Жаңалықтар

Бексұлтан баспаналы болды

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Бразилияда өткен XXIV Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Бексұлтан Малайдарға пәтер кілтін табыстап, үйіне құтты болсын айта барды.

— Бексұлтан бауырымыз Бразилияда өткен Сурдлимпиадада қарсыластарынан оза шауып, еліміздің көк Туын биікке көтерген сәті есімізде. Бұл — тұтас еліміз үшін үлкен мәртебе. Жаңа жыл алдында чемпионның сол еңбегінің лайықты марапатын табыстап, қуанышына ортақтасуды жөн санадық.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елдің атын шығаратын, байрағымызды биікке көтерер азаматтарымыз көп болсын! — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.   

Жаңа пәтер Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Жалпы аумағы — 48 шаршы метр.

Балуанның қуанышын бөлісуге жаттықтырушыларымен қатар, спорт ардагерлері де арнайы келді.

Бексұлтан Малайдар тек Ақтөбенің ғана емес, еліміздің мақтанышы екенін дәлелдеді. Оның әлі талай биіктерді бағындыратын болашағы зор спортшы екеніне сеніміміз мол. Аға спортшылардың атынан Бексұлтанның еңбегін бағалап жатқан облыс басшылығына алғыс білдіреміз, — деді күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқан Зарлықов.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының 1-15 күндері аралығында Бразилияның  Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарына  4 ақтөбелік спортшы жолдама алған болатын. Олар — еркін күрес бойынша Бексұлтан Малайдар, Мұхтар Есенғосұлы және жеңіл атлетикадан Ерлан Сүйеуәлиев, Руслан Орынбасаров. Сурдлимпиада қорытындысы бойынша 92 келі салмақта ұлттық құраманың атынан белдескен жерлесіміз 24 жастағы Бексұлтан Малайдар қола медальді жеңіп алса, 25 жастағы тағы бір жерлесіміз Мұхтар Есенғосұлы IV орынды иеленді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button