Тарих

Әлиханды айыптаған хат

Кеңес билігі орнағаннан кейінгі кезеңде Қазақстан үшін шешімін күткен күрделі мәселелердің бірі — Ресей империясы тарапынан жүргізілген отарлық жер саясатының зардаптарын жою еді. Алайда бұл бағыттағы істер соңына дейін жеткізілмей, керісінше, жаңа үлгідегі кеңестік отарлық жер саясатына жалғасып кетті. Ұлттық мүддеден одақтық мүдде жоғары қойылып, тағы да сырттан қоныстандыру үшін «артық жер» іздестіру, ол үшін жер нормасын белгілеу, жер қорын дайындау, осы жұмысты ыңғайлау мақсатында Қоныстандыру комитетін құру мәселелері көтерілді.

Сөйтіп, кеңестік билік тарапынан жер мәселесіне байланысты қазақтарға қысым көрсетіле бастады.

Бұл жағдай бұрынғы алаш қайраткерлерін де,  кеңестік қызметтегі  ұлт өкілдерін де алаңдатпай қоймады. Қазақ қоғамына ықпалын тежеу үшін еріксіз елден кетіріліп, 1922 жылдан бастап Мәскеуге тұрып жатқан Әлихан Бөкейханов республиканың кейбір басшыларымен келісе отырып, қазақ даласында шаруашылыққа қолайлы жер нормаларын анықтау үшін КСРО ҒА тарапынан С.П.Швецов экспедициясының ұйымдастырылуына мұрындық болып және оның жұмысына да тікелей араласады. Патшалық Ресей кезінде де осындай жұмыстармен бірге айналысқан таныс ғалым басқарған экспедицияның құрамына өзі де кіреді.

Назар аударарлық жай, Қазақстанға баруына Сталиннің өзі тыйым салған Ә.Бөкейхановты билік бұл жұмысқа Одақтың аты әлемге әйгілі ғалымдарының қолдауымен ғана  жіберуге мәжбүр болған еді. Есесіне, басқан әр қадамына тиісті орындар тарапынан қатаң бақылау орнатылды.

Зерттеу жұмысына тартылған территориялар үш зерттеу ауданына бөлінеді: батыс бөлікке Орал губерниясы мен Адай уезі, шығыс бөлікке Семей және Ақмола, орталыққа Ақтөбе және Қостанай губерниялары кіреді.

Батыс ауданды зерттеу тобына жетекшілік ету отряд бастығы С.П.Швецовтың  аға көмекшісі Әлихан Бөкейхановқа тапсырылады.

Экспедиция құрамының жиналу орталығы ретінде Ақтөбе қаласы алынады. Басшылық Орынбор (қазіргі Әйтеке би) көшесіндегі №30 үйге орналасады да, жұмыс 1926 жылдың 1 маусымында басталады.

Батыс өңірдегі жұмыстар, негізінен, қыркүйек айының бас кезінде аяқталады. Материалдарды сұрыптау, санақтық есептеу жұмыстары Ақтөбе қаласында жүргізіледі. Мамандар тапшылығы да байқалады. Осыған байланысты С.П.Швецов көрсеткендей, маман дайындау мақсатында экспедициялық отряд бюросы сол қыркүйек айында қалау білдірген жандар үшін кешкі сабақтар ұйымдастырады. Сабақ жүргізуді ұйымдастырушылар Ә.Бөкейханов пен санақшы, бюджет маманы А.Слемзин болған. Сабаққа 15, кейде одан да көп жандар қатысқан. Ә.Бөкейхановтың Ақтөбе қаласындағы іс-әрекеті жайында дерек жоқтың қасы. Дегенмен Ақтөбе өңіріндегі қуғын-сүргін, оның зардаптарын зерттеу мәселесімен айналысу барысында облыстық архив қорларынан аса құнды дерекпен танысудың сәті түсті. Онда губерниялық партия хатшысының Ф.Голощекиннің жеке өзіне арналған аса құпия хаты берілген. Хатта Ә.Бөкейхановтың топ алдында кеңестік саясатты сынға алғаны, жер мәселесіндегі қайшылықтарды шешу жолдарын ұсынғаны, халық оны өзінің көсемі ретінде көретіні, т.б. жайында айтылады. Бұл баяндалған оқиғалар экспедиция жұмысына аттанардан бұрын, яғни  бөлінген қаржының кешіктірілуіне және экспедиция мүшелерінің жиналып болмауына байланысты Ақтөбеде уақыт жоғалтып, бөгеліп қалған кездерінде не экспедициядан оралған қыркүйек айының ішінде болуы мүмкін.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Исаак Беккер (1898-1937 жж.) 1914 жылдан бастап РСДРП (б), яғни большевиктер партиясы қатарында болған. Кеңес және партия жұмысына 1917 жылдан бастап-ақ араласып, соның ішінде Қазақстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Ақтөбеде ол 1925-1926 жылдары БКП (б)-ның губерниялық комитетінің жауапты хатшысы болған.

1926 жылы 20 қыркүйектің түнінде Ә.Бөкейханов жергілікті ОГПУ қызметкерлері тарапынан тұтқындалып, Мәскеуге жөнелтіледі. Тарихшылардың көрсетуінше, тұтқындалуына оның заңсыз Қызылорда қаласына баруы себеп болған. Дегенмен тағы бір себебі осы, беріліп отырған деректе көрсетілген жағдайлардың болуы да ғажап емес. Себебі 1937 жылдың қыркүйек айындағы айыптауларда Ә.Бөкейхановтың Қазақстанға барған әр сапарында «билікке қарсы әрекет еткені» келтіріледі. Әрине, осы мәселе төңірегінде әлі де нақтылай түсетін, анықтайтын, тереңірек қарайтын жайттар баршылық.

Тағы бір ескерер жай, құжатта деректің қай жылы берілгені көрсетілмеген. Дегенмен оның 1926 жылы жазылғаны күмән тудырмайды:

« Өте құпия

Жеке өзіне

Қаз.өлкелік комитетінің жауапты хатшысы

ж. Голощекинге

Ақтөбе губерниясы территориясына Алашорда үкіметінің бұрынғы басшысы Бөкейхановтың келуінің зиянды екенін Сізге хабарлауды саяси қажеттілік деп санаймын. Оның біздің жерге келуінің және кеңестік аппаратқа ықпал етуге тырысушылығының саяси қауіптілігі фактілері мыналар:

  1. Педтехникум басшысы Имашев жолдастың (БКП мүшесі) хабарлауынша, ауыл мұғалімдерінің жатақханасына (қайта даярлауға шақырылған 100-ге жуық адам) келіп, олармен Қазақстандағы кеңестік саясат жөнінде, оның Ресейдің отарлық саясаты екендігі, жүргізілуі тиіс ұлттық саясатқа еш келмейтіндігі жайында әңгіме жүргізеді. Қоғамтану пәнін Имашевтің жүргізетінін сұрап біліп, ұлт жанашыры өзін осы жұмысқа тартпағаны үшін оның атына қатты-қатты реніш сөздерін айтады. Осы әңгімелесуден кейін ол мұғалімдермен жиі-жиі кездесіп тұрады.
  2. Бөкейхановтың газетке экспедиция мақсаты жөнінде жазған мақаласында кеңестік биліктің Қазақстандағы жер саясатының дұрыс еместігін меңзеп өтетін жерлері болған, бірақ ол жолдары газетке жіберілмегені жөнінде мені хабардар етті. Дегенмен «Кедей» газетінің редакциясынан ол мақаланың түпнұсқасын таппадым. Айтуларынша, редакция оны жоғалтып алған, әрине, күдікті жағдай немесе кейбір жолдастардың көрсеткеніндей, біздің редакцияның онымен жеке байланысы бар, сондықтан мақаланың түпнұсқасын өздерінің архивінен алып тастаған.
  3. Меніңше, партия мүшелерінің басым бөлігі Бөкейхановпен байланыстары бар және оның ықпалына түскен. Себебі көптеген жолдастар оның пәтеріне барып, пікірлеседі. Ол жөнінде педтехникум меңгерушісі Имашев жолдас ауыл мәселесіне қатысты бір мәжілісте ашық айтты: «Бұл арада отырғандардың барлығы коммунистер сияқты, шындығына келгенде, олар үш партия мүшелері: 1) Алашордашылар ІІ) Коммунистер ІІІ) Центристер /алашордашылар мен коммунистердің ортасындағылар/ … Осы үш топ Қазақстанды төменнен жоғары қарай, яғни ауылдан бастап өлкелік аппаратқа дейін қамтиды». Бұл мәлімдеме көп жағдайды аңғартады. Бөкейханов келгенше ешкім мұндай арыз, мәлімдемелер түсірмеген еді.
  4. Анығы тексерілуі керек мәлімет бойынша жер дауына қатысты сот мәжілісі кезінде бір қазақ қызметкері сот төрағасы Тоқтыбаев жолдасқа келіп, қазақша Бөкейхановтың «мәселені былай шешу керек» деген ұсынысын жеткізеді және сот сол ұсынысқа тоқтайды.
  5. Ең соңғысы, жақында біреу (дәл кім екені белгісіз) Сұлтанбеков жолдасқа (оның сөзін келтіріп отырмын) Бөкейханов Адай уезіне келгенде (экспедиция жұмысы бойынша), ақ киізді үлкен ағаш үй (Хан үйі сияқты) тігіп, көп халық шығып, оны «Хан» ретінде қарсы алғанын жеткізеді. Жалпы айтқанда, ол не баяғы кездің, не Алаш-Орда Ханының рөлін ойнауды жалғастыруда. Мұның өзі оның  Кеңеске қарсы белсенді әрекетін көрсететін факт болып табылады.

Осының бәрін Сізге тиісті шара қолдану үшін хабарлауды қажет деп есептеймін».

Архивтен табылған хаттың мазмұны осындай. Оған: «Жолдастық сәлеммен: БКП (б) Губком хатшысы» деп қол қойылып, жақша ішіне Беккер деген фамилия жазылған.

Ұзақбай ИСМАҒҰЛОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button