Денсаулық

Жастар арасында жаман ауру көбейіп барады

Ақтөбе медициналық орталығының онколог дәрігері, хирург Ербол Жұмабеков осылай дейді. Оның айтуынша, бүгінде қыз-келіншектер арасында аналық, сүт және  қалқанша бездерінің, жатыр мойнының, асқазанның қатерлі ісігі көп тіркелуде. Ал ер адамдар арасында өкпе, тоқ ішек, асқазан, қуықасты безі мен өңешке ота жасататындар көбейген.

Қатерлі ісік неден пайда болады?

Ербол Жұмабеков Ақтөбе медициналық орталығында екі жылдан бері онколог, дәрігер- хирург болып жұмыс істейді. Бұған дейін он жылға жуық уақыт М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жанындағы медициналық орталықта дәрігер-хирург, онколог, маммолог болып еңбек еткен. Аталған оқу орнының «Емдеу ісі» факультетін «дәрігер-хирург» мамандығы бойынша тәмамдаған ол бүгінге дейін ондаған адамның өмірін ажалдан арашалап қалған.

— Соңғы жылдары елімізде халықты сапалы медицина қызметімен қамтамасыз ету үшін өңірлерде жаңа техно­­­логиялар енгізіліп, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде хирургия саласының орны бөлек. Өздеріңізге мәлім, хирургия — өте күрделі сала. Мұнда ауруды немесе патологиялық процесті ота жасау арқылы емдейді. Сондықтан біздің, хирургтердің, әр науқас алдындағы жауапкершілігіміз орасан.

Қуаныштысы, Ақтөбеде медицина барынша дамып келеді. Мәселен, Ақтөбе медициналық орталығы заманауи талапқа сай барлық құрылғымен жабдықталған. Мұнда әрбір науқаc дәрігерлер мен медбикелердің үнемі бақылауында.

Елімізде медицина саласы дамығанымен, соңғы жылдары барлық өңірде онкологиялық аурулармен ауыратындардың саны көбеюде. Әсіресе жастар арасында қатерлі ісікпен ауыратындар жиі тіркеліп жатыр. Өкінішке қарай, қазір жас қыз-келіншектер арасында асқазан, жатыр мойны, аналық және сүт, қалқанша бездері аурулары көп. Мысалы, менің тәжірибемде аналық, сүт және қалқанша бездері обырына ота жасатқандар арасында 1995-1998 жылғы қыз балалар да бар. Қазір біздің орталықтағы онкодиагностикалық бөлімшеде қатерлі ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік бар. Негізінен, әйел адамның ағзасында сүт, қалқанша және аналық бездері (жатыр) бір-бірімен өте тығыз байланысты. Сондықтан әйелдер арасында қатерлі ісіктің пайда болуының басты себебі — гормоналды бұзылыстар. Ал мұндай бұзылыстар неден болады? Алдымен түсік жасатудан және баланы дұрыс емізбеуден болады. Сондай-ақ қыз-келіншектер арасында жиі анықталатын фиброаденома, фиброзды-кистозды ауру, мастопатия, өзекішілік папиллома сияқты қатерсіз ісіктерден пайда болады. Бұл қатерсіз ісіктер көп жылдан кейін қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Көпшілік бұл «диагнозды» елемей, тексерістен өтпей жүре береді. Ақырында, ауру асқынып, осындай қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Өкініштісі, орталыққа ота жасатуға келген науқастардың көбі ауруын асқындырып алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ мұндай патологиялардың пайда болуына генетикалық тұқымқуалаушылық, созылмалы аурулар, экология, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс те әсер етеді. Бұдан бөлек, онкологиялық ауру тудыруға адамдардың психологиялық ерекшеліктері мен темпераменттерінің де әсері зор.

Негізінен, адамның нерв жүйесі көп нәрсеге жауап береді. Егер адам не болса соған ашуланып, уайымдап, күйзеліске түсе берсе, ол адамның асқазанында және қалқанша безінде өзгерістер болып, кейін түрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан дәрігер-хирург, онколог ретінде адамдарға салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада көп жүруге, жақсы көретін ісімен шұғылданып, өмірге барынша жақсы көзқараспен қарап, үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүруге кеңес беремін, — дейді дәрігер.

Диагноз дұрыс қойылмаса…

Ербол Жұмабеков бүгінде орталықтағы шұғыл хирургия, жоспарлы хирургия және трансплантация бөлімшелерінде науқастарды тексерістен өткізіп, оларға эндовидеохирургиялық және дәстүрлі оталар жасайды. Мұнда басқа өңірлерден, облыс аудандарынан келетін науқастар көп. Қазір жоспарлы хирургия және трансплантация бөлімшесінде 18 науқас жатыр. Бүгінде бұл бөлімшеде бес, ал шұғыл хирургия бөлімшесінде жеті хирург еңбек етеді.

— Орталықта құрсақ қуысы мен кеуде мүшелеріне дәстүрлі, яғни денені тіліп, сондай-ақ арнайы құрылғылар арқылы эндовидеохирургиялық операциялар жасалады. Көп жағдайда біз адамның ішкі ағзаларын фиброэзофагогастродуоденоскопия, фиброколоноскопия, фибробронхоскопия сияқты әдістерді қолдана отырып, сондай-ақ компьютерлік томографияның көмегімен жан-жақты тексереміз. Диагноз қою үшін бірнеше талдау жасаймыз, биопсия аламыз. Бүгінге дейін Оңтүстік Корея, Түркия медицинасында қолданылатын жаңа үлгідегі емдеу әдістерін қолдана отырып, қалқанша без ауруларына 40-қа жуық ота жасадым, — дейді Ербол Баянәліұлы.

Дәрігер-хирургтің айтуынша, орталыққа келіп, мамандардың көмегіне жүгінетіндердің көбі — ауруын асқындырып алғандар. Олардың арасында дәрігерге қаралмай, өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын білмегендер де, нақты диагнозын біле алмай, жан ұшырып жүргендер де бар.

  • Жуырда біздің орталыққа 1966 жылғы әйел адам келді. Ол кісінің өткен жылғы қыркүйектен бері бармаған емханасы, клиникасы қалмапты, ешқандай дәрігер нақты диагноз қоя алмаған. Шағымына қарасақ, аз уақыттың ішінде едәуір салмақ жоғалтқан, тәбеті жоқ. Екі күн ішінде талдаулар жасап, дереу ол кісіге ота жасадым. Өкінішке қарай, әлгі науқастың ауруы ішкі құрылысына жайылып кеткен. Ота кезінде өзгерген тіндерден биопсия алып, гистологияға жібердім. Алдағы аптада гистологиялық талдаулардың қорытындысы шығады. Міне, осы сияқты мысалдар өте көп. Мұндай жағдайда кемшілік екі жақтан — дәрігерлерден де, науқастардан да болады. Себебі науқас ауру белгілерін байқаған бойда дәрігерге көрінсе, ал дәрігерлер уақытында нақты диагноз қойса, мұндай жағымсыз жағдайлар болмас еді. Сондықтан менің тұрғындарға айтарым, егер сіз қаралатын емхана скринингтен өтуге шақырса, міндетті түрде барып, тексеріліңіз. Бұл аурудың алдын алуға, уақытында диагноз қоюға көмектеседі. Сондай-ақ қандай да бір жеріңіз ауырса, денсаулығыңыз сыр берсе, ағзаңызда өзгерістер болса, дереу тәжірибелі, білікті мамандардың көмегіне жүгініңіз, — дейді кейіпкеріміз.

Дәрігерлерге жан-жақты қолдау керек

Ербол Жұмабеков хирургтің өз саласы бойынша білімін дамытуы, кәсіби біліктілігін арттыруы өте маңызды екенін айтады. Сол себепті кейіпкеріміз биыл Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Ол жерде белгілі хирург, профессор Чанг Хэнг Соктан дәріс алып, қалқанша без ауруларына заманауи әдістермен ота жасау бойынша тағылымдамадан өтпек.  Оңтүстік Кореяда медициналық қызмет көрсету сапасының деңгейі өте жоғары. Сондай-ақ бұл елде ота жасаудың заманауи әдіс-тәсілдері де жақсы дамыған.

— 2021 жылы хирург, онколог ретінде білімімді дамыту үшін Түркияның Анкара қаласындағы Башкент медициналық университетінің клиникасында болып, тағылымдамадан өттім.

Түркияда медициналық қызметтің бағасы өте қымбат. Дегенмен салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұл елде жасалып жатқан оталар біздің елімізде де дәл сондай әдістермен жүргізіледі. Алайда түркиялық дәрігер-хирургтер бізден қарағанда көп жалақы алады, сондай-ақ әлеуметтік жағынан жан-жақты қамтамасыз етілген. Осы орайда біздің елімізде, оның ішінде облыста тәжірибелі, білікті дәрігерлер мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қолдауға ие болуы қажет деп санаймын.

Соңғы жылдары Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы жыл сайын артып келеді. Оған қуаныштымыз. Дегенмен күніне қаншама науқасқа ота жасап, адамның өмірі үшін үлкен жауапкершілік арқалайтын дәрігер-хирургтерге әлі де жан-жақты жағдай жасалса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ мемлекет тарапынан онколог, дәрігер-хирургтерге жылына кем дегенде бір рет шетелге барып, тағылымдамадан, іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік берілсе, жақсы болар еді. Мысалы, өз ісінің маманы ретінде кез келген хирургке Түркия, Израиль, Корея сияқты медицинасы жақсы дамыған елдерге барып, тәжірибе жинау өте қажет. Себебі шетелдерге барып, білім алған, тәжірибе жинақтаған маман түбінде жақсы жетістіктерге жетпей қоймайды. Менің Түркияға барғанда байқағаным, ол жақтағы әріптестеріміз Қазақстаннан барған дәрігерлерді ерекше құрметтейді, сыйлайды. Сол іссапарда мен Анкараның әкімімен де таныстым. Оның айтуынша, анкаралық дәрігерлердің жалақысы да, әлеуметтік жағдайы да өте жоғары. Ал тағылымдаманың үшінші аптасында профессор, хирург-онколог Седат Йылдырыммен бірігіп ота жасадым. Бұл менің осы қызметтегі елеулі жетістіктерімнің бірі дер едім. Қазір мен Сеулге барып, біліктілігімді арттыру үшін ағылшын тілін үйреніп жүрмін, — дейді хирург.

Ербол Жұмабеков Түркиядан бөлек, Татарстанның Қазан қаласында эндоскопиялық хирургия саласы бойынша бірнеше күн іс-тәжірибеден өткен. Осы жерде алған білімін қазір практикада қолданып, науқастардың ауруынан айығуына бар күш-жігерін салуда.

Сөз арасында хирург өз тәжірибесінде ең ұзақ жасалған ота он сағатқа созылғанын айтты. Бұл отаны ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жанындағы медициналық орталықтың хирургия-онкология бөлімшесінде еңбек етіп жүргенінде жасаған.

 P.S. Жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында бүгінде талай жанның өміріне араша түсіп жүрген дәрігер-хирург, онколог Ербол Жұмабеков ауруынан айыққысы келген кез келген науқас өзін емдейтін дәрігеріне жан-тәнімен сенуі керек екенін айтады. Себебі адамда шынайы сенім болса, ол кез келген ауруды, тіпті қатерлі ісікті де жеңіп шығады. Сондықтан ем алуға барғанда дәрігеріңізге сенім артып, күмәнді ой мен уайымнан арылыңыз!

                                 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button