Әлеумет

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3 450 теңгеге өсіп, ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды.

Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 24 341 теңге, зейнетақының ең азы 53 076 теңге болып белгіленді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 40 567 теңге.Бұл туралы бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментініңбөлім басшысы Жаңыл Аймұхамбетова түсіндіріп берді.

Жаңа жылдан бастап еліміздегі зейнеткерлердің зейнетақысы көбейді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 53 076 теңге болды. Биыл 1 қаңтардан бастап 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып бекітілді, — дейді ол.

Медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелеріндегі адамдардың әлеуметтік жәрдемақысы да ЕТКД көлеміне сай өсті. Сондай-ақ ЕТКД сәйкес мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және күтімді жүзеге асыратын адамға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көбейді. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері де 8,5 пайызға артты.

Сонымен бірге бала туғанда тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бiр жарым жасқа толғанға дейiнгі бала күтiмiне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, «Наградталған аналар» санатындағы көпбалалы аналарға берілетін, сондай-ақ бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар, оның ішінде 23 жасқа толғанға дейіноқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де АЕК мөлшерінің көбеюіне байланысты өсті.

— Биылғы үлкен жаңалық: жаңа туған аналар баласының қасында бір жарым жасқа дейін отыра алады. 1 қаңтардан бастап төлем тағайындалатын мерзім бала бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова.

Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтарға және  саяси қуғын-сүргiн құрбандарына тағайындалған біржолғы ақшалай өтемақы мөлшеріде АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейтілді. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жаңа мөлшерге қатысты шешімдерді бекітіп, облыс бойынша қаңтар айының жаңа мөлшердегі зейнетақысымен әлеуметтік төлемдері иелерінің қолына бүгіннен бастап тиіп жатыр.

А.ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button