Білім

Соңғы қоңырау. 8569 түлек

Алғашқы сынақ – ҰБТ

Санаулы күндерден кейін мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Биыл облыс бойынша  8569 түлек білім ордасын тәмамдайды. Олардың 6573-і ҰБТ сынағына қатысуға ниет білдірген.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы 1-10 маусым аралығында өткізіледі.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта білім беруді дамыту және білім сапасының мониторингі бөлімінің бас маманы Майра Өтепбергенованың айтуынша, біздің облыс түлектері бұл сынақтан 4-6 маусым аралығында өтеді. Облыста  ҰБТ-ны 12 жерде өткізу жоспарланып отыр. Оның 9-ы ауданда, қалғандары Ақтөбе қаласында  орналасқан.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге алғашқы күні 1160 бала қатысады. Бұл күні тест тек қана облыс орталығында өткізіледі. Қарғалы, Мәртөк, Алға аудандарының балалары да емтиханды облыс орталығында тапсырады.  Ал екінші  топ бойынша сынаққа 4913 оқушы кіреді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында белгілі бір жүйе қалыптасты деуге болады. Алғашқы жылдардағыдай емес, соңғы жылдары талапкерлер тарапынан алаңдаушылық жоқ. Аймақтағы барлық білім ордалары  оқушыларды тестіге 10-сыныптан бастап дайындайды. Алдын ала сынама тестілер өткізіп, балалардың білім деңгейін  анықтайды. Ай сайын  салыстырып, кемшіліктердің орнын толтыруға тырысады. Сондықтан биылғы сынаққа да түлектер дайын. Бір өзгешелік, бұрын тест сұрақтары жеңіл, орта, қиын болып үшке бөлінсе, биылдан бастап жеңіл сұрақтар орта бөлімге ауыстырылды, — деді.

Биыл  ҰБТ-да емтихан тапсырушылардың тәртіп мәселесіне ерекше назар аударылады. Мектеп бітірушіге бір орыннан екінші орынға ауы­сып отыруға, емтихан материал­дарын өзге біреумен  ауыс­тыруға, көшіріп жазуға, шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиет­терді, ұт­қыр байланыс құрал­дарын (ұялы телефондар) аудито­рияға кіргізуге және қолдануға рұқсат етілмейді. Мектеп бітіруші тестілеу кезінде өзін-өзі ұстау ережесін бұзған жағдайда тиісті  өкіл оны аудиториядан шығарып жіберуге, тест нәти­желерін жарамсыз деп табуға құқылы.

Майра Өтепбергенованың айтуынша, түлектерге және ата-аналарға тест ережелері таратылып, ескертпе қағаздары берілген.  Мәселен, өткен жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында тест тапсырған оқушылардың бірі осындай келеңсіздікке байланысты аудиториядан қуылған.

Биыл барлық мамандықтар бойынша өту балы — 50, тек жалпы медицина мамандығы бойынша ең төменгі өту балы — 55. Сондай-ақ таңдау пәні бойынша 7 балл ала алмаған талапкерлер оқуға қабылданбайды. Ал шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлер әрқайсысынан ең кемі 10 балдан жинауы керек.

Салтанатты сәт

Бүгін қала мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Ақтөбе қаласындағы №38 орта мектептің ұжымы да мектеп алаңында мерекелік шара ұйымдастырды. Биыл аталған білім ордасын 53 оқушы бітірді. Оның төртеуі «Алтын белгіге», төртеуі «Үздік куәлікке» үміткер. Мектеп директоры Бимаш Тілеубергенова биылғы түлектердің  өте алғыр екенін айтады.

—  Түлектердің  барлығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Дайындықтары өте жоғары. Өткен жылғы түлектердің де көпшілігі жоғары балл жинаған болатын.  Биыл да жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысып бағудамыз, — деді Бимаш Тілеубергенова.

Биыл мектеп оқушылары облыстық,  республикалық  жарыстардан жүлдемен оралды. Мәселен, Айдана Айтжанова ағылшын тілі пәнінен қалалық олимпиаданың жүлдегері және Сүлеймен Демирел атындағы университеттің грант иегері болса, Бауыржан Серікбаев физика пәні бойынша қалалық олимпиаданың жеңімпазы атаныпты. Ал Мейргүл Қапышева Кіші ғылым академиясында облыс оқушыларының арасында ІІІ орынға қол жеткізсе, Майра Жұмағазиева облыстық би байқауында бас жүлде алды.

Соңғы қоңырау салтанатына өткен жылы білім ордасын үздік бітірген түлектер шақырылыпты. Олар өздерінен кейінгі ізбасарларына сәттілік тілеп, биылғы түлектермен бірге алаңға төселген ақ жолмен жүрді.

Ал қаладағы № 24 лингвистикалық мектеп-гимназияны  55 түлек бітірді. Оның екеуі «Алтын белгіге» үміткер. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бибатпа Әділжанова оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтарының жоғары екенін айтып отыр.

— Өткен жылдың қазан айынан бастап ҰБТ- ға дайындық жұмыстары басталды. Оқушылар түстен кейінгі уақыттарын бос өткізген жоқ. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір балалар сынаққа құлшыныспен қатысады. Тіпті, «Достық» мектебіне барып ақылы түрде сабақ алып жүрген оқушылар бар. Өткен жылы балалар жоғары көрсеткішке ие болды. Биыл да түлектеріміз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз. Мектепте оқушылардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер сабақты интерактивті тақта арқылы түсіндіреді. Бұл — оқушылардың білім алуға құлшынысын арттыра түседі. Бұдан басқа, арнайы жабдықталған физика, мультимедиялық кабинеттер жұмыс істейді. Компьютер сыныптары да жеткілікті. Яғни балалардың заманға сай білім алуы үшін оларды пайдалануға шек қойылмайды. Ұстаздар білімін жетілдіру үшін түрлі семинар, курстарға жиі барады. Тіпті соңғы жылы енгізілген «Өзін-өзі тану» пәні бойынша да мұғалімдеріміз арнайы курстан өтіп келді,  — деді Бибатпа Әділжанова.

Аталған мектепте  910 оқушы білім алса, 77 мұғалім қызмет етеді. Мектеп қазақ және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытатын болғандықтан, осы екі пәнге ерекше мән беріледі. Оқушылар түрлі сайыстарда  жүлдемен оралып жүр. Әнуар Шарафуддинов, Алдияр Балмұқанов секілді балалар жеңіс тұғырынан жиі көрінеді.

«Қимай кетіп барамыз…»

Гауһар МҰХАНБЕТОВА, №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының түлегі:

— Қазір  ҰБТ-дан сәтті өтуді ойлап жүрсек те, көңіліміздің түпкірінде мектепке қимастық сезім бар. Әсіресе, бірге жүрген достарымның жан-жаққа кететінін ойласам, көзіме жас үйіріледі.

Алдыма қойған мақсат — ҰБТ-дан жоғары ұпай жинау. Егер сынақтан сүрінбей өтсем, Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырамын. Болашақта мемлекеттік басқару қызметінде еңбек еткім келеді.

Аңсаған ҒАЗИЗ, Ойыл ауданы, Қараой мектеп-балабақшасының түлегі:

— 11 жыл білім алған алтын ордам, аяулы ұстаздарыммен қоштасатын сәт келді. Ата-ана мен ұстаздарымның үмітін ақтасам, мақсатымның орындалғаны. Қазір бар күш-жігеріммен емтиханға дайындалудамын. Биылғы мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-да сәттілік тілеймін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button