Басты жаңалықтарМәселе

Ауылыңда көмір бар ма? Ал көгілдір отын ше?..

Жарық… газ… су… Осы үшеуіне жұмсалған коммуналдық төлем адал деп жатамыз. Тап қазіргі қыс айында облыс тұрғындары үшін қай-қайсысы да сөнбеуі керек. Әсіресе жылу беру жүйесіне талап күшейтілді. Желтоқсан айындағы алғашқы аязда құбырлардағы газ қатып, бау-бақша ұжымдарындағы тұрғын үй иелерінен шағым түскен еді. Жедел жұмыс тобы құрылып, газ қату қаупі бар учаскелерге жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бірен-саран үйлердегі жағдай болмаса, жалпы қаладағы жағдай тұрақты. Ең бастысы, коммуналдық қызметтерде апаттық жағдайлар болған жоқ. 

Ал кешегі бет қаратпайтын аязды күндерден ауылдағы ағайын қалай өтті? Арқаны кеңге салуға әлі ерте. Алда кемі екі ай қыс бар. Жыл басындағы аязды күндер қайта соқпасына кім кепіл?

Көгілдір отынның игілігін көріп отырған ауылдар жылуға бас ауыртпайды. Тек газ қатып қалмаса болды. Ал от жағып, пеш түбіне жылынатындар үшін биылғы қыс біраз қымбатқа  түсейін деп тұр. Ауылдықтар қыс ортасына дейін 2-3 тонна көмір жағып тастады. Әрине, жыл сайын бірнеше ауылға газ кіріп, облысқа қажетті көмір тұтыну көлемі сәл де болса азайып келеді. Бірақ ауылдардың көбі әлі деот жағып, күл шығарады.

Анығырақ айтсақ, Ақтөбе облысында газбен қамтылуға тиіс 323 ауыл бар екен. Бүгінде145 елді мекенге газ барған. Облыста орта есеппен жылына 10 ауылға газ тартылады. Сол себепті көмір тұтыну көлемі 3-4 мың тоннаға азайып келеді.

Өткен жылы қатты отынның тапшылығы байқалып, Ақтөбе қаласындағы көмір сататын орындарда ұзын-сонар кезек болған-ды. Биыл сол жағдай қайталанбас үшін көмір жеткізушілермен ерте келісімшарт жасалып, шілде айынан бастап тасыла бастады.

Биылғы қысқа облыс тұрғындары үшін 24490 тонна көмір қажет. Бүгінде керекті қатты отын толығымен тасылды. Елді мекендерге де кедергісіз жеткізіліп жатыр. Көмірдің бағасы сапасына қарай қойылады. Бір тонна көмірдің бағасы 10 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазір халыққа тиімдісі — тоннасы 18 мың теңгелік Қарағандының көмірі. Сонымен қатар қатты отынның бұл түрі Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз және Қаражыра көмір алаптарынан жеткізіледі. Қаңтар айына Шұбаркөлден 29 вагон, яғни 2 мың тоннаға тапсырыс берілген. Қазір оның дені тасылып, қалған 700 тоннасы жолда келе жатыр. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Батыс» филиалымен бірлесіп вагондардың мерзімінде келуіне күнделікті мониторинг жасап отырмыз, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Ақтөбе облысында көмір сатылатын 11 теміржол тұйықтары бар.

Қысқы отын қымбат па?

Сауда нарығында қай заттың да бағасы тасымалға тәуелді. Тіпті кейбір тауардың бағасы ең соңғы тұтынушыға жеткенше екі есеге дейін өседі. Осындай жағдай көмірді де айналып өте алмай тұр.

Теміржол тұйықтарындағы тоннасы 18 мың теңгеге сатып алынған көмір ауылдарда 25-30 мың теңгеден сатылып жүр. Әрине, бұрынғыдай емес, қазір ауылдарға жол біршама жақсарды. Оның үстіне жүк көлігінің түрлері де көбейді. Дегенмен көмір жеткізушілердің дені оның тіркемесі бар «КамАЗ» жүк көлігімен тасиды. Қай жүргізуші болмасын, ең бірінші, жанармайдың қымбаттығын алға тартады. Оған қоса автоқосалқы бөлшектердің де бағасы арзан емес.

Қаладан көмір әкеліп сатып жүрміз. Қыстағы кәсібіміз — осы. Кейбір тұрғындар қымбат екенін айтады. Біз бағаны ауыл жұртының ыңғайына қарап қоятын болсақ, шығынға батамыз. Ауылдарды аралаймыз. Жол шығыны аз емес. 20 тоннадай жүкпен жүргесін көліктің доңғалақтары шыдамай бұзыла береді. Оны жөндеу керек. Басқа да төлемдеріміз жетіп артылады. Тиегіш тракторға ақы төлейміз. Соның бәрін есептеп келгенде таза пайдамыз әр тоннадан 5-6 мың теңгедей ғана болады. Онда да көлік бұзылмаса жақсы. Жүк көліктерінің қосалқы бөлшектері тек қаладан ғана табылады. Оны алдырту үшін такси жалдап, күтесің. Қысқасы, көмір де ауылға оңайлықпен жеткізілмейді ғой, — деп түсіндірді аты-жөнін айтпауды өтінген бір жүк көлігінің жүргізушісі.

Мұндайда қарсы уәж айту да қиын. Көмір жеткізушілердің де жағдайын түсінейін десең,баға қалтаңды тесіп барады. Амал жоқ, сұрағанын беруге мәжбүр боласың. Облыс бойынша көмірді көп  тұтынатын Әйтеке би ауданы болып отыр. Қыста 3220 тоннасын тұтынатын әйтекебиліктер көмірден ақшасын аямайды. Өйткені өңірде ұзын жолдан жырақ жатқан шалғай ауылдар баршылық. Өзге аудандарға қарағанда қары қалың түсіп, бораны жиі соғып, қысқы жолдың қиындығын көретіндер де осы жақта.   Бірақ жергілікті әкімдік тұрғындарға көмір жеткізу жолдарын қадағалап отырады.

Қазіргі таңда Әйтеке би ауданындағы15 ауылдық округте 27 ауыл болса оның 17-сіне газ кіргізілген. Демек, аудан тұрғындарының 68 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Былтыр 2 ауылға газ барса, биыл Құмқұдық ауылына газ құбырын апару жоспарланып отыр.

Аудандағы әлеуметтік нысандар қатты отынмен 100 пайыз қамтылды. Ал тұрғындарға келсек, әр ауылдың жылма-жыл көмір жеткізетін көліктері бар. Кейбір округтер Ақтөбе қаласынан тікелей тапсырыс беріп алдырады. Сұлукөл, Ақтасты, Әйке, Толыбай ауылдары арзандатылған көмірді тұтынады. Сұлукөлде көмір түсіретін теміржол тұйығы бар. Сол жерде көлігі барлар тоннасын 15 мың теңгеден алады. Жергілікті мердігер компаниямен солай келісілген. Ал Құмқұдық, Жабасақ, Басқұдық ауылдарына кәсіпкер Александр Чемоданов Қаражыра көмірін жеткізіп беруді ұйымдастырады. Кейбір ауылдарға газ барғанымен, үйге кіргізуге жағдайы жоқ отбасыларға демеушілік арқылы қыста 1-2 тоннадай көмір тегін түсіріледі,  — дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.

Одан кейін халық санына қарай Байғанин, Ырғыз, Шалқар, Қарғалы аудандарында да көмір қажеттілігі өзгелерден жоғары.

Байғанин ауданының Оймауыт, Миялы, Дияр облыстағы ең шалғай ауылдарға жатады. Алайда бұл жақта да көмір тапшылығы байқалмайды. Миялы ауылдық округінің әкімі Исатай Мәнібаевтың айтуынша, округ қыста 260 тонна көмір жағады. Тұтынушылар аудан орталығы Қарауылкелді мен Шұбарқұдық кентіндегі тұйықтардан тасиды. Диярда көмір жеткізумен айналысатын 4 кәсіпкер бар. Қорыта айтқанда, барлық аудандағы ауылдардың жағдайы осы шамалас. Қыстыгүні жарыққа да 2-3 есе артық ақша төлеуге тура келеді. Өйткені пештерін электр көзіне жалғап, жарықпен жылынып отырған үйлер де жетерлік.

Ең бастысы, облыста көмір тапшылығы жоқ.

«Бізге көгілдір отын қашан келеді?» деп күтіп жүрген ауылдар әлі де көп.

Әр ауданда жылына кем дегенде 1-2 ауылға газ кіреді.

P.S. 2027 жылға дейін облыс бойынша 60 елді мекенге газ жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Соңғы жылдардағы халық сұранысы бойынша ең бірінші шешілуге тиіс мәселе көгілдір отын болса, оданда көп қамтылып кетуі де ғажап емес. Себебі газдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Ал биыл жыл соңына дейін 12 ауылға газ кіріп, 9 мың тұрғын от жағудан құтылмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button