Жаңалықтар

Жыл басы: не өзгерді?

Баж салығы қымбаттады

1 қаңтардан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері ұлғайғанына байланысты құжаттарды алу кезінде төленетін мемлекеттік баж салығының мөлшері де қымбаттап отыр. Атап айтсақ, төлқұжат алу құны — 8 АЕК немесе 27 600 теңге. Жеке куәлік алу құны — 0,2 АЕК немесе 690 теңге. Жүргізуші куәлігінің құны — 1,25 АЕК немесе 4312 теңге.

Ал сәбиге берілетін туу туралы куәлік тегін болады. Бірақ актінің жазбасын өзгерту, толықтыру, түзету және қалпына келтіру шығыны — 0,5 АЕК  немесе 1 725 теңге. Сондай-ақ неке куәлігін алу құны — 1 АЕК  немесе 3 450 теңге. Ал неке туралы куәлікті қайта беру құны —  0,5 АЕК немесе 1725 теңге. Ажырасуға өтініш берген кезде төленетін мемлекеттік баж салығы — 2 АЕК  немесе 6 900 теңге.

Кімдердің жалақысы өсті?

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 10 пайыздан 70 пайызға, әскери қызметшілердің жалақысы 60 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ педагогтердің еңбекақысы тағы 25 пайызға артады. Бұл бірінші кезекте балабақша тәрбиешілеріне, мектеп және колледж педагогтарына, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты.

Бұдан бөлек, елімізде жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің еңбекақысы да өседі.

Жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған, бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.

Айыппұл мөлшері артады

1 қаңтардан бастап автокөлік қозғалысының жылдамдығын 10-20 километрге арттырғаны үшін жүргізушілер 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл төлейтін болады. Бұрынғы айыппұл көлемі 15 315 теңге болатын. Ал сағатына 20-40 километрге арттырса, 10 АЕК немесе 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, былтырғы мөлшері — 30 630 теңге. Жылдамдықты сағатына 40 километрден асырғаны үшін 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл төлейді. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайта арттырған жағдайда 30 АЕК немесе 103 500 теңге айыппұл салынады. Ал автокөлікті жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл салынады, 2022 жылғы оның құны 61 260 теңге болды. Көлікті жүргізу құқығынан айырылып, көлік айдағаны үшін азаматтарға 50 АЕК немесе 172 500 теңге айыппұл салынады, не болмаса, 20 тәулікке қамауға алынады.                                                                                              Сонымен қатар жол белгілері мен оның талаптарын сақтамағаны үшін жолаушылар 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл төлейді. Бағдаршамның «қызылына» тоқтамаған немесе жол диспетчерінің тыйым салу қимылына құлақ аспаған жағдайда 10 АЕК немесе 34 500 теңге айыппұл салынады. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері немесе тротуармен жүрсе, 15 АЕК немесе 51 750 теңге айыппұл төлейді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button