Денсаулық

38 науқас тіркелді

Желтоқсан айының басынан бері облыста коронавирус инфекциясымен 38 науқас тіркелген. Соның ішінде 22 желтоқсан күні індет 7 адамнан анықталды. Жалпы, қазір өңіріміз — жасыл аймақта.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова айтты.

Желтоқсан айында тіркелген науқастардың 7-еуі — 14 жасқа дейінгі балалар. Індетке шалдыққандардың арасында, негізінен, 40 жастан асқан адамдар көбірек. Биылғы оқу жылының басынан бері 20 оқушыдан осы індет анықталған.

Ал пандемия басталғалы бергі уақыттың ішінде облыста коронавируспен ауырғандардың саны  — 45 707 адам.

Сондай-ақ Райхан Қойшанова індеттің алдын алудың ең тиімді әдісі — вакцина алу екенін атап өтті. Қазір медициналық ұйымдарда індетке қарсы егілу үшін Қазвак, Pfizer және Синофарм вакциналары ұсынылады. 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар аналарға Pfizer вакцинасы егіледі.

Облыста вакцинаның екі компонентімен де егілгендер саны — 444 320 адам.

Департамент басшысы тыныс жолдарының жедел өтетін вирустық инфекциясы мен тұмауға байланысты жағдайға да тоқталды. Індет маусымы басталғалы бері, яғни қазан айының басынан бергі уақыт ішінде облыста 8060 адам тыныс жолдарының вирусты инфекциясын жұқтырған. Оның жартысынан астамы — 14 жасқа дейінгі балалар. Мектеп оқушылары арасында 967 жағдай тіркелген.

Ал 244 адамның тұмаумен ауырғаны анықталды. Оның ішінде 234 адам, яғни барлық ауырғандардың 95,9 пайызы — В типті, 10 адам А типті тұмау түріне шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі, атап айтқанда, 212 адам Ақтөбе қаласынан тіркелді. Сондай-ақ Қарғалы, Мұғалжар және Хромтау аудандарынан да 5-6 жағдайдан тіркеліп отыр.

Қазан айының басынан бері тыныс жолдарының вирустық инфекциясымен — 1116, тұмауға шалдыққан 161 адам ауруханаға жатқызылған. Пневмониямен 143 адам ауруханаға түсіп, 8 адам жансақтау бөлімінде ем алған.

Мамандардың айтуынша, тұмау — қауіпті әрі жұқпалы дерт. Сондықтан оның белгілері білінген жағдайда өз бетіңізбен емделмей немесе ауруханаға жүгірмей, дәрігерді үйге шақырту қажет. Қоғамдық жерлерде бетперде тағып, қолыңызды жиі сабынмен жуып жүріңіз.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button