Басты жаңалықтар

Ақтөбенің келбеті

Қаланы көріктендіру үшін урбанистер қандай ұсыныстар айтты?

Бұған дейін газетімізде Ақтөбені көріктендіру мен көгалдандыру үшінQ88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы арнайы шақырылғанын, олардың қолға алған жобалары туралыУрбанистер Ақтөбені қалай өзгертеді?» 3.11.2022) жазған едік. Өткен аптада Ақтөбе қаласында аталған ұйым атқарушы биліктің қолдауымен «Urbathon Aktobe — әділетті қалалар» форумын өткізді. Белгілі урбанист сарапшылар, орталық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік секторлар, қаржы ұйымдарының өкілдері қатысқан ауқымды жиында шаһардың алдағы келбеті туралы сөз қозғалып, бірқатар ұсыныс-тілек айтылды.

Шынында, болашақта Ақтөбені не күтіп тұр? Біз әр жерден жиналған сала мамандарын сөзге тартқан едік…

Урбанизация қауіпсіз жолдан басталады

Ерлан ӘУКЕНОВ,

Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығының төрағасы:

— Урбанизация процесінің шырқау шегі түбінде Қазақстанда да болатыны аян. Қазіргі таңда онсыз да халықтың 61 пайызы қалада тұрады. Және қала халқының өсу қарқыны, ауылдықтармен салыстырғанда, 8 есе көп. Осының өзі даладан қалаға көшіп келушілердің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Бұған байланысты қаланың жайлы, қай топтағы азаматтарға да қолайлы болуы үшін бірталай мәселені шешуіміз қажет. Өйткені жыл санап қоныстанушылар саны артып келе жатыр, бұл көп қиындық туғызатыны анық. Бір ғана мысал, автобустағы жолаушылардың өзі уақыт өткен сайын көбею үстінде. Бұл жаңа автобустардың қолданысқа енгізілмегенін білдірмейді, тек адамдардың саны артып отырғанынан болып жатқанынтүсінуіміз керек.

Қаладағы халық саны, экологиялық мәселелер, басқа да әлеуметтік түйткілдерді шешуде урбанистикадағы тиімді тәжірибелер мен ғылыми негізделген тәсілдер басшылыққа алынады. Бұл — дәлелденген аксиома.

Біз, урбанистер қауымдастығы,қоғамдық көлік, көгалдандыру, сәулет өнері бойынша мәселелерді шешуге ықпал етеміз. Идеяларымыз қолдау табу үшін біз әуелі теориялық негіздерді басшылыққа аламыз және құзырлы орган өкілдеріне соны көрсетеміз. Айталық, біздің ұйым Чарльз Монтгомеридің «Бақытты қала. Қала құрылысы біздің өмірімізді қалай өзгертеді?» кітабын басып шығарды. Онда қала, аудан, көше, үй, тіпті көршілердің саны бізге қалай әсер ететіні, қаланы дамыту арқылы адамдарды қалай бақытты етуге болатыны сипатталған. Шетелдіктердің қолданған тәжірибесі түсіндірілген. Сондай-ақ Джанет Садыханның «Қала үшін күрес. Қалалық революция» кітабын ұсындық. Бұлар Қазақстанның қалалары мен аудандарының әкімдері, жоғары оқу орындарының студенттері, басқа да осы іске қатысы бар азаматтарға тегін таратылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі урбанизация саласында жүйелі шараларды қолға алып, қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын қабылдауды тапсырғаны белгілі. Сонымен қатар Президент Қазақстанда жол-көлік оқиғасының тым көптігін, соның салдарынан адам өлімі азаймай отырғанын мәселе ретінде көтерді. Осы тұста біздің қауымдастық алдағы жылы жолдағы қауіпсіздікке баса мән бергелі отыр. Өйткені — жол апаттарының көбеюі — төтенше жағдай ретінде қаралатын мәселе. Ал бізде әлі күнге бұған өз деңгейінде көңіл бөлінбей келеді. Біздің ұсыныс: жолдарды тарылтып, «қауіпсіздік аралдарын орнатып», жаяу жүргіншілер жолын сәл биігірек салу, сондай-ақ тұрақ «қалталарын» жаңғырту, бағдаршам жұмысын дамыту, жалпы көше геометриясын өзгерту. Бұл талай қатердің алдын алады. Бұны Қазақстанның қалаларында жүзеге асырсақ, көптеген апаттардың болу себебі өздігінен-ақ жойылады.

Мұнымен бірге форумда швециялық «Vision Zero»  бағдарламасының жай-жапсарын кеңінен таныстырдым. Шетелде 1997 жылы қабылданған жоба оң нәтижесін беріп келеді. Неліктен сол үлгіні өзімізде қайталамасқа?!

Ресми деректерге көз жүгірткенімде, өткен жылы Ақтөбе облысында 589 жол-көлік оқиғасының тіркеліп, соның салдарынан 95 адамның қаза тапқанын білдім. Осы қаралы деректің өзі урбанизация, соның ішінде жол қозғалысына ерекше назар аударатын кездің жеткенін айғақтап тұрғандай.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Урбанистер» деп қала құрылысы мен сәулетін дамытуда атсалысатын мамандарды айтады. «Урбанизм» сөзінің өзі латын тілінен енген, тәржімалағанда «қалалық» деген мағынаға саяды.

«Ақтөбе жастары» және тұрғын үй нарығы

 Ләззат ИБРАГИМОВА,

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы: 

— Соңғы 5 жылда біздің банк салымшыларының арасында  жастардың депозиттік базасы 35 пайызға артты. Айталық, бүгінгі таңда 35 жасқа толмаған 925 мың қазақстандық «Отбасы банк» арқылы баспана алуға ақша жинап жүр. Олардың арасында ақтөбеліктер де аз емес. Өз тарапымыздан мүмкіндігінше жас талаптарға қолдау көрсетіп, жеңілдік ұсынудыжөн көреміз.Соның бір көрінісі ретінде әкімдіктермен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша тұрғын үй бағдарламаларын іске асырып жатқанымызды айта аламын. Бұл бойынша Ақтөбе облысы — тоғызыншы өңір. Жастар бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті әкімдік 300 миллион теңге бөледі. Сондай көлемдегі қаражатты біздің банк те береді. Сөйтіп, жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен несие беріледі.

Жалпы, демографиялық дүмпулер урбанизацияға, ауыл жастарының қалаға келуіне қатты әсер етеді. Тиісінше тұрғын үй нарығында жағдай өзгереді. Біз қоғамның мәселелерін шешетін нишалық өнімдерді жасауға тырысамыз. Көптеген жастар әртүрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысқысы келеді, бірақ қол жеткізе алмайтынын көріп жүрміз. Мен айтып отырған «Ақтөбе жастары» — сондай қажеттіліктен туған бағдарлама.

АЙТПАҚШЫ…

Форумда облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдағы уақытта Ақтөбеде іске асырылатын ірі жобаларға ерекше тоқталды:

— Біз ұзындығы 18 шақырым болатын, 11 аялдамасы бар «Ақтөбе экспресс» мобильді құрамын іске қоспақпыз. 41-разъезд бен Жіңішке станциясы арасында қатынайтын көлік дәлізінің арқасында көлік кептелісі мәселесінде оң өзгерістер болады.  Қоғамдық көліктің жаңа түрі арқылы орта және шағын бизнес те дамиды. Өйткені станцияларға солардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалады.

Сондай-ақ өңірдің экологиялық мәселелерін шешу бойынша жол картасын әзірлеуді бастадық. Соның аясында 2023-2027 жылдары «Қазхром» компаниясымен бірлесе  85 миллиард теңгеге экологиялық жобалар іске асырылмақ. Айталық, зауыт цехтары жаңғыртылады, қатты бөлшектер шығарындылары 99 пайызға қысқартылады, санитарлық-қорғау аумағында 100 мың ағаш егіледі. Осындай келісімдер барлық ірі кәсіпорындармен арада жасалатын болады.

Алдағы жылдары біз бюджет қаржысына және демеушілердің есебінен 400-ге жуық ауланы жаңартудыда жоспарлап отырмыз, — деді.

Қала әуелі тұрғындарға жайлы болуы керек

 Аркадий ГЕРШМАН,

урбанистика бойынша сарапшы (Ресей):

— Осы саланы зерттеп, жазып жүргендіктен, әлемнің түкпір-түкпірін жиі аралаймын. Урбанистердің көңілінен шыққан, жайлы өмір сүруге лайық бір мемлекет бар болса, ол — Нидерланды. Әсіресе соңғы 10-15 жылда салынған аудандары қолайлылығы жағынан ешбір жермен  салыстыруға келмейді. Жаяу жүргіншілерге де, автокөлік жүргізушілеріне де жақсы жағдай жасалған.

Ал енді ТМД елдеріне келсек, әлі күнге Кеңес дәуіріндегі сәулет үлгісімен «өмір сүріп» жатыр. Осыдан 40-50 жыл бұрын сәнде болған шешімдер солайымен тұр. Жарайды, әлдеқашан тұрғызылып, жасақталып қойылған шағын аудандарды жаңарту қиын десе, түсіністікпен қарауға болады. Бірақ неліктен жаңадан ашылған аудан, тұрғын үй массивтерінде жаңашылдық жоқ? Өйткені әкімдіктегі осыған жауапты мамандар, сәулетшілер басын ауыртқысы келмейді, ескі көзқарастан арыла алмай отырғанымыз сондықтан.

Ақтөбедегі форумға қатыспастан бұрын қаладағы 2-3 жылдықта бой көтерген шағын аудандарды арнайы аралап көрдім. Бірден байқағаным, қалада тұрғындардан гөрі, машиналарға жайлы жағдай жасалған. Көп жағдайда жаяу жүргіншілер жайы тіптен ескерілмеген. Мұндай сәулет шешімдерін қабылдаған құрылысқа жауапты басшылардың жаяу жүрмейтіні сезіледі. Мысалы, Ақтөбенің көлік жолы алып машиналарға арналған ба дейсің. Ені өте кең. Бұл — қате. Негізінде үлкен машиналар қалада қатынай алмайтындай етіп, жолдарды жеңіл көліктерге арнап салу керек. Бұл да болса Кеңес одағы кезінде кеңінен қолданылған әдіс-тәсілдер.Бұнықазіргі уақытта заманауи амал деуге келмейді.

Сосын жерасты, жерүсті өткелдер көптеп салынса, артық етпейді. Қазіргідей машиналар көп уақытта жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін ең тиімді тәсіл — осы. Ақтөбеде осы жағы кемшін екенін аңғардым. Бұдан басқа Ақтөбедегі аялдамалардың сиқы ұнамады. Автобус күткен адамдардың жай-күйі ескерілмеген, көпшілігінің жан-жағы қоршалмаған да. Жалпы, кез келген қала әуелі тұрғындарға, соның ішінде жаяу жүргіншілерге қолайлы болуы керектігін ұмытпайық. Адамнан асқан құндылық жоқ.

Веложолақтардың аздығы мен қоқыстың көптігін маған дейін де талайлар айтты деп ойлаймын. Оған кеңінен тоқталмай-ақ қояйын.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button