Мәдениет

Жүзден жүйрік шыққандар

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов 2022 жылы мәдениет саласында республикалық  байқауларда үздік танылып, толағай табыстарға қол жеткізген өнер иелерімен кездесті.

Жиынға қатысушыларға жоғары жетістіктері, мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, шығармашылықта жаңа табыстар тіледі.

Сіздердің жетістіктеріңіз — Ақтөбе өңірінің беделі. Облыс үшін үлкен мәртебе. Әрине, бұның бәрі — қажырлы еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да осындай лайықты жеңістер көп болатынына сенімдімін.

Мен бұған дейін де мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдадым. Әр мекемеге арнайы барып, жұмысымен танысу да жоспарымда бар.  Біз әрқашан өз тарапымыздан сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Ералы Тоғжанов.

Биыл елімізде сахна арқылы санаға төңкеріс жасап, жүректерден ізгілік іздейтін нағыз өнер майталмандарына арналған UMAI ұлттық сыйлығына конкурс жарияланған болатын. Алғаш рет өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам өтінім түскенімен, арнайы дайындалған жүлделер тек 19 адамға ғана  бұйырды. Өзгелерден оза шауып, үздіктер қатарынан көрінген жеңімпаздар қатарында ақтөбеліктер де бар. Атап айтар болсақ,  «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша «Үздік би тобы» жүлдесін «Ене тәрбиесі» биін ұсынған Гүлнар Мәмбетова жетекшілік ететін Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Аққу» ансамблі алды. Ал байқаудың сараптау комиссиясының ынталандыру сыйлығы Әсия Құрманалина жетекшілік ететін облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ұжымы қойған «Ит» спектакліне берілді.

Ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту мақсатында өткен «Dala dauysy» республикалық байқауында «Үздік фольклорлық музыка» номинациясын авторлық вокалдық-аспаптық туынды «Біздің ауыл тамаша» әні үшін Орал Байсеңгір марапатталған болатын. Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрында жаңа туындыларды жарыққа шығаратын авторларды қолдауға арналған байқау аясында барлығы 5 номинация бойынша 16 сыйлық берілді.

«Қазақстан театрлары-2022» мониторинг нәтижесінің қорытындысы мен Қазақстан «Театр сыншылары бірлестігі» атынан «Сыншылар жүлдесі» сыйлығын марапаттау рәсімінде «Ер Едіге» және «Ричард-ІІІ» қойылымдарын әуенмен әрлеген композитор, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының  «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің жетекшісі Серік Закария «Жыл композиторы» номинациясын иеленді.

Ал облыстық филармонияның классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұртас Омаров «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанса, облыстық филармония қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижері Мирбол Құспанов «Жыл адамы-2022» атағына лайық деп танылды.

— Әдетте, өнерді жасаушылар, орындаушылар деп бөлінеді. Бұл жерде отырғандар — өнерді жасаушылар. Бұл кісілердің жүзін көп адам тани бермеуі мүмкін. Бірақ сахнадағы керемет туындылардың артында осы азамат-азаматшалардың үлкен еңбегі жатыр.

Ақтөбе — елімізге талай мықты перзенттер сыйлаған киелі өңір. Біздің өлкеден әлі де әлемді мойындататын өнер иелері шығатынына сенімдімін, — деді кездесуде сөз алған Орал Байсеңгір.

Жиынға мәдениет саласында 50 жыл бірге  қол ұстасып келе жатқан Мағзұм- Шалқия Бақытжановтар да қатысып, жүлдегерлерді жеңіспен құттықтап, батасын берді. Облыс әкімінің сала қызметкерлеріне деген құрметіне алғысын білдірді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button