Басты жаңалықтарСпорт

Үнсіз әлемнің үздігі

Ақтөбелік Бексұлтан Малайдар — өз ортасында бұрыннан белгілі, ал көпшілікке өткен жылы Бразилиядағы дүниежүзілік додада қола медальді иемденген соң кеңінен танылған палуан. Сол еңбегі үшін атқарушы биліктің шешімімен «Ақтөбе облысының жыл адамы — 2022» атанды. Спорттағы жетістіктерінен бөлек, қатарластарынан ертерек отбасын құрып, ұл баланы тәрбиелеп отырған жас әке. Баспанасы, көлігі бар. Бос уақытында қарап жатпай, жұрт қатарлы «темір тұлпарымен» қосымша табыс табуға құштар. Сырт көзге «мұндай адамдар ел арасында көп, таңданарлық ештеңесі жоқ» деген ой тууы мүмкін. Бірақ 24 жастағы кейіпкеріміз үлкен істерді үндемей-ақ үйлестірген. Ол — III топтағы мүгедек жан, кішкентайынан сөйлеу-есту қабілетінен айырылған…

Бірінші белес

Ырғыздық Малайдаровтардың отбасында 4 бала бір-бірімен тетелес өскен. Бексұлтан — ұлдың үлкені. Өмірге дені сау боп келген ол 2 жасында тағдырдың үлкен сынына тап болады…

— Анамның айтуынша, 2 жас 6 айымда қызуым қатты көтеріліп, ауруханаға жатқызылғанымда, дәрігерлер гентамицин препаратын еккен екен. Сол құлаққа кері әсер етіп, мүлдем естімей қалғанмын. Бұған дейін түрлі дыбыстарға елеңдеп, қалыпты жетіліп келе жатқан мен, осылайша ойламаған жерден оқыс жағдайға ұшырадым. Ата-анам бірталай мамандарға қаратты, бірақ ешқандай ем қонбады, — деп сурдоаудармашы арқылы үлкен күрсініспен еске алды болған жайды кейіпкеріміз.

Содан 6 жасында Бексұлтан Ақтөбе қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа барады. Ес білгелі ым-ишарамен ойын білдіруге дағдыланады…

Арнаулы білім мекемесінде өзге тағдырластарымен бірге сабақтан тыс уақытта спортпен айналысып, бұл істе біраз мүмкіндігі барын байқатқан ол көзге бірдентүседі. Енді ше, тұстастарынан денесі ірі, бойы да бірталай. Қимыл-қозғалысы ширақ. Соны аңғарған аталған мектеп-интернаттағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Марат Оңайбаев  оны еркін күреспен айналысуға шақырып, спортқа баули бастайды. Нәтиже көп күттірмей, ә дегеннен-ақ оқушы Бексұлтан қатысқан жарыстардан олжалы оралуды әдетке айналдырады. Қарсыластары да «шаршау дегенді білмейді, керісінше белдескен сайын үдетіп барады» деп, жас палуанның есім-сойы еліміздегі ерекше балалар оқитын білім мекемелері арасында кеңінен таралады. Дей тұрғанмен мектеп-интернатта үлкен спортқа бет бұруға мүмкіндіктің шамалы екені шындық. Әрі Бексұлтанға арнаулы білім мекемесін тәмамдайтын уақыт та жақындайды…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қаласындағы мүгедектерге арналған спорт клубына 1416 адам тіркелген. Яғни бұл сонша қайсар жан спортпен кәсіби түрде айналысады деген сөз.

Жеңіске жетелеген жаттықтырушы

2016 жыл. Бексұлтан кәмелеттік жасқа жақындағанда, әкесі ұлының алдағы өмірін үлкен спортпен байланыстыруды жоспарлап, талай шәкірт тәрбиелеген жаттықтырушыға жолығады.

— Мектеп-интернатта сондай бозбала барын бұрыннан естіп жүргенмін. Сондықтан әкесі «осындай балам бар, бапкері болсаңыз…» дегенде мені тек оның денсаулық жағдайы біраз ойландырды. Өйткені оған дейін мұндай топтағы балалармен жұмыс істемеген едім, — деп әңгіме тиегін ағытқан Жанат Қожантаев алғашында онымен тіл табысу қиынға соққанын жасырмайды. Әйткенмен, табиғатынан бірбеткей жігіт ағасы әке аманатын зор жауапкершілікпен қабылдап, мектеп-интернатта ешкімге есе жібермеген жас палуанмен қызу дайындықты бастап кетеді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, күнделікті жаттығулар аз уақытта жақсы көрсеткіштер әкеле бастайды. Бексұлтан тағдырластары арасында қатарынан екі рет — 2017-2018 жылдары ұйымдастырылған Қазақстан біріншілігінде еркін күрестен чемпион болады. Соның арқасында 2018 жылы Мәскеу қаласындағы әлем чемпионатына жолдама алып, одан да қанжығасы майланып қайтады: қоржында — күміс медаль.

Спорттағы жетістіктер әдетте мемлекет тарапынан елеусіз қалмайтыны белгілі. Мәскеудегі марапаттан соң 2019 жылы Бексұлтанға облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалады. Бұған дейін өзінің денсаулығы һәм бос жүрмеуі үшін ғана еркін күреспен айналысқан қайсар жігітті бұл одан сайын қанаттандырып, үлкен спортқа түбегейлі келуіне сеп болады. Осы аралықта Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» колледжінің спорт бөлімін тәмамдап үлгереді.

Кашиас-ду-Сулдағы күрес

— Бір байқағаным, бойында осындай өзгешелігі бар жігіттер ерекше қайратты болады. Соған үлгі ретінде Бексұлтанды айта аламын. Өте еңбекқор, жаттығуға ешқашан кешікпейді. Жауапкершілігі мол. Сосын зиянды әдеттерден аулақ. Тек сөйлеп-естімейтіні болмаса, жігіттің нағыз төресі. Бір ескерту жасасаң, соны келесіде қайталамайды. Бірден «қағып алады». 30 жылдан астам уақыттан бері жаттықтырушы боп жүрмін ғой, мұндай спортшылар сирек. 

Рас, алғашында онымен ұғынысу өте қиын болды. Әлі де оңай емес. Ым-ишарамен «сөйлесу» үлкен қиындықтар тудырады. Белдесу кезінде бағыт-бағдар беру айтарлықтай мәселе, ішкі жай-күйін де жеткізе алмайды. Сондықтан кез келген сайыстың алдында  1-2 сағатқа арнайы сурдоаудармашыны шақыртып аламыз.

Ерекше есте қалған оқиға Бразилиядағы Сурдлимпиадаға барғанда болды ғой. Дода өтетін жерге жету үшін 24 сағат ұштық.  Мұндай ауқымдағы ірі шараға алғаш қатысып отырғандықтан, қалай қобалжығанымызды сөзбен жеткізу қиын, — деген Жанат Қожантаев шәкіртінің даңқын асырған былтырғы байрақты бәсеке туралы еске алды.

2022 жылы мамыр айының 1-15 күндері аралығында Бразилия Федеративтік Республикасына қарасты Кашиас-ду-Сул қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додаға 400 мыңнан астам спортшы қатысқаны мәлім. Солардың бірі Бексұлтан

92 келі салмақта белдесіп, алғашқы кездесуде америкалық палуанды айқын басымдықпен жеңеді. Одан кейінгі айналымда түркиялық азаматтың да жауырынын жер иіскетеді. Ал ирандық пен украиналық қарсыластарымен алысқанда, екеуінен де жеңіледі… Нәтижесінде үшінші орын қола медальді еншілейді. 4 жылда бір рет өтетін жаһандық жарыста мұндай деңгейге жетудің өзі — үлкен жетістік!

— Бексұлтан соның өзіне разы болмай, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге ұмтылған. Қызуқанды оқушым көзіне жас алып,  бозкілемде жіберген қателіктерін бірден білді. Мен болсам, алда талай олимпиадалардың барын, әлі жас екенін айтып, сабырға шақырдым. Шынында, жақсы көрсеткішке жеткенімізді елге келгенімізде жете түсіндік. Бізді әуежайда қарсы алғандағы көңіл күйді сипаттауға сөз жетпейді. Баламның сонда қалай мәз болғанын көрсеңіз, — деп ұмытылмас сәттерді тебіреніспен әңгімеледі жаттықтырушы.

Мемлекеттің қамқорлығы

 Әлгінде айтқанымыздай, жылма-жыл Үкіметтің чемпиондарды қолдауы күшейіп келеді. Сурдлимпиадада үздік үштіктен көрінгені үшін Бексұлтан мемлекеттен сыйақы және 4 жылға дейін ай сайын берілетінқомақты шәкіртақымен қамтамасыз етілді. Жаттықтырушысына да осындай жағдай жасалды. Сондай-ақ палуанға, заңнамаға сәйкес атқарушы билік қола медалі үшін бір бөлмелі пәтерді сыйға тартуы тиіс. Бұл да орындалды: кейіпкеріміз өткен жылдың соңында облыс әкімінің қолынан баспанасының кілтін алды.

— Сыйақымды алған бойда бірден әкеме өзі қалаған көлігін алып бердім. Өзім де машинамды жаңарттым. Бұйыртса, бірер аптада інімнің үйлену тойын жасап бермек ойым бар. Басқа да жоспарларым жеткілікті…

Үйлі болғанымда, әрине, қатты қуандым. Батыс-2 шағын ауданындағы 48 шаршы метрлік пәтерім — өзіме хан сарайындай. Бұған дейін ата-анам, бауырларым, өз отбасым бәріміз екі бөлмелі пәтерде тұрып келгенбіз. Енді жеке баспанам бар. Жалпы, өткен жыл мен үшін өте табысты болды. Осы орайда газет арқылы әке-шешеме, жаттықтырушыма, мені қолдаған барша адамға алғысымды білдіргім келеді, — деп ағынан жарылды Бексұлтан Малайдар.

Жалпы, палуанның алға қойған ой-жоспары көп. Айталық, биыл жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, білімін жетілдіруді мақсат етіп отыр. Ең бастысы, жаттығуды үзбей, келесі Сурдлимпиадаға, әлем чемпионаттарына қатысуға ниетті.

Үлгілі жар, қамқор әке

Бексұлтанның күн тәртібі таңғы сағат 7-де басталады. Қысы-жазы жүгіретін ол күніне бір мезгіл жаттығуға барып, салауатты өмір салтын мықтап ұстанады. Еркін күрестен бөлек, армрестлингке де қызығады. Тағы бір қыры — кәнігі жүргізуші. Бұл істе тәжірибесі мол жігіт арасында такси болып, қосымша табыс табуға да кетәрі емес. Үнсіз әлемнің өкілі болғанмен,өзі кез келген тойда бидің түбін түсіретінін айта кету керек. «Басқалардың қимыл-қозғалысын айнытпай қайталайды, тіпті не ойлап тұрғанын көзқарасынан-ақ біліп қояды», — дейді жаттықтырушысы.

Бәрінен бұрын, рухы мықты жігіт бар бос уақытын отбасына арнағанды жаны сүйеді. Ешқандай кедергілерге қарамастан, 2021 жылы өзінің сыныптасы Гүлназбен шаңырақ көтерген ол — бүгінде Мансұр атты балапанның әкесі. Тағдырласымен бірге тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан одан кішкентайдың денсаулығы туралы сұрағанымызда:

— Естиді! — деп, екі езуі құлағына жетіп жауап берді ол. Тіл-көзіміз тасқа, 7 айлық сәби дені сау бөп өсіп келеді.

Бала күтімімен үйде отырған келіншегі екеуінің ендігі тілегі — тұңғыштары да мықты спортшы болса екен. Жас отбасының арманы орындалғай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

АЙТПАҚШЫ…

— Көзімнің жеткені, осындай топтағы спортшылар жарақат алуға ерекше бейім келеді. Бірінші себеп — естімейді. Әрі бойындағы өзгешелігінен болар, олар өте шыдамсыз келеді. Барлығының сол бойда, жылдам болғанын қалайды. Содан тез шешім қабылдайды. Әдетте палуандар иығын шығарып алады. Басқалармен салыстырғанда, қалпына келуі де ұзақ уақытты алады…  Сосын, қай нәрсені болсын, жүрекке жақын қабылдайды. Кейбір қылықтары кішкентай баланыкі сияқты… Аса қамқор, бауырмал.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін, жеңістері әлі алда Нұрмұқан Бөкеев, Мұхтар Есенғосұлы, Әлихан Батеев, Ярослав Жаданов, Есен Жәрдемғали, Арман Бірлік, Айдолла Қазтұрған, Мұрат Абсұлтанов, Нұрхан Молдағали сынды шәкірттеріммен де мақтанамын.

Бір айтарым, III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақыдан басқа ешқандай жеңілдік жоқ. Жұмысқа орналасу жағынан қолдау көрсетілсе дейсің. Мысалы, Бексұлтан дүниежүзілік додада жүлдегер болып, бағы жанды. Ал әзірге жолы болмаған оның спорттағы тағдырластары қаншама? Олар жалақы да алмайды…Мұнымен бірге, сурдоаудармашылар да жетіспейді. Арнайы мамандар біз алдын ала шақыртқанда ғана келеді, — дейді Ақтөбе қаласындағы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарғаарналған спорт клубының еркін күрестен жаттықтырушысы Жанат Қожантаев.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button