Ауыл

Саржансайда балабақша құрылысы аяқталуға жақын

Мәртөк ауданындағы Саржансай ауылында балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Оны жеке кәсіпкер өз қаражатына салып жатыр.
Сыйымдылығы 75 балаға шақталған балабақша құрылысы көктемде басталған. Осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Қазіргі уақытта күрделі жұмыстар аяқталып, жылу құбырлары өткізілді. Тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана жасалып жатыр.
Жаз бойы құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілді. Негізі балабақша құрылысы 16 желтоқсанда аяқталуға тиіс еді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс жұмыстары кешеуілдеп қалды.
Балабақша құрылысы 25 баладан үш топқа шақталып салынып жатыр. 3 бөбектер тобынан бөлек қосымша мектепке даярлық тобы да салынады. Алдағы уақытта 20-ға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Балабақша құрылысымен айналысып жүрген кәсіпкер үшін бұл іс таңсық емес.
— 2017 жылы Саржар ауылында ғимаратты жалға алып, балабақша ісін бастадық. 2018 жылы Кеңсахарада екі топқа арналған балабақшаны өз қаражатымыздан тұрғыздық. Ол жақта 1993 жылдан бері балабақша болмаған. Саржансайдағы балабақшаны 2020 жылы аяқтауды жоспарлаған едік. Алайда карантин жоспарымызды өзгертті, — дейді жеке кәсіпкер Серік Жаппаспаев.
Жалпы ауданда 20 балабақша болса, оның 13-і жекенің қарамағына берілген.
Бұдан бөлек Мәртөк ауданында да балабақша құрылысы басталған. Қазіргі таңда аудан бойынша 3 жасқа дейінгі 300 бала кезекте тұр.
Аталған білім беру ұйымдары жұмыстарын бастаса, кезектегі балалардың барлығы қамтылады деген жоспар бар.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button