Білім

Тәрбиенің тірегі – өткеннің өнегесі

Тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттілігі нық орнығып, ұлттық рухы өміршең болатындығын тарих әлдеқашан-ақ дәлелдеді. Демек, тұлғалық іс негізінде ғана мемлекеттіліктің іргетасы берік қаланбақ.

Осы орайда мен өз сыныбымдағы өткізген тәрбие сағаттарын көбіне тарихи тұлғалардың өмір жолы мен еңбегін үлгі ету арқылы өткізуді дәстүрге айналдырдым. Өйткені тарихтың тағылымымен тұлға, ұрпақ, ұлт тәрбиеленетіндігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Әлихан Бөкейханов «Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз тарих болып қалады. Кейінгілерге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс, рахмет алармыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих түзу — жөнді үйретуші. Тарих — түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте көшбасшы дейтініміз де осы», — деп толғапты. Сондықтан мен сыныбымыздың тобына ауданымыздың айтулы азаматы болған марқұм атам Отар Қлипановтың есімін беріп, өзім куә болған сол кісінің ісін үлгі етуге ұмтылдым. Орынбор өңірінде туып, бұрынғы Комсомол ауданында өскен мен үшін ол кісі нағыз ұлттық тәрбиенің қайнары еді. Тектіліктің шынайы үлгісі. Кітап немесе көмекші құралға жүгінбей, көргеніңді жеткізу оңай екенін айтып жату артық шығар. Нәтижесі сол — шәкірттерімнің бәрі дерлік өмірден өз орындарын тапты. Алды ғылым қуса, ауылда еңбек етіп жүргендері тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Сондықтан ұстазға осыдан артық қандай бақыт керек. Өйткені ұлы ғұлама Әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», — депті.

Ал мемлекеттілікті тұғырлы ету қазіргі ұрпақтың Отан алдындағы басты парызы. Тарихты ұғынған жанның естілік келбеті, яғни ұлттық рухы биік болады. Оның дәлелі ретінде төл тарихымыздағы өз әлеуметтік мәртебесіне сай даналықпен Отанға адал қызмет еткен есті хандарды, кемеңгер билерді, азулы ақын-жырауларды, данагөй қарттар мен ақылды аналарымызды ауыз толтырып айта аламыз. Алайда тарихымыздағы кісілік келбетті ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлыша айтқанда, «ақыл көзімен» зерделей білген адам ғана терең түсінеді.

Мемлекетшіл рухты қалыптастыру оны өскелең ұрпақ бойына сіңіру қазіргі зиялы қауым өкілдеріне артылып отырған басты міндет. Нағыз тұлға мемлекет ісіне шынайы жанашырлық таныта алады. Ал адам бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыратын, адамды Отаншыл рухта тәрбиелейтін — тарих тағылымы. Тарих тағылымымен тәрбиеленген — ұрпақ бойында ұлттық мінез қалыптасып, ұлттық тәлім-тәрбиенің көзіне айналады. Мұның қайнар көзі — зиялылық. Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, әр ұлттың зиялылары өзіндік дербес сипатымен ерекшеленеді. Бірақ олардың мақсаты бір. Ол – ұлт мүддесі. Адамды зиялылық деңгейіне жеткізу, ұдайы жетілдіру және зиялылықты өмірде оңды қолдану ісі бүгінгі таңда өзекті міндет болып отыр.

Мемлекеттіліктің тұғыры халықтың мемлекетшілдік рухтағы тәрбиесіне, әсіресе, зиялы қауым өкілдерінің ұлттық мүдде тұрғысындағы зиялы істеріне келіп тірелетіндігі ақиқат. Сондықтан да нағыз зиялыны қалыптастыру, тәрбиелеп шығару әр ұлттың орасан зор жетістігі болмақ. Ондай ұлттың болашағы да зор. Қазақтың даналық тарихы тұлғаның зиялылық деңгейінің қалыптасуына, рухани өсіп-жетілуіне терең мән берген.

Сонымен, тектілік — ұлттық рухтың қуаты, мемлекеттіліктің іргетасы. Себебі, нағыз текті тұлға өзінің Отан алдындағы перзенттік борышын адал орындайды. Тектілікке жетелейтін — тарих тағылымы. Бірақ тарихты білу бір басқа, ал тарихтан ғибрат алу екі басқа екендігі де ақиқат.

Амансұлу ОТАРОВА,

Ш.Бекмұхамбетова атындағы

Ойыл орыс орта мектебінің мұғалімі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button