Жаңалықтар

Шалдың баласы немесе тәк-тәктан тик-токқа дейін

Ойтүрткі

Самат НАРЕГЕЕВ.

«Ақтөбе»

Бұл бір өте нәзік тақырып. Абайламасаң көңіл шынысын сындырып алуың мүмкін.

Ең үлкен ағам үйленіп, шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Әкем қуанды. Тұңғыш немересі. Тұңғыш немересінің қылығы күн сайын шығып, бәрімізді баурап барады. Ұл мен келін қонаққа кеткенде атасының қарауында талай қалды. «Мәмесін» іздеген сәби олар есіктен шығысымен, жылай бастайды. Басында аз уақыт жұбатқанымызбен, шыдам таусылып, бәріміз зыта бастаймыз. Ақыры атасы мен әжесі ұл мен келін қонақтан келгенше ұйықтамай, әлдилеп отырады. Әсіресе әкем баланың көңілін жақсы табады. Оған қыңқ демейді. «Немере жаннан тәтті» деген осы болар. Сөйтіп өскен ерке немере 5-6 жасқа келгенде ағам мен жеңгем бөлек шығатын болды. Кейінгі жас отбасыларға орын босатуы тиіс. Әйтпесе екі келіннің басы бір үйге сыя қоймайтыны сірә белгілі. Еншісін алып, бөлек кетерде жеңгеміз тағы бір ұлды өмірге әкеліп үлгерген. Ағамның дауласатын да, өкінетін де жайы жоқ. Тұңғыш немере шалдың қолында қалады. Бұл — қазақтың ерекше бір дәстүрі. Есік қатты жабылса да, ұлдарына сөйлей беретін мазасыз әкеміз немересіне келгенде қойдан жуас боп шықты. Бар тәтті соның алдында. Не бүлдірсе де оған сот жоқ. Тентек, сотқар, қиқарлығы  бір адамды қартайтады. Бірақ әкем қартаймайды. Керісінше, мәз болып, жасарып барады. Кейде еркелігі шектен шығып, қолдың сыртымен қағайын десең, шалдың қаһарынан қорқасың.  Шалдың ойында ештеңе жоқ, үлкен ұлының тұңғыш баласын иемденіп, қылығына тоймай жүргенде балажан жеңгеміз «мінез» шығарды. Тұла бойы тұңғышын «жатқа» қия алмады. Бөлек шығарда өзімен бірге алып кетті.  Бірақ әлгі ұлда «шалдың баласы» деген «статус» бар. Бізден гөрі үлкен үйге еркіндеу кіреді. Әкеміз іштей ренжігенімен, қимағанымен, «біреудің баласын» бауырына басуға  болмайтынын түсінді. Өйткені өзі де бір ұлды нағашыларына беріп, кейін олар бозбала шағында бұдан әрі баға алмайтындарын біліп, «үйіріне»  қайта табыстап кеткен. Екі тәрбие көрген сол бала екі жаққа да бағынбай, талай «шаршатқан». Десек те тұңғыш немеренің қара шаңырақта қалатын орны еді. Жеңгеміз дұрыс істеді ме, бұрыс істеді ме?.. Кейін ол бала ержетіп, бір күнде келін алып қашып келгенде не істерін білмей абдырап қалған бай мен бәйбіше үлкен ұлдарының шалдың «кенже баласы» екені естеріне түсіп, «майлы шелпекке» қарай ысырып жіберген. Сөйтсек, бәрі уақытша екен. «Шалдың баласы» келін әкелді дегенге әрі «құтты болсынның» көбі өзіне тікелей жолданғанға малданған әкеміз де ештеңе аяп қалмады. Шаңыраққа келін түсіргеніне мәз. Әрине, қуаныш ортақ, той ортақ, бала ортақ. Бұл жерде бәрі де тойдың ойдағыдай өтуіне үлес қосты. Сөйтіп, «келін жұмсаймыз» деп қуанған үлкендердің үміті де көпке бармады. Бірер айдан кейін бала-келін өз «үйіріне кетіп» қалды. Қош. «Аш бәледен қаш бәле» деп, шал мен кемпір тағы қала берді. Бірақ шөбересімен келіп, үйдің апыр-топырын шығарып, шалдың сағынышын басып тұрады әйтеуір. Бақыт деген осы болар.

Айтайын дегенім, ата-әжеге бала беру қазіргі заманда дұрыс па, бұрыс па? Әрине, кезінде әртүрлі жағдайлар болады. Ағайынға баласын аманаттап жүре беретін. Бұл екі отбасының араласып тұруына да, керісінше, бала үшін ренжісіп қалуына да себеп болатын. Бұрындары тұңғыш немересін, келіні қаласын-қаламасын, босана салысымен қағып алып, бауырына салатын әжелер болатын. Бұған салт-дәстүрден аттай алмаған кейбір келіндер қайыл болған. Көнбеске амалы жоқ.

Қазір бұл салт сәл саябырлаған сияқты. Оның үстіне қазақтың «сатып кетті» деген мысқылы тағы бар. «Ақыры туғанын тауып алды» деген сөзден қашып, көбі жасырын араласып жүр. Мұның өзі бөлек тақырып.

Рас, тәрбиеленген, өсіп-өнген әулетке беріліп, өз туғандарына «басы ауырмайтындар» да бар. Біздің аға буынның ішінде «шалдың баласы» көп. Олар — еркелеу болғанымен, ата-әже «институтынан» өткен, үлкеннің тәрбиесін көріп, қазақы ғұрыпты сіңіріп өскендер. Өйткені қанша еркелеткенімен, үлкендердің тәк-тәгі көп еді. Ал қазір балаларымыз тик-токпен «тәрбиеленіп» жатыр… Соған қарап, «шалдың баласы» болған дұрыс-ау деген ойға да қаласың…

Сіздің ойыңыз қандай, оқырман?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button