Денсаулық

Қолды таза ұстау — инфекция азайтудың алғышарты

Адамдар медициналық мекемелерге емделу үшін барады. Бірақ кейде сол емханалар мен ауруханаларда инфекция жұқтыратын жағдайлар болады. Неліктен осындай жағдай болады және оны жұқтырмауға бола ма?

Бүгінде медициналық көмек көрсету кезінде жұғатын инфекция денсаулық сақтау саласының ең басты мәселесіне айналып отыр.

Медициналық мекемелерде жұқтыратын инфекциялар жыл сайын бүкіл әлем бойынша жүздеген миллион адамға әсер етеді. Мәселен, инфекциялар түрлі ауруларға ұласады, ауруханада болу уақытын ұзартады,пациенттер мен олардың отбасыларының шығындарын арттырады, кей жағдайда ұзақ мерзімді мүгедектікке де апаруы ықтимал. Денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржылық ауыртпалық түсіреді, ең бастысы, адам өміріне қайғылы әсер етуі мүмкін.

Медициналық көмек көрсету кезіндегі инфекциялардың қоздырғыштары ауа-тамшылары және қарым-қатынас арқылы таралады. Яғни инфекцияларауа, медициналық қызметкерлердің қолы, төсек жабдықтары, таңу материалдары, медициналық құрал-жабдықтар, аппараттар арқылы жұғады. Сондықтан да қол гигиенасына аса қатты мән берген абзал.
Қол гигиенасы — бұл жұқпалы аурулардың алдын алуда және микробқа қарсы төзімділіктің таралуында тиімділігі дәлелденген бірінші кезектегі шара. Әлбетте, егер медицина қызметкері пациентті тексергенде, аппарат арқылы қарап, тыңдаған кезде, қол гигиенасын сақтамаса, онда микроорганизмдердің берілу ықтималдығы жоғары болмақ. Сол себепті де тек медицина қызметкері ғана емес, өз денсаулығына бейжай қарамайтын әр адам қолын жиі жуғаны жөн.

Қол жуу мүмкін болмаған жағдайда қолға арналған антисептиктерді қолданыңыз.

Күнделікті жұмыс барысында, тұрмыстық жағдайларда да қол гигиенасы  қатаң сақталуға тиіс. Инфекцияны азайтудың алғышарты да  — осы. Таза қолдар науқасты азаптан қорғайды және өмірді сақтайды. Бір қарағанда қарапайым ереже көрінгенімен, қолыңызды жиі жуып жүру арқылы да жұқпалы аурулардың алдын алуға болады.

 Замира БОРАШЕВА,

«Дару» клиникасының бірінші санатты эпидемиолог дәрігері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button