Әдебиет

Тағдырдың өшпес іздері

Қаламгер

Биылғы желтоқсан айында жерлесіміз, қазақтың сатирик жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Ойыл ауданының құрметті азаматы Табыл Құлыяс 87 жасқа толар еді. Осы жылдың ақпан айында өмірден өткен қаламгердің туған күніне орайластырып зайыбы Күләш Маханова жеңгеміздің жазушының архивінен алып жіберген осы материалын жариялағанды мақұл көрдік. Көптеген туындылары секілді Табыл Бекқазыұлы бұл жазбасын да Ойыл өңірі деректерінен бастайды.

Тағдырда бүгінгі күн мен ертең, ертеңмен арғы күн күліп қоштасып жатады. Соның көбінде қара халық қапы кетеді. Дегенмен өкінішке толы күндердің де ізі қалады, жүректе сызы қалады. Өйткені заңды көп білмейтін халық тағдырдың маңдайына жазғанынша еңбек етуді, әйтеуір бала-шағасына талшық табуды қарастырады. Сол заңдылықтан мүлт кетпейді.

Өз басым, еңбекке ерте араластым, әлі күнге алақанымнан күс арылмайды. Оның ішінде жерге қызмет етуге ерініп көргенім жоқ. Бала кезімде әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсеев қазақ халқының мақтанышы болды. Даңқына әлі кір шалдырған жоқ. Өйткені оның асуына жүз жылда да ешкім шыға алмайтынына кепілмін.

Шығанақтың тары өсірудегі шеберлігі қайталанбақ емес. Себебі Шығанақтың өсірген тарысының тұқымы жоқ. Оны айтып отырған себебім кейде тың игеруші достарым: «Қазақтарға егіншілікті біз үйреттік», — дейді. Жо-жоқ, олай емес. Шығанақтың әкелері, олардың әкелері де егіншілікпен айналысқан. Негізі болмаса Берсеев әлемдік биікке шықпас еді. Әр гектардан 201 центнерден өнім алып, суармалық жердің тиімділігін әлем диқандарына танытты.

Мұндай ғажайып диқандар Қазақстанның жер-жерінде аз болған жоқ. Ал сол тың игерушілердің көбі ел мен жер тарихын біле берді ме? Бірақ, шынын айтсам, оған өкпе де жоқ. «Адамның басы — партияның добы» болған заман болды ғой. Мысалы, менің ескі қойын дәптерімдегі жазбаға сүйенсем, Ақтөбе облысы бойынша 1945 жылы тары егісінің көлемі 143,1 мың гектар болып, яғни барлық дәнді дақылдың елу пайызынан астамын құраса да, 1980 жылы егіс көлемі екі миллион гектардан асып кетсе де, әттең, тары өсіруге көзқарас нашарлап, өнім өндірудің салмақтық деңгейі 5,9 пайыз ғана болған-ды.

Әсіресе тың игеру жылдарында өңкей «білгіштер» жергілікті халықтың егіншіліктегі бай тәжірибесін керек қылған жоқ. Мол өнім алған диқандардан бақ тайды. Олар сөзін тыңдата алмаған соң пұшайман боп жөніне қалды. Елдің де, жердің де табиғи ерекшелігін білмейтін тыңгерлер беталды құладүздегі жерді жырта берді. Тары түгілі Қаракөл, Жақсыкөл, Шоңқайлы, Жетікөл сияқты көлдермен қатар, Ойыл, Қиыл қос өзендері құрғап қалды. Себебі өзен-көлдердің жағасындағы жерлерді жыртты, бөгеді, бүлдірді. Оның апаты зор еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп, бұрын жайғаса қоныстанған шағын-шағын қазақ ауылдары атамекенін тастап жан-жаққа көшті. Сүттей ұйып отырған халық тарыша шашылып ұлттық қасиеттерінен, қазақи тірлігінен айырыла бастады.

Бұның алғашартын да еске алмауға болмайды. Әлемді бетіне қаратпай, қылышынан қан тамып тұрған коммунистік билік 1954-1955 жылдарда тың игерушілерді нөсерлетіп төкті де салды. Өзіміз де комсомолдық жолдамамен тың игеруге кірістік. Жасыратыны жоқ, байлық теңізі ертең-ақ тасқындайтындай көрінді. 1956-1957 жылдарда асханаларда тегін нан беріле бастады. Басқа да ізгілікті істер тамыр тартып, қайырлы жұмыстардан қайтарым байқалды. Күні бүгінге дейін жемісін жеп отырған және Қазақстан экономикасының негізгі бір тірегі — астық өндіруді жоққа шығару маған әбестік болар еді. Әрине, есті басшы басқарған жер бүлінген жоқ, ессіз бастық басқарған ел де, жер де тозды.

Сол кешегі жөңкілген аласапыранда не шашылмады? Мал саны күрт төмендеді. Өйткені көші-қон кезіңде малды сойды, сатты, әйтеуір, жоқ етті. Осыдан соң солардың бірінің тұрмыс-тірлігі шайқалды, ал енді бірінің шаруасы түзелді, дегенмен қайткенде де жылы орнын суытудан пайдаға шыққандар аз еді. Одан соң ұжымшар, кеңшарларды ірілендіру, шоғырландыру, сортаң жерлерді игеру тәрізді ретті-ретсіз тағысын-тағы толып жатқан солақай тіршіліктер бір-біріне қосылып, дүниені дүрліктіріп жатты. Бүйірден тиген бұл шаншу тілді де, дінді де, экологияны да апатқа жетелей бастады.

Дегенмен ауызды құр шөппен сүртудің де реті жоқ. Тыңның арқасында қалалар, өндіріс орындары дамыды. Аты-жөнін ұмыттым, бір орыс ақынының: «Тың қазақ халқынан басқа жерде нәтиже бермейтін еді. Қазақтардың жомарттығы, ешкімді жатырқамай, жақсылық жасауға бейімділігі арқасында тың игерілді. Қазақ үйлері асханаға, жатақханаға айналды» деп жазғанын оқығаным бар-ды. Өзім жақсы білетін бір жай, мысалы, Торғай өңіріндегі бір кеңшар директоры Ө.Ыбыраевтың Ақмола қаласындағы ағасының шап-шағын үйінде 20 тың игеруші бір үзім нанды бөліп жеп, біраз уақыт тірлік еткенін айта кеткен жөн.

Рас, тың игерудің пайдасы да мол болды, шаш етектен зияны да жетіп жатты. Мен тырнақ астынан кір іздеуге қарсымын. Өйткені халықтың қақы қай заманнан да ең биікте тұрған әміршісіне байланысты. Таққа кісілігі бар адам отырса, қай халықты да риза етеді, олай болмаса барлық жұртты сеңдей соғыстырып, тоз-тоз болуға әкеліп соқтырады. Сондықтан бүгінгі егіншілер өткен кезеңнің қателіктерін қайталамай, есесіне, ғылым, білім, асыл ойды топтастырып әр гектардан кем дегенде 20,30 центнерден өнім алуды мақсат етуі ләзім.

Атамыз қазақтың «жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деуінің ерекше маңызын бәріміз бірдей біле береміз бе? Ал әр кезеңнің кемшілігіне өткен уақыты ғана төрелік етеді. Ендеше тың, меніңше, әртүсті бояулы кезең. Халық жүрген жолдың қандай да ізі қалмай тұрмайды.

Табыл ҚҰЛЫЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button