Басты жаңалықтарСпорт

Сегіз құрама ширек финалға шықты

Әлем чемпионаты-2022

20 қарашада басталған кезекті Әлем чемпионаты, міне, ширек финалға жетіп бір демалды.

2 желтоқсанға дейін созылған топтық кезең ойындары аса көп жаңалықтар әкеле қойған жоқ.

Жанкүйерлерді екі сенсация ғана дүр еткізді. Бірінші турда Аргентинаның Сауд Арабиясынан (1:2), ал Германияның Жапониядан (1:2) бірдей есептермен жеңілуі ғана қызу әңгімеге өзек болды. Рас, Аргентина бұған тіпті де мұқалған жоқ, одан соң екі рет 2:0 есебімен жеңіске жетіп, ұпайын түгендеп алды, 1/8 финалға бірінші орынмен шықты. Ал Германия сол жеңілістен соң оңалмады. Испаниямен тең ойнап, Коста-Риканы жеңгенімен, топтық кезеңнен аса алмады.

*   *   *

Дегенмен, айта кеткен жөн, бірде-бір ұлттық құрама осы топтық кезеңде түгел жеңіске жетіп, 9 ұпай еншілей алған жоқ. 9 ұпай еншілеуге мүмкіндігі жеткілікті болды дерлік Бразилияның өзі үшінші турда Камеруннан 0:1 есебімен жеңіле салды. Сірә, бұл құрама өз футболшыларының қуат-күшін толық сарқып тастағысы келмеген де шығар. Сол үшінші турда Францияның Тунистен 0:1 есебімен, Португалияның Оңтүстік Кореядан 1:2 есебімен жеңілуін де осы ыңғайда қарастырған мақұл секілді. Өйткені бұл үш құрама да (Бразилия, Франция, Португалия) екінші турдың қорытындысы бойынша-ақ 1/8 финалға өтіп кеткен еді. Кәнігі бапкерлер Тите, Дидье Дешам, Фернанду Сантуш басы артық ұпайдан гөрі өз жұлдыздарының бас амандығын көбірек ойлаған сыңайлы.

Сонымен, топтық кезеңнен 16 команда аса алмай қалды: Катар, Эквадор, Иран, Уэльс, Мексика, Сауд Арабиясы, Дания, Тунис, Германия, Коста-Рика, Бельгия, Канада, Сербия, Камерун, Уругвай, Гана.

*   *   *

Сөйтіп, 3 желтоқсан күні басталған 1/8 финал ойындарына іріктелген 16 команда шыға келген болатын. Бірақ бұлардың арасында да нағыз жүйріктер болатыны белгілі ғой. Біздіңше, осы кезеңдегі кездесулерде де жанкүйерлер ерекше үміт артқан сол жүйріктер озды.

Нидерландының АҚШ-ты (3:1), Аргентинаның Австралияны (2:1), Францияның Польшаны (3:1), Англияның Сенегалды (3:0), Бразилияның Оңтүстік Кореяны (4:1), Португалияның Швейцарияны (6:1) ұтқандарын қалыптасқан немесе күткен заңдылықтар ретінде де қабылдауға болады.

Екі ретте кездесуге қосымша таймдар қосылды.

Жапония мен Хорватия негізгі уақытта 1:1 есебімен итжығыс түсіп, 30 минутқа созылған қосымша екі таймда қақпаларға гол енбеген соң, пенальтилерге кезек берілді де, хорваттар 3:1 есебімен басым түсті. Сонша көп уақытқа созылғаны болмаса бұл ойында да хорваттықтардың әлеуеті мықты екендігі аңғарылып-ақ тұрды.

Ал сол пенальтилер сериясында Испания футболшыларының Марокко аяқдоп шеберлерінен 0:3 есебімен ұтылуы айта жүрерлік-ақ оқиға болды. Не негізгі уақытта, не қосымша қос таймда бірін-бірі ала алмаған қос құрама алаңнан осылайша тарасты.

Бірінші турда Коста-Риканың қақпасына жауапсыз 7 гол соққан испаниялықтардың бұл кездесудегі дәрменсіздігі түсініксіз болып қалды. Бұдан төрт жыл бұрынғы додада да Испания осы 1/8 финалда сүрінген болатын.

Бұл ретте Әлем чемпионаттарында Марокко құрамасының 4 рет топтық кезеңде (1970, 1994, 1998, 2018) ойнағанын, 1 рет 1/8 финалға жеткенін (1986), ал ширек финалға бірінші рет шығып отырғанын айта кеткен жөн.

*   *   *

Енді жанкүйерлерді ширек финалдар сайысы күтіп тұр.

9 желтоқсан. 20.00 — Хорватия-Бразилия.

9 желтоқсан. 00.00 — Нидерланды-Аргентина.

10 желтоқсан. 20.00 — Марокко-Португалия.

10 желтоқсан. 00.00 — Англия-Франция.

Бұның арғы жағында ең қызықты төрт кездесу (жартылай финал, үшінші орын үшін ойын, финал) күтіп тұрғаны және белгілі.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button