ірі бөлшек сауда кәсіпорындары, азық-түлік сауда базарлары, жергілікті тауар өндірушілері және шаруа қожалықтары өзара келісімге келді.Меморандум шеңберінде сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізгі бағасына 5 пайыздан аспайтын үстемеақы қосумен шектелетін болды.

Жергілікті тауар өндірушілер алдымен қаланың ішкі нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ тіркелген сауда үстемесін қолдану жөніндегі міндеттемелер қабылдады.

«Халық қатысатын бюджет»

 «Халық қатысатын бюджет» жобасының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұған белсенді тұрғындардың қызығушылығы артуда. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де артқан.

Ақтөбе қаласы аумағындағы Астана ауданы бойынша былтыр 17 жоба іске асқан. Өткен жылы қабылданған жобалардың  48-і биыл жүзеге асырылмақ. Оның жалпы құны 937 миллион теңгені құрайды.

Биылғы жобаның негізгі бөлігі қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарына арналады. Бұған тротуарлар салу мен балалар ойын алаңын орнату, спорт алаңдары және скверлер мен саябақтар салу кіреді.

Әр жобаның құны былтыр 10 мың айлық көрсеткіш болса, биыл 15 мың айлық көрсеткішке тең.

Білім саласындағы құрылыстар

Былтыр өңірде 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2 үшауысымды, 3 апаттымектептің мәселесі оң шешілді.

Бірден алты жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу үлесі — 88,4 пайыз, 2-6 жастағы балапандардың 92,6 пайызы балабақшаға барып жүр. Ал 3-6 жастағы  балалардың барлығы да мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленеді.

Былтыр өңірде 26 балабақша ашылды. Облыс орталығында 21 ғимарат бой көтерді. Сондай-ақ Байғанин, Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарында мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді.

Облыста әлі 6 үш ауысымды, 6 апатты мектеп бар. Сондай-ақ 50 білім шаңырағында орын тапшылығы білінеді.

Өткен жылы 3,3 миллиард теңге бөлініп, 14 мектептің құрылысы жүргізілген болатын.

2025 жылға дейін 282 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады.

«Ақтөбе жастары» — тұрғын үй бағдарламасы

 Жастардың тұрғын үй проблемасын шешудің бір мүмкіндігі іске қосылды. Соған сәйкес алғашқы кезекте 40 жас іріктелді. Бұдан басқа комиссия шешіміне сәйкес 12 үміткер резервте болады. Егер бастапқы 40 үміткердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, резервтегі үміткерлерге мүмкіндік беріледі.

Жастар 15 миллион теңгеден төмен үйлерді 23 жылға дейінгі мерзімге несиеге ала алады. Жылдық пайыздың мөлшерлемесі де төмен — 5 пайыз.

Облыстық әкімдік пен «Отбасы банкі» облыстық филиалы арасындағы бірлескен келісімге сәйкес аталған бағдарлама аясында 600 миллион теңге бөлініп отыр. 1039 жастан өтініш қабылданды.

Үміткерлер бірнеше критерий бойынша іріктелді. Үміткерлердің жалпы ұпайы бірдей болған жағдайда бірінші басымдық бала санына, екінші ретте жинақтаған жарна көлеміне, үшінші ретте еңбек өтіліне берілді.

* * *

Биыл қар біршама қалың түсті. Өткен жылдардың су тасқынына қатысты сабағы ұмытылмауға тиіс. Осыған байланысты облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдын ала сақтық шараларын пысықтауға тапсырма берді. Әр аудан бойынша су тасқыны қаупі бар жерлер көрсетілген карта жасау жоспарланды.

Көктемнің көп шаруасының алғышарттары осы ақпан айында атқарылуға тиіс. Сондықтан қыр астында кезегін күтіп тұрған сан тірліктің қамын бүгіннен ойластырған оңды болмақшы.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button