Жаңалықтар

Жол тазалығы — қатаң бақылауда

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымының өту барысы мен жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау мәселелері талқыланды.

Жиынға жолдарды қардан тазартуға, қала аумағының санитарлық жағдайына, қоқыстарды шығаруға жауапты мемлекеттік органдар мен мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. 1-3 қаңтар аралығында облыс бойынша электр желілерінде — 27, тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі жылу желілерінде тағы 3 технологиялық ақау тіркелді. Барлығы тез арада қалпына келтірілді. Халықты және әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз етуде еш проблема жоқ.

Облыс әкімі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңде тұтынушыларды жылу энергиясымен қамту мәселелерімен айналысатын басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмыстарына қанағаттанбайтынын жеткізді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы нысандардың тек 17 пайызында (соның ішінде көппәтерлі үйлерде) жылыту маусымына дайындық паспорты бар. Облыс әкімі бұл мәселе жүйелі шешімді талап ететінін атап өтті.

Қала жолдарын қардан тазарту мәселесіне қатысты да жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.

— Қыс мезгілінде жолды қар мен мұздан уақтылы тазарту — ең қиын жұмыстардың бірі. Автожолдарды қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, алайда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыстарды күшейту қажет,— деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 1-4 қаңтар аралығында Ақтөбеде 1,5 айлық жауын-шашын мөлшері түскен. Облыс әкімі шаһар аумағынан қарды жедел шығару жұмыстарына ірі өндірістік кәсіпорындардың техникасын да тартуды тапсырды. Қысқы жол күтіміне тартылған мердігерлік ұйымдардың жұмысына жеке-жеке баға берілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі мердігер ұйымдардың техникалары мен жұмысшылар санын, олардың  бар-жоғын тексеруді тапсырған болатын. Нәтижесінде бірқатар компанияларда техниканың нақты саны мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу кезінде мәлімделген деректерге сәйкес келмейтіні анықталды. Ал қолда бар арнайы техниканың жай-күйі көңіл көншітпейді.

— Жауапсыз мердігерлерге қатысты тиісті шаралар қабылданады. Келер жылы тендерлерге қатысу шарттары өзгеше болуы керек. Міндеттемелеріне немқұрайды қараған компания бірде-бір жұмысқа тартылмауы тиіс, барлық техника конкурс аяқталғанға дейін тексерілуі керек, — деп тапсырды облыс әкімі.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов жеке аумақтардан қар шығаруды қамтамасыз етуді жауапты басшыларға міндеттеді.

Алдағы күндері де жауын-шашын болады деп болжанып отыр. Шағын және орта бизнестің барлық субъектілері қысқа мерзімде өз аумақтарын, оның ішінде іргелес аумақтарды тазалап, жолдардың жанына қар үйіп қоймай, оны дереу арнайы полигонға шығаруға тиіс,—  деді өңір басшысы.

Қоқыс шығаратын ұйымдардың алдына қаланың контейнерлік алаңдарындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды тез арада шығару міндеті қойылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button