Басты жаңалықтарМереке

Төрлет, Қоян жылы!

Барыс жылын табысты аяқтап, жаңа жылдың иесі — Қоянды қарсы алғалы отырмыз.

Әдетте Қоян жылы қазақ халқының есінде жұт, аштық, қуаңшылық, ауыр жыл ретінде қалған. Тарих беттерін парақтасақ, 1867-1868 жылдары — «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жылдары — «ұлы қоян» жұты, 1891-1892 жылдары — «кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылдары «тақыр қоян» жұты болған. Сол жылдары бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел аштық пен жоқшылыққа ұшыраған. Әбден жүдеген халық әр жылға әлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен.

Десек те «жақсы сөзді жарым ырыс» санайтын біздің халық жаңа жылдан тек жақсылық күтетіні анық. Әрине, ұзын құлақ өз жылында әр адамға тек жағымды жаңалықтар мен игіліктер сыйлайды деп сенеміз.

Әуелі жаңа жылдың иесіне сипаттама беріп, сосын Қоян жылының кімге қандай сыйы барын білейік.

Жыл иесіне сипаттама

Қоян — сүтқоректі. Жер бетінде оның 50-ден астам түрі бар. Кейбірі тез жүгіруге, ін қазуға, жүзуге, ағашқа өрмелеуге бейім келеді. Дене тұрқы — 12-75 сантиметрдей болатын ұзын құлақтының салмағы әдетте жарты келіден бес-алты келіге дейін жетеді. Қоян — жылына төрт рет, кемі екі көжектен, көбі он беске дейін балалайтын өсімтал жануар.

Көжегі жүнді әрі бірден жүріп кететіндей жетіліп туады. Көзі ашылмаған кезде өте дәрменсіз болады. Алайда бірнеше күннен кейін өзі қоректенеді. Қояндардың негізгі қорегі  — сан түрлі шөп, жеміс ағаштарының қабығы, бүршігі, бұтағы. Ал көкөністер — сүйікті тағамы. Сол себепті де қоянның кей түрлері жайылымға, жеміс бағына, жас орманға үлкен зақым келтіреді екен.  Кейбіреуі індет таратады.

Қоянда тұрақты ін болмайды. Үй қояны ғана ін қазып, топ-топ болып тіршілік етеді.

Еті мен терісі кәсіптік маңызға ие, кейде әуестік үшін де ауланады.

Біздің елімізде ақ қоян, құм қояны, ор қояны деген үш түрі бар. Ақ қоян әсіресе қалың қар түсетін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарындағы орманды далада, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы таулы аймақтарда көп. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында сирек кездеседі. Жыл бойы олар жайылым жағдайына, қардың түсуіне орай, жыртқыштардың азды-көптігіне қарай қоныстарын ауыстырып отырады. Дене тұрқы — 68 сантиметр, салмағы 5-6 келідей тартады. Жазда терісінің түсі — сұрғылт қоңыр, қыста түгел аппақ болып түлейді. Ақ қоянды, негізінен, еті, терісі мен түбіті үшін аулайды.

Дене тұрқы — 38-53 см, салмағы 1,5-2,5 келідей болатын құм қояны — қояндардың ішіндегі ең кішісі. Арқасы мен бүйірі — қоңыр, кейде сұр, ал бауыры — ақ түсті. Аты айтып тұрғандай, құм қояны Арал Қарақұмы, Қызылқұм, Мойынқұмда және Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы құмды жерлерде мекендейді. Қорегін іздеуге ымырт түскен кезде, түнде шығады. Ұйығуы қаңтар мен ақпанның аяғында басталады. Құм қояны — өте өсімтал, жылына үш рет, 6-9 көжекке дейін балалайды.

Ор қоян — қояндардың ішіндегі ең ірісі. Дене тұрқы — 53-69 см, салмағы — 3,5-6 келі. Артқы аяқтары алдыңғысына қарағанда екі есеге жуық ұзын. Терісінің түсі өзгеріп отырады, әр маусымда әртүрлі. Жазда және қысқа қарай құйрығында қара жолақ пайда болады. Қазақстанның батысы мен солтүстігінде, әсіресе Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында кең таралған. Шөл, шөлейт, далалы жерлерді мекендейді. Ор қоянның тіршілік әрекеті құм қояны секілді іңірде, түнге қарай басталады.

 Қызықты деректер

  • Қоян — мысық пен иттен кейінгі ең танымал үй жануары.

  • Антарктидадан басқа барлық материкте мекендейді.

  • Жер бетінде қоянның 50-ден астам түрі бар.

  • Олар сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады.

  • Бір қызығы, екі аяғының ұзындығы бірдей болмайтындықтан, жүгірген кезде маймақ сияқты көрінеді.

  • Қоян індері бірнеше «бөлмелі» болады әрі оның тереңдігі 3 метрге дейін жетеді.

  • Қояндар етпен де қоректенеді.

  • Бұл жануардың тісі өмір бойы өседі, сол себептен олар тістерін үнемі қайрап отырады екен.

  • Дала қоянын ұстап алсаңыз, оның жүрегі қатты қорыққандықтан жарылып кетуі әбден мүмкін.

  • Қоян жаңбыр жауған кезде құлақтарын жабады. Өйткені құлағына су кірсе, ол тұмауратып ауырып қалуы ықтимал.

 Ұзын құлақтың сыйы қандай?

Қытай күнтізбесі бойынша, жаңа жылдың иесі — қара Қоян сүйінші жаңалықтарымен қуантпақ. Ұзын құлақты жануарлар  өсімтал болғандықтан, Қоян жылында әсіресе туыстық қарым-қатынастар күшейіп, неке қию, сәби сүю секілді қуанышты жайттар көп болмақ. Жаңа жыл махаббат пен сыйластыққа толы болады. 2023 жыл үйленуді жоспарлаған жандар үшін өте сәтті болғалы тұр. Яғни биыл екінші жартысын іздеген адамдардың өмірінде көптен күткен оң өзгерістер болады. Адамдар қоянды үргедек, қорқақ, әлсіз санайды. Шын мәнінде қоянның қарсыласын қатты жарақаттай алатын қабілеті бар деседі. Яғни қоян — үнемі достықты қалайтын, кикілжіңдердің шешілуіне тікелей әсер етіп, кейде қарсыластарына жол бере салатын жануар. Сыбдыр естісе, ытқып-ытқып қашатыны сияқты, олар өте байқампаз, сақ келеді. Қоянның осындай жағымды қасиеттеріне қарап, алдағы жыл тыныш өтеді деген болжам көп. Жаңа жылда есте қаларлық саяхаттар мен сапарлар көп болғалы тұр. Сондай-ақ қара Қоян мақсат қойып, өз кәсібінде биікке ұмтылғандарды үнемі қолдайды. Жыл иесі сергек болғандықтан, биыл мансап баспалдағымен көтерілу де оңай болмақ.

Ал Тышқан жылы туғандар жаңа жылда махаббат пен бизнесте және шығармашылықта табысқа жетеді. Жаңа мүмкіндіктің арқасында қосымша сенімділік пен табандылыққа ие болады. Қуанышты сәттермен қатар, қаржылай қиындықтар болу мүмкін. Сол үшін қаражатқа мұқият болғаны жөн. Қоян жылы —  жалғызбасты тышқандар тапқан табысын тойға шашады.

Сиыр жылында туғандарға да өте қолайлы жыл болмақ. Сиыр жылғыларды биыл алысқа шығатын, қызықты сапарлар күтіп тұр, жаңа қонысқа көшуі де мүмкін. Ақша табамын деп жүріп, денсаулықты күтуді ұмытуға болмайды, әсіресе жүйкені сақтау керек. Биыл — әсіресе шығармашылық жұмыспен айналысатындардың нағыз өндіріп жұмыс істейтін жылы. Дегенмен балаларына қамқорлық жасап, тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлгені жөн.

Қоян жылы Барыстарға да жайлы болады. Жыл иесі қызба мінезді, ашуланшақ, басқаға билік жүргізгенді ұнататын түз тағысын ренжітпейді. Барыс жылы туғандар күйгелектік танытпаса, Қоян жылында барлық салада табысқа қол жеткізеді. Жылдың алғашқы жартысында күтпеген қызықты оқиғалардың куәсі болады. Еңбек ететін ұжымының ортасында және отбасында бедел-мерейі арта түспек.

Жыл иесі өздері болғандықтан, Қоян жылғылар әуелі өздерінің денсаулығына мән бермек. Себебі Қоян өзінің «бауырлары» үшін қаржы саласында табысқа жетуге жағдай жасаса да, амандықтан артық ештеңе жоқ. «Ұзынқұлақтылар» жақсы достарын жолықтырады, думанды күндері көп болады. Кез келген мәселеге аса сақтықпен қарайтын қояндар тағдыр сыйына қол жеткізу үшін батылырақ, тәуекелшіл болғаны дұрыс. Әркімге ақтарылып, сыр айта берудің керегі жоқ.

Ұлу жылғылар келер жылда барлық оқиғалардың қақ ортасында болудан қорықпаса, үлкен жетістіктерге жетеді. Қоян жылында олардың абырой-беделі өсіп, өз ортасының сәні болмақ. Жаңа жылда ұлу жылғылардың барлық жоспарлы істері ілгері басады. Әдетте тұйық мінезді, барынша қарапайым көрінуге тырысатын, байсалды, құпияны сақтай білетін, көбіне үнсіз жүруді ұнататын Ұлулар жаңа жылда қызметте өседі.

Жыл иесі жербауырлаған Жыланды жек көрсе де, сыртынан бағып, жолына кесе көлденең тұрмайды. Сондықтан жылан жылы туғандар еңбекпен жиған ақшаны шаша бермей, қаржы жағына мұқият болғаны абзал. Бар мүмкіндікті жібермеу үшін батыл және үнемі мұқият болғаны жөн. Жылан жылғылар ақылды болғанымен, қызғаныш сезіміне жиі бой алдырады. Бұлар да жұртшылықтың назарын өздеріне аударып, табысқа кенеледі. Жыландар даналығының арқасында болашағын болжай алады.

Жылқылар үшін бұл жыл жақсы жаңалықтарға, соңы сәтті аяқталатын мүмкіндіктерге толы болады. Биыл олардың жеке өмірінде өзгерістер болып, шынайы сезімді бастан кешіреді. Жылқы мен қоянның тату екенін ескерсек, қызметте де биікке көтерілу өздеріне байланысты. Қоян жылы Жылқы жылы туғандарға жұмыс пен бизнесте көптеген қызығарлық ұсыныстар түседі. Үйлі-баранды жылқылар туыстарымен жылы-жарқын араласып, жан тыныштығын табады.

Жаңа жыл Қой жылы туғандарға да қолайлы болады. Қоян жылында қойларды жұмыста мансабының өсуі мен бизнес саласында жетістіктер күтіп тұр. Жаңа жылда саяхаттар мен сапарлар көбейгелі тұр. Бірақ қыдыра жүріп, денсаулығына да мән беріп қою керек. Белсенділік, табандылық, еңбексүйгіштік танытқан жағдайда үлкен табыстарға қол жеткізеді. Тек кежегесі кейін тартып, жалқаулыққа салынса, тағдырдың сыйынан құралақан қалуы мүмкін.

Мешін жылғылар үшін Қоян жылы жағымды жаңалықтарға толы болады. Өзіне-өзі ғашық болып жүретін сәнқой Мешін Қоян жылында әдеттегідей өзі ұнататын басқосуларға жиі барып, көңілді орталардан көп табылады. Мешін жылғыларға жұмыс ауыстыруға, отбасын құруға, үй салуға батыл кірісіп, көші-қон мәселесіне байланысты күрделі жаңалықтардан қорықпауы керек. Олардың бойындағы еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, істің көзін таба білер алғырлығы отбасына табыс әкеледі.

Қоян жылы Тауықтар үшін тосын сыйларға толы болады. Қаржы мәселесінде және жеке өмірде де оңды өзгерістер болуы мүмкін. Сондай-ақ келесі жылы болашақта мансаптық тұрғыда өсуге көмектесетін көптеген жаңа адамдармен танысады. Бірақ Тауық жылы туғандар денсаулығына мән бергені жөн. Жаратылысынан ауладан алыс кетпейтін Тауықтар Қоян жылында да отбасына деген адалдығын сақтайды. Тауық жылғылар жаңа жылда  ірі бір компанияның көп акциясын сатып алуы немесе лотереядан ұтысқа ие болуы мүмкін.

Ақкөңіл, айналасына ниеттес Ит жылғылар Қоян жылын жақын достарының ортасында өткізеді. Оның осы мінезін теріс көрмейтін жыл иесі де оған кездейсоқ сәтті оқиғалар сыйлайды. Жігерлі, төзімді Иттердің жеңбейтін қиындығы болмайды. Отбасында бала-шағасына қамқор бола білетін адал Иттер Қоян жылында мол қазынаға кенеледі, иығынан көп жүк түседі. Ит жылғылардың басы босы сезімге ерік бергені жөн. Өмірлік серігін таңдар алдында жүректі де, ақылды да қатар тыңдап, асықпай шешім қабылдаған дұрыс.

Доңыз жылғылар Қоян жылында басын қатырған мәселелер шешімін табады. Ісі оңға басады. Қорсылдап жүріп, бірсарынды жұмысты азап санайтын доңыздарға бұл жылы ерекше белсенділік бітіп, көшбасшылық қасиет қонады. Қиялы да, арманы да орындалады. Келесі жылы қаржылық жағынан табысты болғанымен, ақшаны бекер далаға шашпай, сақ болуы тиіс. Себебі бұл белгінің өкілдері күтпеген жерден қомақты қаржы жұмсап, үлкен заттар салып алуы мүмкін. Қоян жылында олар ағайын-туыс, достары тарапынан үлкен қолдау көреді.

Қоян жылы құт-берекелі болсын! Жаңа жылда қояндар секілді қорықпай, қашпай, жайлы, тыныштықта өмір сүрейік.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button