Спорт

«Қайрат» та «кегін» қайтарды

Премьер-лиганың 13-туры бұның алдындағы турда ғана өктемдік көрсеткен көш басындағы командалардың қирай жеңілген күні болды. Солардың бірі — «Ақтөбе».

Алматыда «Қайрат» алаңның қожайыны кім екенін «Ақтөбеге» жақсылап тұрып түсіндірді, әрі «кегін» қайтарды. Олар бірінші айналымда 0:3 есебімен ұтылған еді, дәл солай ұтты да қойды — 3:0.

«Ақтөбенің» қақпасына гол сүңгіткендер: Константин Головской (14-минут), Сергей Струков (68-минут), Мұрат Сүймағамбетов (80-минут),

Рас, 5-минутта ақтөбелік Малик Мане соққан доп есепке алынбай қойды, футболшымыз ойыннан тыс қалған болып есептелді. «Әттең, сол гол есептелгенде ғой», — деп енді бекер таусылмай-ақ қоялық. Алда да талай ойын бар. «Өткір кездік қын түбінде жатпайтыны» рас болса, оны да көрерміз.

Бірақ, қалай болғанда да, «Ақтөбе» алғаш рет ірі есеппен ұтылды, тек турнир кестесінің соңғы жағында келе жатқан командадан оңбай таяқ жегені ғана ұяттау болды.

Бір жағынан, Павлодарға барған астаналықтардың мүшкіл халіне қарап, өзімізге өзіміз шүкіршілік айтуға да болатын сияқты. Өткен жолы «Ордабасыдан» оңбай ұтылған (0:3) «Ертіс» бұл жолы өзі де «Локомотивті» оңдырмай ұтты, ойынды 5:0 есебімен аяқтап, бірінші орында келе жатқан астаналықтарды тырп еткізбеді.

Соңғы 4 тур бойы жеңілістен көз ашпай келе жатқан (соның ішінде талдықорғандықтардан ірі есеппен ұтылған) «Тобыл» Павлодарға, бәлкім, зор сеніммен келген, көш бастаудан да дәмесі зор «Жетісуды» ұпайсыз қалдырды, 1:0 есебімен ұтып, бір марқайып алды. Ал сол «Тобылдың», әзірге алғашқы алтылыққа да іліге алмай жүрген былтырғы чемпионның бас бапкері Равиль Сабитовтың отставкаға кетуі басқа әңгіменің еншісі.

Ең соңғы орында келе жатқан қызылордалық «Қайсардың» да бір сілкінер кезі келген екен, турнир басталғаннан бергі екінші жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында «Таразды» 1:0 есебімен ұтып, жанкүйерлерін бір жұбатып алды. Бірінші айналымда да бұл екі команда арасындағы ойын дәл осындай есеппен аяқталған болатын. Бірақ онда «Тараз» ұтқан. Бір атап өтерлігі, «Тараз» чемпионат басталғалы әлі бір де бір рет тең ойнап көрген жоқ.

Матчты өз алаңында өткізген «Атырау» турнир кестесіндегі қоңсыласы — шымкенттік «Ордабасыдан» үстем түсе алмады, сөйтіп осы турдағы жалғыз тең ойын есепке алынды — 1:1. Бір қызығы, бірінші айналымдағы өзара кездесудің есебі де осындай болып еді.

Бұл турда өз алаңында жеңіліс тапқан команда да біреу ғана. Өскеменде «Восток» қарағандылық «Шахтерден» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Ал бірінші айналымда «Восток» өз қақпасына осы қарағандылықтар соққан екі голға біреу де болса жауап доп соға алмай діңкелеп еді.

Сонымен бұл кезекті кездесулерде турнир басталғалы үшінші рет барлығы 15 доп соғылды.

Бірінші рет 5:0 есебі тіркелді.

Футболдан хх чемпионат. Премьер-лига

Командалар   Ойын  Ұтыс  Тең  Жеңіліс          Доп  Ұпай

1. «Локомотив»     13       8        3       2                  18-12     27

2. «Ақтөбе»            13       8        2       3                  23-11      26

3. «Шахтер»           13       8        2       3                  23-12      26

4. «Жетісу»            13       7        4       2                  21-8         2

5. «Ертіс»               13       7        2       4                  24-16     23

6. «Ордабасы»       13       6        2       5                  16-10      20

7. «Атырау»           13       3        6       4                  10-14      15

8. «Тобыл»             13      4        2       7                 18-19    14

9. «Қайрат»            13       4        2       7                  15-22    14

10. «Тараз»             13       4        0       9                  9-16      12

11. «Қайсар»          13       2        2       9                   7-29     8

12.  «Восток»          13       1        5       7                   9-24     8

  • Мергендер көшін сол бұрынғыша біздің Марат Хайруллин бастап келеді — 8 доп.

Сергей Хижниченко («Шахтер» — 7;

Малик Мане («Ақтөбе») — 6.

  • Өткен аптада «Ақтөбе» командасы үшін жағымды жаңалық жетті.

Еуропа лигасындағы ойынын біздің клубымыз УЕФА тәртібі ойынша бірінші раундтан бастауы тиіс болатын. Бірақ Қазақстан Кубогы иегері «Локомотив» құрылғанына үш жыл толмауы себепті бұл турнирге қатыстырылмайтын болды да, оның екінші квалификациялық раундтан басталатын кездесу билігі былтырғы күміс жүлдегерге, біздің командаға ауысты. Бұл ойындар 14 және 21 шілде күндері өтеді.

Ал өткен жылғы чемпионаттың қола жүлдегері «Ертіс» пен Қазақстан Кубогының финалдық ойынында «Локомотивтен» ұтылған «Шахтер» кездесулерін бірінші раундтан яғни 30 маусымда бастап, қарымта матчты 7 шілде күні өткізеді.

  • Енді премьер-лигамызға оралайық.

7 маусым, сейсенбі күнгі кезекті турда «Ақтөбе» өз алаңында «Востокты» қабылдайды. Турнир кестесінің ең соңында келе жатқан командамен болатын матчты Алматыдан ашуланып оралған жерлестеріміз ерекше қарқынмен өткізетіндігіне сенгіміз келеді.

Сол күні өтетін басқа кездесулер:

«Жетісу» — «Шахтер»;

«Локомотив» — «Атырау»;

«Ордабасы» — «Қайсар»;

«Тараз» — «Қайрат»;

«Тобыл» — «Ертіс».

ЕУРО — 2012

3 маусым. Алтыншы матч. Алаң көңіл

Сонау наурыз айының соңынан бері тым-тырыс қалған ұлттық құрамамызды қайтадан әңгімелейтін шақ жетті. Рас, аса көңілденіп отырып айтар әңгіме емес. Себебі әзірге қоржынымызға бір де бір ұпай түскен жоқ.

Бірден кестеге көз жүгіртіп алайық. Футболдан кезекті Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатқан, біздің елдің құрамасы енетін «А» тобының қазір жағдайы төмендегідей:

Германия — 5 ойын, 15 ұпай;

Бельгия — 6 ойын, 10 ұпай;

Түркия — 5 ойын, 9 ұпай;

Австрия — 5 ойын, 7 ұпай;

Әзірбайжан — 4 ойын, 3 ұпай;

Қазақстан — 5 ойын, ұпай жоқ.

Ұпайымыз жоқ болатын себебі, біздің құрамамыз қарсыластарын ұтпақ түгілі, тең ойнауға да дәрменсіз болып тұр, қарсыластар қақпасына ең болмаса ырымға бір доп соға алмай жүргеніміз және бар. Бұған дейінгі матчтарды еске түсіріп өтейік.

3 қыркүйек 2010 жыл. Қазақстан — Түркия: 0:3;

7 қыркүйек 2010 жыл. Австрия — Қазақстан: 2:0;

8 қазан 2010 жыл. Қазақстан — Бельгия: 0:2;

12 қазан 2010 жыл. Қазақстан — Германия: 0:3;

26 наурыз 2011 жыл. Германия — Қазақстан: 4:0.

«А» тобының қазіргі статистикасына үңілсеңіз де, бір қамығып қаласыз. Осы кезге дейінгі 15 матчта 51 доп (орта есеппен әр ойында 3,40 доп) соғылыпты. Бізге сол 51 доптың біреуі де бұйырмапты. Қожайындар 9 рет, қонақтар 5 рет жеңіске жетіпті, 1 ойын тең аяқталыпты. Жеңісті айтпай-ақ қояйықшы, бұл топтағы жалғыз тең ойынның өзі қандай ғажап: Бельгия-Австрия: 4:4 (12 қазан 2010 жыл).

Мейлі. Өткен іс — өтті. Енді үмітке иек артайық. Ал 3 маусым күні 3 ұпай олжалай аламыз ба?

  • Әзірбайжан құрамасы қалпақпен ұрып аларлық қарабайыр команда емес. Түркияны Бакуде 1:0 есебімен ұтып жібергенін былай қойғанда, Германия мен Бельгияда қарсыластарының қақпасына бір-бір гол сүңгітіп жіберудің ретін тапқаны бар. Рас, ірі есептермен ұтылды, Германияға 1:6, Австрияға 0:3, Бельгияға 1:4 есебімен тізе бүкті. Біздің жігіттер, міне, осы осалдықтың тамырын дөп басуы керек. Ал біздің жігіттеріміз кімдер?
  • Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек Астанада өтетін матчқа төмендегідей тізімді ұсынып қойды:

Қақпашылар: Андрей Сидельников («Ақтөбе»), Александр Мокин («Шахтер»), Владимир Логиновский («Жетісу»);

Қорғаушылар: Самат Смақов («Ақтөбе»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Сергей Каримов («Вольфсбург», Германия), Марк Гурман («Локомотив»), Михаил Рожков («Локомотив»), Қайрат Нұрдәулетов («Локомотив»), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»);

Жартылай қорғаушылар: Марат Хайруллин («Ақтөбе»), Қазбек Гетериев («Жемчужина, Сочи, Ресей), Серікжан Мужиков («Жетісу»), Ұлан Қонысбаев («Локомотив»), Марат Шахметов («Локомотив»), Хайнрик Шмидтгаль («Оберхаузен», Германия), Мақсат Байжанов («Шахтер»), Жамбыл Көкеев («Шахтер»), Виталий Евстигнеев («Ордабасы»);

Шабуылшылар: Сергей Лисенков («Ақтөбе»), Сергей Остапенко («Жетісу»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Сергей Гридин («Тобыл»).

Сөйтіп, жауапты матчқа «Ақтөбе» командасынан 5 футболшы шақырылыпты.

3 маусым күні Астана қаласындағы екі ел құрамасымен қатар кездесетіндер:

Австрия – Германия;

Бельгия – Түркия.

  • Жуықта ФИФА құрама командалардың жаңа рейтингін жария етті.

Қазақстан ұлттық құрамасы 140-орыннан 139-орынға бір сатыға көтерілді. Рас, рейтингілік ұпайымыз өзгерген жоқ, сол күйі қалды — 151. Бізге Түркіменстан «көмектесті», олар 2 позицияға кейін сырғыды.

Енді біздің «А» тобындағы құрамалардың рейтингіне назар салайық:

4. Германия — 1413;

30. Түркия — 795;

37. Бельгия — 654;

74. Австрия — 443;

108. Әзірбайжан — 288.

Сонымен рейтингімізді өсіру үшін де, іріктеу турнирінде ұпай жинау үшін де бізге тек жеңіс керек сияқты, үмітін үкілеп отырған мың сан жанкүйер енді тіпті тең ойынға да риза бола қоймасы анық. Демек, шегінерге жол жоқ, жігіттердің артында бұрынғы Алматы емес, жаңа Астана тұр.

УЕФА

«Барселонаның» төртінші биігі

Сонымен испаниялық «Барселона» ағылшындар зор үміт артқан «Манчестер Юнайтедті» екінші рет тізерлетті. Чемпиондар лигасының 2009 жылғы ойынында да бұл ағылшындық клуб бармақ тістеп қалған.

28 мамыр күнгі, жексенбідегі ойын «Барселонаның» Еуропа чемпионы атануына шын мәнінде лайық екенін көрсетті. 27-минутта Педроның, 54-минутта Мессидің, 69-минутта Вильяның соққан доптарына 34-минутта Руни бір ғана голмен жауап қайтарды. Әрине, испаниялық жанкүйерлердің көңілін тоғайтқан есеп. Дегенмен әңгіме есепте ғана емес, «Барселона» екі тайм бойы «МЮ»-дің футболшыларын әбден әуре-сарсаңға салып, бұлардан әлдеқайда мойны озық команда екенін толық дәлелдеп берді. Бұл — кездейсоқ жеңіс емес, заңды ұтыс.

Сөйтіп, 1992, 2006, 2009 жылдары жұлдызы жарқырап көрінген «Барселона», міне, төртінші рет Чемпиондар лигасының топжарғаны атанды. Бұл ретте «Бавария» және «Аякс» клубтарымен теңесті.

Төрт рет чемпион болған бұл командалардың алдында бұл биік тұғырға көбірек көтерілген үш клуб тұр:

«Реал Мадрид» — 9;

«Милан» — 7;

«Ливерпуль» — 5.

Чемпиондарды түгелдей атай кетелік. Бұл лигада 2 команда — үш реттен, 4 команда — екі реттен, 9 команда бір реттен чемпион болып отыр. Үш рет чемпион болған екеудің бірі — осы «Манчестер Юнайтед», екіншісі — «Интер». Финалдық ойындарда «МЮ» екі рет жеңілді, екеуінде де, жоғарыда айтқанымыздай, «Барселонадан» «таяқ жеді».

Айтпақшы, биыл, 18 мамырда Еуропа лигасында екінші рет озық шыққан «Порту» да осы Чемпиондар лигасының екі мәрте чемпионы.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button