Мәдениет

Кітаптар әлеміндегі 30 жыл

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында 30 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Ұлмекен Баймаханова — өз ісін жетік меңгерген, ақтөбелік оқырмандарға жақсы таныс маман. Ол кітапханашы болуды кішкентайынан армандаған…

Бала кезімнен кітапханашы болуды қаладым. Өйткені қаршадайымнан көркем әдебиетке жақын боп өстім. Әлі күнге дейін қазақ классиктерінің шығармаларын қайталап оқығанды жаным сүйеді. Себебі бір кітапты бірнеше рет оқыған сайын тереңірек түсінесің, басқаша қабылдайсың. Адамның ой-өрісінің дамуына бұның пайдасы мол. Мысалы, классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің  «Ұлпан» романын қайталап оқудан жалықпаймын. Сол сияқты Үкітай Байжомартовтың «Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы» да сүйікті шығармаларының бірі, — дейді тәжірибелі кітапханашы.

«Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері әр жылдары министрлік, облыстық басқарма, салалық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталған. Дей тұрғанмен ол үшін қарапайым оқырманның іздеген кітабын тауып беріп, сол арқылы алғысын алу бәрінен маңызды екенін білдік.

«Тұрақты, сүйікті оқырмандарымның қатарында тарихшылар Асылбек Мәден, Әлібек Аман, ақын Гүлімай Әбішқызы, ардагер журналист Кәдірбай Бекмағанбет, ұстаз Зоя Бралова бар», — дейді.

Қазіргі таңда өлкетану әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы осы салаға көркем әдебиетті жақсы көретін, газет-журналдарды үзбей оқитындар келсе екен дейді.

Шебер ұйымдастырушы, кәнігі маман Ұлмекен Қалдыбайқызының жерлес ақын-жазушылармен жете таныс екенін, көпшілігінің шығармашылығын насихаттауда едәуір еңбек сіңіргенін айта кеткен абзал. Түрлі шараларды өткізіп, реті келсе келушілерге ақтөбелік қаламгерлердің шығармалары жөнінде мағлұмат беруді ұмытпайды. Біразының өлеңін де жатқа біледі.

— Сәті түскенде облыстық кітапханаға заманауи ғимараттың керектігін айтқым келеді. Бұны айтып жүргенімізге де біраз уақыт болды. Кітапханашылар мен оқырмандардың осы тілегі ескерілсе екен, — деген ұсыныс-тілекпен сөзін аяқтады кітапханашы.

 А.ТАСҚАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button