Басты жаңалықтарМәдениет

Рухы биік өлкенің мәдениеті жоғары

Биыл Ақтөбеде қандай ауқымды іс-шаралар өткізіледі?

Тарих шымылдығын енді ашқан 2023 жыл еліміз үшін де, Ақтөбе өңірі үшін де мерейлі жылдардың бірі болғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылдағы қазақстандықтарға арнаған құттықтауында биыл елімізде ұлттың рухын көтеретін маңызды іс-шаралар өтетіндігін мәлімдеген еді. Қоян жылы атаулы даталар мен мерейтойлар аз еместігін айтқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова шаралар барысында асыра ысырапшылдыққа жол бермей, мәні мен мазмұнына басты назар аударатындарын айтты.

Сонымен…

Биыл облыс бойынша 20 мыңнан астам мәдени шара өткізіп, 2,8 млн адамды қамту көзделіп отыр. Ірі мәдени шаралар Сұлтан Бейбарыстың — 800, Әбілқайыр ханның — 330, Сырым Датұлының — 300, Темірбек Жүргеновтің — 125, Тахауи Ахтановтың — 100, Өтебай Қанахиннің — 100, Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына арналып өткізілетін болады.

«Ант» 10 жылдан соң көрерменімен қайта қауышпақ

Биылғы ерекше есте ұстар даталардың бірі — 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы, қолбасшы Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр ханның туғанына 330 жыл толуы. Ол 1693 жылы Түркістан жерінде дүниеге келген. ӘзЖәнібектің алтыншы ұрпағы. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және ханы болып сайланды, ал түмен басы болып атақты кіші жүз батыры қарт Бөгенбай батыр (Қанжығалы Бөгенбай емес) тағайындалды.

Дарынды әскербасы, білгір қолбасшы, хан тағына отырған шақта білікті саясаткерлігінің арқасында ел тұтастығын сақтай білген хан 1748 жылы Орынбордан шағын жасағымен қайтып келе жатқан жолда қарсыластарының бірі Барақ сұлтанның құрған қақпанына ұрынып қалады. Барақ сұлтан — жоңғар шапқыншылығы кезінде зор беделге ие болған тұлға. Әбілқайырдың Ресейдің қолдауы арқылы күшейіп кетуінен сескеніп, оған қарсы шыққан. Әбілқайырдың азғантай ғана қолмен келе жатқанын естіген ол мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, тұзақ құрады. Осы шайқаста қарсыластарының күші басым екенін көріп тұрған ханның күзетшілері оған қашуды ұсынады. Бірақ Әбілқайыр хан бұдан бас тартып, осы шайқаста қаза табады.

Хан Әбілқайырдың қорымы Ақтөбе облысының аумағында жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай «Хан қорымында» Әбілқайыр хан мемориалды кешені салтанатты түрде ашылғанын жұртшылық жақсы біледі.

Кешеннің ашылуы — көп жылдар бойғы еңбектің жемісі. Әбілқайыр ханның жерленген орнын анықтау үшін 2000 жылдардың басынан жан-жақты зерттеу жұмыстары қолға алынған еді. Хан сүйегін нақты анықтау үшін оның балалары — Нұралы, Ералы, Айшуақ хандардан тараған ұрпақтарының қатысуымен генетикалық-цитологиялық зерттеулер жүргізілді. Венгр антропологтары Әбілқайыр ханның кескін-бейнесін жасап шығарды. Одан соң хан сүйегі бұрын өзі арулап қойылған бейітіне жерленіп, үстіне кесене тұрғызылды. Кесенемен бірге оның жанына үш алып бөліктен тұратын ескерткіш орнатылды. Әр бөлікке қазақ руларының таңбалары салынды. Дөңгеленте салынған кесененің диаметрі — 8,5 метр, биіктігі 15 метрге жуық. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр.

Хан Әбілқайырдың 330 жылдығына орай  қазан айында республикалық ғылыми-практикалық конференция (халықаралық қатысыммен) өтеді. Бұдан басқа барлық ауданда ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сондай-ақ драма театр сахнасында Тахауи Ахтановтың «Ант» қойылымы қайта сахналанбақ. Аталған қойылым осыдан 10 жыл бұрын Әбілқайыр ханның — 320, Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына орай көрерменге жол тартқан еді. «Ант» драма-дастанында жазушы Әбілқайыр ханның  Ресей империясының қарамағына кіру туралы тарихи шешімге не себепті  барғанын астарлы ой, терең тебіреніспен жеткізеді.

Ақтөбеліктер достарын «Ахтанов алаңында» күтеді

Биыл Әбілқайыр ханның Ресей патшалығына қосылу үшін Кіші жүз атынан ант беруі суреттелетін «Ант» драма-дастанын жазған қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтановтың туғанына — 100 жыл.

Тарих беттерін парақтасақ, жазушының тәуелсіздік дәуіріндегі алғашқы мерейтойын — 70 жасын туған жері дүркірете атап өтіпті. Облыстық «Ақтөбе» газетінің сол той қарсаңындағы санына (12 қараша 1993 жыл) «Қаламына қасиетті бақ дарып, Сүйсіндірді алаш жұртын Ахтанов» деген ортақ тақырыппен мақалалар топтамасы берілген. Мақалаларда оның шығармашылығы ғана емес, адамдық келбеті, балалық, жастық шағы туралы да айтылған.

Тахауи Ахтановтың туған жері — Шалқар ауданының Шетырғыз ауылы.

Мерейтойға арналған шаралар Шетырғыз бен Шалқарда басталып, одан Әйтеке би, Хромтау аудандарында жалғасқан. Жазушы осы сапарында ата-бабалар рухына тәу етіп, Шалқардағы Есет-Дәрібай кесенесіне арнайы соғып, Құран оқып, Қарабұтақтағы Әйтеке би ескерткішіне гүл шоғын қойған.

Мерейтойлық шаралар қорытындысында ақтөбелік қалың оқырман, жұртшылық атынан облыстық драма театрына Тахауи Ахтановтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Жалпы, облыстық драма театры жанынан қазақ труппасы 1992 жылы ашылған болатын. Оның алғашқы маусымының шымылдығы Т.Ахтановтың «Күшік күйеуімен» ашылды. Жазушының 70 жылдық мерейтойына орай жерлестері тарапынан айтылған ұсыныс жерде қалған жоқ: 1997 жылы 3 қарашада облыстық театрға Тахауи Ахтановтың есімі берілді.

Жазушы 1994 жылы дүниеден өтті. Одан беріде Ақтөбе жұртшылығы өз топырағының талантты перзенті Тахауи Ахтановтың 75, 80, 85, 90 жылдық мерейтойларын атап өтті. 2013 жылы жазушының 90 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбеде ХХІ республикалық театр фестивалі өтті, сондай-ақ Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың бірге отырған еңселі ескерткіші бой көтерді.

Ал биыл жазушының туғанына — 100 жыл. Ахтановтың ғасыр тойына орай облыс аумағында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Біз республикалық деңгейде ұйымдастырылатын ауқымдыларына тоқталып өтсек.

Жазушының аты берілген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетов 18-35 жас аралығындағы жастар арасында «Ахтанов алаңы» атты республикалық театр форумы өтетінін айтты. Креативті жоба биыл облыста тұңғыш рет өткелі отыр. Сондай-ақ жазушының «Боран» романы алғаш рет сахналанады. Театрдың қазақ труппасы бұл бағыттағы дайындықты бастап кеткен. Жас драматург-жазушыларды қолдау мақсатында қолға алынған Ахтанов атындағы үздік драматургиялық пьесалар байқауын өткізу де осы жылдың еншісінде. Бұдан басқа театр ұжымы республиканың өзге өңірлерімен қатар, облыстың ауыл-аймақтарына гастрольдік сапар ұйымдастырып, шоқтығы биік шығармаларын ауылдағы ағайынға көрсетуді жоспарлап отырғандарын айтты.

Темірбек Жүргенов жылы

Қазақ елінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына (1898-1938) биыл 125 жыл толады.

«2023 жыл — Түркі елдеріндегі Темірбек Жүргенов жылы» болып жарияланды.

Бұл туралы Қазақстанның халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі Бақытжан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында: «Түркияның Бұрса қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің кезектен тыс 39-ыншы жиыны өтіп, онда 2023 жылды түркі әлемінде «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялау туралы шешім қабылданды. Себебі Темірбек Жүргенов — түркі әлеміне ортақ тұлға» деп жазған.

«Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтіңқайраткерлік тұлғасы, мәдениет, әдебиет және өнер саласын көтеруге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өздеріңіз білетіндей, облыстың  Әйтеке би ауданының орталығы 2020 жылдан бастап Темірбек Жүргеновтің есімімен аталады. Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлтымыздың 1937-де жазықсыз атылған ардақты перзенттерінің бірінің есімін ұлықтауға арналған шаралардың бірқатарының нақты күні мен уақыты белгіленіп те қойған. Қоғам қайраткерінің 125 жылдығына VІ Халықаралық «Balausa»эксперименталды спектакльдер фестивалі және халық таланттарының (жыршы-жыраулар, күйші-қобызшы, қолөнер шеберлері, т.б.) «Қарақамыс» жәрмеңкесі аясында республикалық этнофестивалін өткізу жоспары тұр.

«Оқитын өлкенің» таңдауы — Қанахин шығармалары

Жазушы, журналист Өтебай Қанахиннің туғанына — 100 жыл. Осыған орай облыстық  «Оқитын өлке» акциясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, майдангер жазушы Өтебай Қанахиннің шығармаларын ұсыну жөнінде шешім қабылдады. Енді акция аясында арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, жыл бойы оқырмандар арасында жазушының шығармаларын насихаттау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қаламгердің кітаптары цифрлық жүйеге көшіріліп, облыстық, аудандық және қалалық кітапханаларға таратылатын болады.

Өтебай Қанахин 1923 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келіп, 1990 жылы өмірден озды. Жазушының «Екі кездесу» атты алғашқы әңгімесі — 1947 жылы, «Ауыр күндер» повесі 1957 жылы жарық көрді. Орыс жазушылары М.Шолоховтың, В.Кожевниковтің әңгімелері мен повестерін қазақ тіліне тәржімалаған Ө.Қанахиннің бірқатар шығармасы шет тілдеріне де аударылған.

Бидің нұры Нұрсұлуға — 100 жыл

Ал 13 қыркүйекте Қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толады.  Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Нұрсұлу Тапалова туралы халық артисі Болат Аюханов «Менің балетім» деген кітабында:

«Нұрсұлу — бисіз өмірін елестете алмайтын нәзік жан. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін сомдады. Нұрсұлу Зареманы классикалық даярлықсыз биледі. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты. Оның биін көріп отырып биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес. Нұрсұлу дәстүрлі классикалық би өнерінің толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшімен жеңе білді. Ол қиындығы мол ерекше тәсілдерді бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзік сезімдерін көрерменге айрықша жеткізе білді. Бұл биші нағыз ұлтының бағына жаралған» деп жазды.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисінің ғасырлық тойына орай «Бидің нұры — Нұрсұлу» халықтық би ұжымдарының байқауы, басқа да ірі шаралар жоспарланған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button