Білім

Олар — дарынды оқушылар

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыстың мақтанарлық әлеуеті — халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жарыстардың жеңімпаз оқушыларын марапаттау жиыны өтті.

Облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева облыс оқушыларының құрама командасы Қостанай қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада ІІІ орынға ие болғанын, дарынды оқушылардың шетелде де ел Туын биік ұстап желбіретіп жүргенін атап өтті. Одан соң жүлдегерлерге дипломдар мен гүлдерді табыстап, естелік суретке түсті.

Марапатқа ие болғандардың бірі — Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназиясының түлегі Ағлен Тілеулесова. Ол жақында Венгрияның Будапешт қаласында өткен білім бәйгесінде ағылшын тілі пәнінен ғылыми жоба қорғап, алтын медаль жеңіп алды. Болашақта ағылшын тілінен үздік аудармашы болғысы келетін Ағлен Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне түсуді көздеп отыр.

Ал №27 Ақтөбе орта мектебінің түлегі Айнұр Махмудова мен қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы Әнуар Әлденов профессор Жайшылық Сартабановтың жетекшілігімен «Евклид сақинасы және сандардың қарапайым элементтері» тақырыбындағы ғылыми жоба бойынша былтырдан бері ізденді. Биыл екеуі Грекияның Афины қаласында өткен Еуромас халықаралық олимпиадасында математика пәні бойынша осы тақырыпты қорғап, күміс медальға ие болды.

Республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының Ақтөбе филиалының директоры Жәния Есенжолова:

— Осы оқу жылының ІІ жартыжылдығында біздің облыстан 26 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан, 10 оқушы республикалық ғылыми жарыстардан жүлдемен оралды. Сәуір айында да шетелде орын алып жүрген 35 дарынды оқушыны осылай марапаттадық. Жақында біз Астанадағы министрлікке осы 71 дарынды оқушыны ұлттық бірыңғай тестілеуден босатуға өтініш білдірдік, — деді.

Шара соңында дарынды оқушылар білімдерін сынауға жағдай жасап отырған облыстық білім басқармасы мен «Дарын» орталығына рахмет айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button