Жаңалықтар

Халықтың мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде құрылған Ұлттық кеңес қоғамдағы өзекті мәсе­ле­лерді шешуде маңызды рөл атқарды. Әсіресе билік пен халық арасында байланыс орнатуда бұл кеңестің орны айрықша. Біз Ақтөбеден Ұлттық кеңеске мүше болған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Тандем ТРК» ЖШС бас директоры Тәттігүл Талаевамен қоғамдағы талқыланып жатқан келелі мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік. Әлқисса…

— Тәттігүл Жақсыбайқызы, алдымен Ұлттық кеңестің жұмысы, онда өзіңіз көтерген

өзекті мәселелерге тоқталып өтсеңіз.

  • Қоғамдық кеңес — консультативтік-кеңесші орган. Бұл органға мүше болған кез келген азамат елде жүргізіліп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады. Мен алғашында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ал өткен жылдың 15 маусымынан бастап Ұлттық құрылтайдың мүшесі болдым. Ұлттық құрылтай да атқарушы билік пен халық арасындағы көпір болып саналатын консультативтік-кеңесші орган. Жалпы, бүгінге дейін Ұлттық кеңесте 20 Заң қабылданып, нормативтік-құқықтық актілерге 47 түзету енгізілді.

Ұлттық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде алғашқы көтерген мәселем мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу болды. Өйткені мен праймериздің қалай өткенін және оның объективті емес екенін өз көзіммен көрдім. О баста жоспар бойынша праймериз мәслихаттар құрамының 50 пайызын өзгертуі керек еді. Бұл жерде өз жұмысына тиянақты, жан-жақты, қоғамға пайдасын тигізетін жастар мен тәжірибесі мол азаматтар сайлануы тиіс еді.

Мажоритарлық жүйенің басты ерекшелігі — онда халық таңдау жасауы керек. Әрбір сайлаушы өз депутатын білуге тиіс және әрбір депутат халыққа жақын болуы қажет.  Мен мұны өз тәжірибемнен алып айтып отырмын. Себебі осы күнге дейін үш шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Ол кезде құрамына Тұрғындар қалашығы, Шанхай және Ақтөбенің басқа да шағын аудандары кіретін №7 Зауыт сайлау округінің атынан сайланған болатынмын. Мен депутат болған тұста сол округ халқының 60-70 пайызын танитынмын және сол аумақта қандай өзекті мәселелер бар екенін жатқа білетінмін. Әлі есімде, сол кезеңдерде қалалық мәслихаттың депутаттығына кандидат бір азаматтың менің өз учаскемді қаншалықты білетіндігіме таңғалғаны бар. Өйткені сайлаушылармен кездесуде мекенжай бойынша бірқатар проблемаларды көтердім. Сайлау алдында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде үй-үйді аралайтынбыз. Тұрғындардың қандай сұрақтар қоятынын, оларға қандай жауап беретінімді де алдын ала білетін едім. Кейін сайлауда партиялық тізім жасақталып, жалпы бағдарлама қабылданды. Менің ойымша, мажоритарлық жүйеде сайлаушы тек депутатқа шағымданбауы керек, керісінше, сайлаушы мен депутат бір бағытты ұстанып, қоғамдық мәселелерді бірге шешуі қажет. Жалпы бұл жүйеде әрбір сайланған депутат нақты мәселені шешуі үшін елге қызмет жасауға тиіс деп ойлаймын.

Мен Ұлттық қоғамдық кеңестің алтыншы отырысында Мемлекет басшысының алдында өңірлерді позитронды эмиссиялық, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографиямен қамту мәселесін көтердім. Себебі пандемия кезінде емханалар күндіз-түні жұмыс жасаса да, аталған құрылғылардан ақау шығуына байланысты халық тексерістен өте алмады. Соның салдарынан біз қаншама адамнан айырылдық. Бұлай болмауы керек. Біздің елімізде бір ғана сервистік қызмет болуға тиіс. Мысалы, аталған аппараттың бағасы біздің облысымызда 250 миллион теңге тұрса, оның көрші өңірлердегі құны — 450 миллион теңге. Ал сол құрылғыларды алып қарасақ, олардың шыққан жері де, техникалық параметрлері де бірдей, ешқандай айырмашылығы жоқ. Міне, осы мәселе кеңесте қозғалғаннан кейін елімізде бірыңғай оператор — «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Бүгінде бұл мекеме тегін медициналық көмектің кепілдендірілген шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен, қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы бұл құрылғылардың ешқайсысын ауыстыру мүмкін емес. Ал қымбат аппарат сатып алу үшін және оған бюджеттен қаржы бөлінуі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірнеше айға созылатын көптеген процедуралардан өтуі керек. Міне, осы

мәселені ендігі жерде «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жауапкершілігіне алады. Қазір біз  медицина саласында осындай құрылғылармен жұмыс істеуге шетелдік мамандарды тартып жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай техникалық қызмет көрсетуге өз қызметкерлерімізді жұмылдыруымыз керек.

Ұлттық кеңесте мен көтерген үшінші бастама кепілдендірілген әлеуметтік пакетке қатысты. Қазір елімізде халықтың осал топтарына жататын отбасыларға азық-түліктің 19 түрі беріледі. Сондай-ақ қайырымдылық акциялар кезінде де мұқтаж жандарға үлестірілетіндер — сол баяғы макарон, күнбағыс майы, күріш, тағы басқалар. Осы жерде біз мынаны ескеруіміз қажет: мәселен, мұқтаж отбасынан шыққан бала макарон жегісі келмейтін шығар, ол жеміс-жидек немесе шоколадты армандайтын болар. Біз баланың нені қалайтынын білуіміз керек қой. Себебі кез келген адам балалық шағында ерекше бір дүниені армандайды, жаңа нәрсені жегісі келеді, қолымен ұстап, көргісі келеді. Міне, осы мәселе Ұлттық кеңесте талқыланды. Әрине, менің ұсынысыма кеңес мүшелері түрлі пікір білдірді, тіпті, дау да болды. Мәселен, бірқатар азамат бұл мәселеге өзгерістер енгізудің қажеті жоқ екенін айтты. Себебі, олардың айтуынша, қазір кейбір отбасыларда ішімдік ішетін ата-аналар бар. Олар берілген өнімдерді ақша қылып, ішімдік ішуі мүмкін. Меніңше, бұл жерде ешқандай да алып бара жатқан мәселе жоқ. Өйткені ішетін адам болса, ол сол мемлекет берген макаронды сатып та, ішімдік ала алады. Әрбір отбасындағы ата-ана маскүнем емес қой. Көп болса олардың үлесі 10 пайыз ғана болуы мүмкін. Ал біз қалғандарына қалаған өнімдерін сатып алуға мүмкіндік береміз. Осы жерде айта кету керек, келер жылы елімізде аталған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жүзеге асырылады.

— Өзіңіз айтып өткендей, Ұлттық құрылтай — Президент пен елді жақындастыратын көпір. Құрылтай мүшелері әрдайым Президентке халықтың мұң-мұқтажын, проблемаларын жеткізіп отырады. Демек, оның жұмысы нәтижелі болуға тиіс. Осы тұста Мемлекет басшысының қолға алып жатқан бастамаларына қатысты ойыңызды білсек?

— Мен ел Президентін мақтан тұтамын және мұны ашық түрде айта аламын. Маған, ең алдымен, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты, бірізділігі ұнайды. Өздеріңіз де білесіздер, ол кісі асығыс шешім шығармайды. Сондықтан бүгінге дейін Президент сараптамадан өтпеген Заңды қабылдаған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзім ішінде  көптеген жүйелі мәселелерді шешті. Мәселен, зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік алдық, соның көмегімен қаншама адам баспаналы болды, ауырғандар емделді. Жүздеген миллион гектар жерді басып алған латифундистер пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтара бастады. Ең негізгісі, Президентіміз өз сөзінде барлық байлық халықтікі екенін айтты. Бұл да — үлкен қадам. Кешегі сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылға сайланды. Енді осы уақыт ішінде Мемлекет басшысы жоспарлаған дүниелерінің бәрін орындайтынына сенімдіміз. Мен 7 жылдан кейін елімізде өмір сүру сапасы жақсарып, Қазақстан дамыған, әлеуеті мол мемлекетке айналатынына сенемін. Әрине, басқа да қажеттіліктер болады. Дегенмен мұның бәрі сөз жүзінде емес, нақты әрекетпен іске асырылады. Ең бастысы, қазір жасалып жатқан реформалардың бәрі халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр.

Мәселен, соңғы саяси реформаларға келсек, бұрын партияны тіркеу оңай болған жоқ. Қазір ше? Қазір партия құру үшін бұрынғыдай 20 мың адам жинау қажет емес, бес мың адам жетіп жатыр. Бұрын құрылтай съезі екі айдан кейін өтуі керек болса, енді ол үш айға ұзартылды. Филиал желісі 6 ай ішінде тіркелуі керек болса, енді оның мерзімі бір жыл деп өзгертілді. Ал филиалдық желіге мүше адамдардың саны бұрын 600 болса, қазір ол 3 есеге қысқарды. Демек, кез келген адам партия құрғысы келсе, алдымен оны ұстап тұруы шарт, қаржыландыруы және өз бағдарламасын ұсынуы керек. Бар болғаны — осы.

  • Сіз қазір облыстық қоғамдық кеңесті басқарасыз. Өңірде қандай мәселелер қозғалып жатыр?
  • Біз қоғамдық кеңесте халықтың мүддесін қорғайтын өзекті мәселелерді көтереміз. Мысалы, жер мәселесін айтуға болады. Бүгінге дейін өңірде заңсыз берілген жерлер бар. Біз мұны кеңес отырыстарында талқыладық. Екіншіден, үш жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған мәселе — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі. Жалпы бұл мекемені «чемодан» деп атауға болады: лақтырып тастауға болмайды, ал көтеріп жүру өте қиын. Себебі қазір мен бұл мекеме қызметінің тиімділігін көріп тұрған жоқпын. Неге дейсіздер ғой?.. Біз бұл мәселені осыған дейін де көтеріп келдік, ұсыныстар да бердік. Мысалы, қазір ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қарапайым шаруалар облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарына өз өнімдерін қою үшін көптеген кедергілерден өтуі керек. Олардың қатарында делдалдар, алыпсатарлар бар. Сондай-ақ бүгінге дейін корпорация өкілдері өз малын басқа облыстардан әкелді. Ал қарапайым тұтынушылар өндірушінің бағасымен азық-түлік сатып ала алмайды. Яғни коммуналдық базардың басқа коммерциялық базардан еш айырмашылығы болмай тұр. Аудандарға келсек, қазір оларға өз өнімдерін сатуы үшін орындар берілді. Ал олардың алдағы «тағдыры» өздеріне байланысты болып отыр.

Сонымен қатар өңірдегі мәселелердің бірі — тұрақтандыру қорының жайы. Мұнда да

адами факторлар бар. Өздеріңізге белгілі, бір кездері облыста картоптың бағасы едәуір көтерілді. Қазір көкөніс қоры жеткілікті мөлшерде және сапасы да жақсы. Алайда тұрақтандыру қорының өнімдері әлі күнге дейін облыс орталығындағы супермаркеттерде сатылуда. Ал бұл сауда орындары — коммерциялық құрылымдар. Ол жақта өнімдер шіріп, бұзылса, олар қорға кері қайтарылады. «Пригородное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайтарылған картоп олардікі емес, сырттан әкелінген өнімдер екенін айтады. Сонда қордың халыққа қандай пайдасы бар? Сондай-ақ бүгінде қордағы өнімдердің бағасын бақылау да мүмкін болмай отыр. Меніңше, бұл — үлкен мәселе.

Сондай-ақ қант мәселесін алып қарасақ, бұған дейін өңірде қант жетпей, халық дүрліккені есімізде. Облыста 2000 тонна қант супермаркет желілеріне жеткізілді, алайда олардың бағасын ешкім қадағалай алған жоқ. Меніңше, бұл жерде әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардың азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуы үшін жаңа механизм ойластыруымыз керек. Сондай-ақ өңірде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру бағытында жұмыс істейтін дүкендері бар. Олар 2016 жылы «100 дүкен» жобасы аясында ашылған болатын. Міне, сол дүкендер іс жүзінде  қосалқы жалға беріліп отыр. Сонда олар тұрақтандыру қорының өнімін өткізбесе, не үшін ашылды? Міне, осы және өзге де мәселелер бойынша қазір облыстағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға қатысты арыз-шағымдар жеткілікті. Меніңше, «100 дүкен» жобасын қайта жаңғыртып, халықты қолжетімді бағаға азық-түлікпен қамтуымыз керек.

Біз, қоғамдық кеңес мүшелері, осындай мәселелерді отырыстарда қарап, талқылаймыз. Түптеп келгенде, мұның бәрі тұрғындардың, елдің игілігі үшін жасалады. Сондықтан қазіргі таңда қоғамдық кеңес билік пен халық арасында алтын көпір орнатып отыр десек, артық айтқандық емес. Осы тұста мынаны айта кеткім келеді, кейбір адамдар мәслихат пен кеңестің қызметі бірдей деп түсінеді. Алайда бұл қате түсінік. Облыстық мәслихат бюджеттің бөлінуін қамтамасыз етсе, облыстық қоғамдық кеңесте нақты азаматтық ұстанымдар негізге алынады. Мұнда кез келген кеңес мүшесі өз пікірін ашық білдіріп, оң өзгерістерге жол ашады.

Сөз соңында айтарым, Ұлттық кеңес те, өңірлердегі қоғамдық кеңестер де халық мүддесін қорғайды. Біз халықтың өкіліміз, сондықтан қай кезде де, ең алдымен, елдік мүддені бәрінен биік қоюға тырысамыз. Президентіміздің өзі: «Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік», — деген еді. Сондықтан Мемлекет басшысының осы ұстанымын біз де қолдауымыз керек.

Әңгімелескен Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button