Білім

Оқушының қалыптасуына сыныптың маңызы зор

Тәрбие

Елiмiздiң болашақ азаматының жеке басының қалыптасуының маңызды кезеңi мектепте өтетіні белгілі. Әсіресе кез келген адамның тұлға болып қалыптасуына бастауыш сыныптағы аяқ алысы айтарлықтай әсер етеді.

Алғашқы әлеуметтік орта — сыныпта баланың талап-тiлегi ашылып, жеке басының қабiлетi қалыптасады. Мұнда ұл-қыздың сабаққа бейімі, еңбек етуге құлшынысы, мәдениеті, ұйымдастырушылық деңгейі де шыңдалады. Осы сыныпта да баланың қай іске ерекше жақын екендігі алғаш байқала бастайды.

Кез келген топ, орта, ұжым адамның ұйымшылдығын, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығаруға қаншалықты бейім екенін, өзгелермен қалай санаса алатынын айқындайды. Бұл сол топтың жетекшісіне де байланысты. Егер екі тараптан да бәрі жақсы болса,  сынып жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, басқалардан оқ бойы озық болады. Орамды ақыл, терең сезiм, күштi ерiк-жiгер, қабiлет — осының бәрi ұжым игiлiгiне айналса, соғұрлым беделi жоғары болады.

Зерттеу нәтижесiне қарағанда, мектеп сыныптарындағы 20-25 адамның iшiнен тек 3-4 оқушы ғана басқалардан айрықша болады екен. Бұның себебiне келсек, бiрiншiден, олардың топ мүшелерiмен қатынас жасай бiлу қасиетiнiң жоғарылығында, яғни басқаның жүрегiне жол таба бiлiп, қашанда көпшiлiкке жақын болатындығында. Адам өз орнын жалбақтау, жағымпаздану жолымен емес, өзiнiң табиғи болмысымен, қадiр-қасиетiмен, ашық мiнезбен табады. Сөйтiп, адамның топ iшiнде  беделді болуы оның басқалардың жағдайын түсiне бiлуi негiзiнде қалыптасады екен. Екiншiден, ондай адам бiлiмi, iскерлiгi, өз бiлгенiн басқалардан аямай, олармен риясыз бөлiсуге,  көмектесуге әзiр тұрғанымен де ерекшеленедi. Үшiншiден, кiсiнiң сырт бейнесi мен келбет-кескiнiн де ескермесе болмайды. Расында, кей жағдайда оқушылар қара күшке ие, жұдырық жұмсай бiлетiн құрбыларын еріксіз құрметтейдi…

Топ мүшелерiнiң көпшiлiгi өзара жақсықарым-қатынас орнатқанымен, арасында өзгелерден гөрi жиi байланысқа түсетiн, мүддесi бiр, әңгiмелерi жарасқан ортақ iстi құлшына орындайтын достар болады. Кейде ешкіммен тіл табыса алмайтындары да кездеседі. Бұлай оқшау жүрудің себептері сан алуан. Әдетте мұндай оқушы  сабақты нашар оқиды, жақсы оқуға талаптанбайды. Оның осы немқұрайдылығы ұжымнан оқшаулануына себеп болады. Олар көп ретте үстi-басына салақ қарайды, туабітті тұйық, ұялшақ болады. Енді бірі өте кiнәмшiл, сәл нәрсеге өкпелей қалатын, көбiне өзгелерге кiнә таға сөйлейтiн болады. Топ iшiндегi қатар-құрбыларының, ұстаздарының талап-тiлегiне, ақыл-кеңесiне қарсылық көрсететiн тiлазар, қыңыр балалар да кездеседi. Олардың тағы бiр белгiсi — сотқарлық, дөрекелiк. Топта сондай-ақ жалқау, өтiрiк айтуды әдетке айналдырған оқушылар да ұшырасады. Осындай әртүрлі типтегі адамдар топ ішінде, сыныпта міндетті түрде болады.

Кез келген топ жетекшiсiз болмайды. Қандай болса да әрекеттiң нәтижелi болуы жетекшiге де байланысты. Тәжiрибелi ұстаз, өнегелi тәрбиешi сыныптағыларды ұршықтай үйiрiп, оларды пайдалы iстi нәтижелi орындауға бағыттап отырады. Топтағы адамдарды танып-бiлу, басқару мәселесi, психологиялық үйлесiм ұғымымен де тығыз байланысты. Ал мұндай ахуал жоқ жерде, яғни бiреудiң қарекетiн екiншiсi ұнатпаған жағдайда, тiптi ақылға сыйымды нәрсенiң өзi де қолдау таппайды, түсiнбестік болады.

Айнаға қарағандай сияқты ұжым арқылы әркiм өз кемшiлiктерiн көруге, сөйтiп, өзiнiң жағымсызтұстарын бiлуге мүмкiндiк алады. Әрине, ол үшін әуелі өз-өзiн тәрбиелейалу қажет. Сонымен қатар ұжымның пiкiрi арқылы оқушы өзiнiң кемшілігін бiлiп, оны түсiнген жағдайда дұрыстай да алады. Сабақ үстінде оқушылар арасында ұдайы адамгершілік қарым-қатынас қалыптасса, бұған қол жеткізу қиын емес. Мұғалім де оқушылардың сабақ үстінде бір-біріне бөгет болмай, мұқият тыңдап, сыйлай білуіне бар күшін салуы қажет.

Егемен елiмiздiң өсiп келе жатқан ұрпағын ойлы да iскер, батыл, өзiне-өзi сенiмдi, интеллектуалдық деңгейi биiк азамат етiп тәрбиелеуде мектептің, соның ішінде сыныптағы ахуалдың алатын орны ерекше. Сондықтан қазіргі кездегі оқу үрдісінде сыныптағы балалардың  ауызбіршілігін, бірлесіп жұмыс атқаруын дамыту мақсатында жаңа технологияны пайдалану тиімді екенін ұмытпау керек.

Анна ҚҰСПАНОВА,

№10 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button