Білім

Гүлназ — үздік тәрбиеші

Қурайлы мектеп-интернатында сынып тәрбиешілері арасында «Үздік сынып тәрбиешісі-2011» байқауы өтті.

Бес бөлімнен тұратын байқауға интернаттың барлық тәрбиешілері қатысты. Олар әуелі өздерін өлеңмен таныстырды. «Бәйге» кезеңінде тәрбиешілер педагогика, психологиядан балалардың құқықтары туралы бес сұраққа жауап беріп, білімдерін сынға салды. «Педагогикалық жағдаят» кезеңінде балалармен жұмыс барысында кездескен психологиялық оқиғалардан шығу тапқырлықтары сыналды. «Тәрбиешінің жаңашылдық іс-әрекеті» кезеңінде кешенді бағдарламаға сәйкес жұмыс моделі, портфолиосы қаралып, берілген екі тақырып бойынша жазған эсселерін қорғады. Бұл кезеңде 3-сыныптың тәрбиешісі Гүлзат Қанибаева мен 9-сынып тәрбиешісі Жарқынай Бушмұхамбетова «Сыныпта шығармашылық тұлғаны қалыптастыру» тақырыбындағы эсселерін интерактивті тақтадан слайдтар көрсету арқылы қорғады. Өз кезегінде Жарқынай Бушмұхамбетова өзі жетекшілік ететін сыныпта оқитын Эльмира Ғалымжанның қалалық «Жастық думан» ән-би байқауынан І орынды жеңіп алғанын мақтан етті.

1-сыныптың тәрбиешісі Камилаш Алдоңғарова мен 6-сыныптың тәрбиешісі Гүлназ Молдабаева «Қазақстанның жаңа тәрбиешісі қандай болу керек?» тақырыбындағы эсселерін қорғады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» кезеңінде тәрбиешілер бар өнерлерін көрсетті.

Байқаудың бас жүлдесін 6-сыныптың тәрбиешісі Гүлназ Молдабаева жеңіп алды. Қалған қатысушылар да өз еңбектеріне орай сый-сыяпатқа ие болды.

Лида АХМЕТОВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button