Денсаулық

Жарна мөлшері өзгерді

Жыл сайын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының жарна мөлшері өзгеріп отырады. Аталған қорға биыл кімдер қанша төлейтін болды?

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетовтің айтуынша, МӘМС жарналарының мөлшері жыл сайын өзгеріп отыратын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) және ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлеміне тікелей байланысты.

— Бұл жерде ескеретін бір жайт бар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына қатысты мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады, бұл «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңмен бекітілген.

Мысалы, дербес төлеуші бойынша жарналар мөлшерлемесі — ең төменгі жалақының 5 пайызына тең және бұл ешқашан өзгермейді. Бірақ жарна көлеміне ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі әсер етіп отырады. Биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болды. Демек, қор жарнасы үшін дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 3500 теңгесін, жеке кәсіпкерлер ең төменгі бір жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын, яғни 4900 теңгесін төлейді, — дейді Алтай Оразбағамбетов.

Жұмыс берушілер МӘМС жарнасына қызметкерлері үшін ең төменгіжалақының 3 пайыз мөлшерінде немесе 2100 теңге, қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы қызметтерді көрсетуге арналған шартбойынша жұмыс істейтін адам табысының 2 пайызын төлейді. Мәселен, айлық жалақысы 70 мың теңге болса, онда 1400 теңгесі сақтандыру қорына аударылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Бұл ретте республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары үшін бірыңғай жиынтық төлемінің көлемі — бір айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 3 450 теңге. Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін — 0,5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1725 теңге.

Ал балалар, көпбалалы аналар секілді барлығы 15 санат бойынша жеңілдіктері бар азаматтар үшін МӘМС-ке жарнаны мемлекет өзі төлейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button