Жастар

Жарысты әрі танысты

Ақтөбе қаласында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен студенттердің басын қосқан «Бір аспан астында» атты интеллектуалдық ойын өтті. Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері, оқу орындарында білім алатын студенттер қатысты.
Зияткерлік ойын этностарды жақындастыру және жалпыұлттық бірлікті нығайту негізінде ұйымдастырылды. Сайысқа отыздан аса студент қатысты. Олар біліктіліктерін арттырып қана қоймай, пікіралмасу негізінде тәжірибе жинақтады.
Этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторинг қызметінің бөлім басшысы Марғұлан Нұрмағамбетов интеллектуалдық ойын туралы:
— Жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ойын квиз форматында өткендіктен, студент жастардың ой ұшқырлығы және жылдамдығы талап етіледі. Бұл олардың өз пікірін айта білетін орта қалыптастыруына септігін тигізеді, — дейді.
Төрт бөлімнен тұратын сайыста қатысушылар фильмнің атын анықтап, ортақ, артық сөзді табу және мозаика құрастыру кезеңдері арқылы ой таластырды. Ойын нәтижесінде I орынды Ақтөбе техника-технологиялық колледжінің «Ұшқыр ой» тобы алса, II орынды қазақ-орыс халықаралық университетінен келген студент жастар иеленді, ал жүлделі III орын Марат Оспанов атындағы медицина университетінің жастарынан құрылған топқа бұйырды. Аталмыш шара соңында студенттерге дипломмен қатар, сыйлықтар табысталды.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button