Жаңалықтар

Жылу беру нысандарының қызметіне талап күшейді

Қала

Қала әкімі Мұрат Жөребеков қаланың жылу беру нысандарын аралады.
Алдымен Жылу электр орталығына барған қала басшысы орталықтың жұмысымен танысты.

«Ақтөбе ЖЭО» акционерлік қоғамының басшысы Бақтияр Избасаровтың айтуынша, орталықта жағдай қалыпты. Жылу мен электр энергиясын өндіру мен беруде ақау жоқ. 11 бу және ыстық су қазандығы жұмыс істеп тұр. 2 ыстық су қазандығы резервте.
Қаланы жылумен қамту «Aktobe Su Energy Group» АҚ диспетчерінің белгіленген режиміне сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бұдан соң қала әкімі ақтөбеліктерді ауызсумен, ыстық сумен, жылумен қамтамасыз етіп отырған «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның қызметімен танысты.

Аталған мекеменің қызметін 152 мыңға жуық тұтынушы қолданады. Оның 146 мыңы — қала тұрғындары. Ал 5 мыңнан астамы — заңды тұлғалар.
Тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік орталығы бір ауысымда 30-дан астам өтініш қабылдайды.

Бас директор Ержан Жексембинов мекеме нысандарының жұмысын, тұрғындар мен ұйымның жылумен, ауызсумен, ыстық сумен қамтамасыз етілуін бақылау үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтты. Жылулық гидравлика режимі стандарттарға сәйкес келеді. Төтенше жағдайлар туындаған кезде кезекші бригада жұмыс істейді.
Әуе қалашығы шағын ауданындағы өткен жылдың күз айларында пайдалануға берілген жылу қазандығында болған қала басшысы ондағы жұмыстың барысын сұрады. Қазандық 43 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп тұр. Бұл аумаққа 2043 тұрғын, 7 бюджеттік мекеме және 33 заңды тұлға кіреді.
Қазандық қажетті жылу-механикалық жабдықтармен, бейнебақылау жүйелерімен, өрт сөндіру және күзет дабылдарымен жабдықталған.
Ақтөбе қаласының тұрғындарын коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының ерекше бақылауында.
Қала әкімі ақтөбеліктерге коммуналдық қызметтің жеткізілуіне тәулік бойы бақылау жүргізіп, жылу беру жүйесінің бұзылуына жол бермеуді тапсырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button