Мәдениет

Ақтөбенің «Маскасы»

Қаламызға танымал өнер адамдарының қатысуымен «Маска шоу» жаңажылдық кеші ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін сайысқа 10 өнерпаз қатысты.

Ерекше шоуға Хромтау Мәдениет үйінінің директоры, әнші Арман Жиеналиев, жас продюсер Қанат Аман, Ерхан Алданазар, «Ақтөбе Жайдарман» филиалының директоры Өркен Алтынбекұлы төрелік етті.

Бірінен-бірі өткен талантты жандардың сайысы қызықты өтті. Мен нақты екі-үш адамды дәл таптым. Кейбір қатысушыларды дауыс ырғағы мен қимылынан таныдым, — дейді «Ақтөбе Жайдарман» филиалының директоры Өркен Алтынбекұлы.

Сайысқа алғаш қатысқан қатысушылармен де тілдескен едік.

Бұл шоуға екі апта көлемінде дайындалдым. Барынша өзімнің әнші екенімді байқатпауға тырыстым. Даусымды өзгертіп «Біз біргеміз» әнін орыс тілінде орындап шықтым. Бір қызығы, қатысушылар бір-бірін көрген жоқ. Сайыс осынысымен ерекшеленді, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Әкімжан Шәкір.

«Маска шоуда» журналистер де өнер көрсетті. Солардың бірі — «Ақтөбе» телеарнасының тележүргізушісі Айбану Байнақ.

— Бұл жолғы сайыс ерекше форматта өтті. Ретро стильде ән орындаған қатысушыларды маскасы шешілмейінше табу оңай болмады. Жұмбаққа толы бұл кеш көрермендердің көпке дейін көңілінде болары сөзсіз. Мен сайыста «Аппақ гүлдер» әнін орындап шықтым. Ерекше шоу барша көрермендерге Жаңа жыл қарсаңында көтеріңкі көңіл күй сыйлады,— дейді Айбану Байнақ.

Қазылар алқасы бағалау барысында қатысушылардың іс-қимылына, сахна мәдениетіне, киімінің өнерімен сәйкес келуіне баса назар аударды.

Сайыс қорытындысына сәйкес «Ең әдемі маска» номинациясын — Айбану Байнақ, «Ең үздік маска» номинациясын — Майгүл Мұзбаева, «Көрермен көзайымы» номинациясын — Әкімжан Шәкір, «Жылдың хит ән орындаушысы» номинациясын Жұлдыз Қазихан иеленді.

Бұл шоудың ерекшелігі — жеңімпаз анықталған жоқ. Қатысушылардың барлығына  бірдей номинациялар беріліп, ақшалай сыйлық табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button