Ауыл

Грант ұтып, кәсіп ашты

Биыл Ырғыз ауданында жстар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында грант ұтып алып, жеке кәсіп ашты. Олардың біреуі аудан орталығынан кірсабын шығаратын цех ашса, енді бірі өз наубайханасында нан өнімдерін шығарып жатыр. 

Аудандағы үздік жоба

Тәуіп ауылының тұрғыны Ерзат Тынышқали биыл қазан айында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы оқу қурсынан өтіп, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 1 млн 225 мың теңге грант ұтып алған. Алған грантына өз қалтасынан қаржы қосып, Өзбекстаннан сабын шығаратын арнайы құрылғы сатып әкеліпті. Осылайша ол ауданда алғаш рет сабын өндірісін қолға алған.

Менің негізгі мамандығым — эколог. Орал қаласында жоғары білім алдым. Алайда жеке кәсіп ашуды армандадым. Осылайша «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алдым. Міне, көптен ойда жүрген арманымды жүзеге асырып, аудан орталығынан шағын цех аштым. Қазір цехта досым екеуміз кірсабын шығарып жатырмыз. Бір айға жуық уақыт ішінде 4 мыңға жуық кірсабын шығардық. Қазір шыққан өнімдерімізді аудан орталығындағы дүкендерде сатып жатырмыз. Сондай-ақ тапсырыспен Ақтөбе, Шалқар, Арал қалаларына жөнелтіп жатырмыз. Сапасы жақсы, бағасы да қолжетімді. Мысалы, 210 грамдық кірсабынның бағасы — 200 теңге. Ал көтерме саудадағы бағасы — 170 теңге, — дейді ол.

Ерзат кірсабын өндіруге қажет шикізатты, атап айтсақ, малдың іш майы мен қолданылған күнбағыс майын Ақтөбе қаласынан тасиды. Шикізатты цехта қайнатып, бір күн кептіреді. Содан соң арнайы станокқа салып шығарады. Ерзат станогына «Yrgyz» деген жазуды да бекітіп қойыпты.

 Бұрын-соңды ауданда мұндай жоба жүзеге асырылған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы кәсібімді дамытуды көздеп отырмын. Келер жылы тағы аталған бағдарламаға қатысып, 5 миллион теңге грант ұтып алу үшін конкурсқа қатысуды жоспарлап отырмын. Егер қаражат алып жатсам, цехты кеңейтіп, иіссабын, сұйық сабын шығарғым келеді. Әзірге цехты жалға алып отырған жайым бар, — дейді жас кәсіпкер.

Ерсұлтанның наубайханасы

Ырғыз ауылының тұрғыны Ерсұлтан Еркінұлы жуырда шағын наубайхана ашты. Қазір ол күніне 100 бөлке нан, сондай-ақ тоқаштың бірнеше түрін пісіреді.

Ерсұлтан наубайхананы өз үйінің ауласынан ашып отыр. Әзірге онда жалғыз өзі жұмыс істейді.

— Биыл ауданда «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, алғаш рет өз бизнес-жоспарымды ұсындым. Осылайша мемлекеттің қолдауына ие болып, 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз грант алдым. Осы қаржыға нан пісіруге арналған пеш, қамыр илейтін станок, түрлі қалыптар сатып алдым. Міне, нәтижесінде аудан тұрғындарын дәмді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын, — дейді ол.

Жас кәсіпкер нан пісіруге қажетті жоғары және бірінші сортты ұнды Шалқар қаласынан алдыратынын айтады. Ал пісірген өнімдерін аудан орталығындағы дүкендерге тапсырады. Мұнда нанның бағасы — 180 теңге. Ал тәтті тоқаштың бағасы — 150-180 теңге аралығында.

Ерсұлтанның ендігі жоспары — наубайханасын кеңейтіп, нан өнімдерінің түрін көбейту. Сондай-ақ аудандағы жастарды жұмыспен қамту.

— Бәрі уақыттың еншісінде, сондықтан алдағы уақытта бұл жоспарым да орындалатынына сенемін. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек. Және кәсібімді дамытуға қаражат қажет. Егер мемлекет тарапынан тағы да қолдауға ие болсам, кәсібімді кеңейтер едім, — дейді Ерсұлтан.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button