Мәдениет

Өнер жолындағы үш ұрпақ

Өнер

Алға мәдениетінде өзіндік орыны бар адамдар аз емес. Ол кешегі Аманжол Көздібаев, Бақыт Есенбаев, Сара Бисенбаевалармен басталып, бүгінгі Есімжан Сағадинов,Жұбан Аймағанбетов, Гүлжан Алдашева, Мерей Нұғманов, Қанат Үсенбеков, Зухра Жоламанова сынды өнерпаздармен жалғасады.

Ал бүгінгі әңгімеміздің кейіпкер — Гүлнәзия Сағынғанова. Алғаш кездейсоқ оның әкесінің атын естіп қалып, елең ете қалдық.

Сапар аға — күні бүгінге дейін өнерді серік етіп келе жатқан жан. «Сахнадан түскен жоқ» десек, бәлкім, артықтау болар, бірақ Ырғыз еліне келген құрметті қонаққа «ауылдың алты ауызын» айтуға Сапар ағаны арнайы алдыратыны рас.

Сол ағамыздың дәнегіГүлнәзияның да қаннан алыс кетуі мүмкін емес еді. Ұлт ұстазы Ыбырай мектебін бітірген соң саз колледжіне оқуға түсті. Оны да місе тұтпаған Гүлнәзия Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің музыка мамандығын тағы игеріп шықты.

Гүлнәзияның әдемі әуені Алға аспанында жиырма жылдай қалықтады. Гүлнәзия шырқаған халық әндерін алғалықтар ұмытпаған болар? Әдемі әуен, әдемі әнші…

Көп жыл Алға сахнасында ән әуелеткен Гүлназия  Сағынғанова енді — №3Алға қазақ орта мектебінің саз сыныбының дәріскері.

Адамның табиғатқа әлі келмей қалатын да кездері де болады. Гүлнәзия тамағынан кінәрат табылып, сәл ауырып қалды. Табиғатынан қайсар Гүлнәзия мойымадыенді шәкірт  тәрбиелеуге көшті. Оның талантты шәкірттерін тізсек, газет беті жете қоймас: Гүлфарида Сейілханова, Жанар Мұқанова, Мархабат Нұғманова, Еркеназ Байырхан, Әли Орынбасаров, Арай Аманкелді…

«Қазақтың әншілік өнерінде қыз­дарға ғана тән орындаушылық үл­гі бар және оның мәдениеті ерте­ден қалыптасқан десек, осы пікірімізге келіспейтіндер көп болатын шығар?…

… Осы күні сал-серілердің «жігіттік» тақырыбындағы «алаңсыз сауық-сайран салған», «бір күнде сегіз қызды алып қашқан» әндерін сұлу қарындастарымыз сахнада қысылмай айта береді. «Тәңір­берген Молдабай», «Олай жүрші, Көкшолақ!» деп, үкілі бөркі найқалған аруларды да көріп жүр­міз. Эстетикалық жолын айтпағанның өзінде Біржан мен Ақанның, Мәди мен Тайжанның, Ғазиз бен Балуан Шолақтың, Кенен мен Қапездің қаһармандық-пате­тикалық туындылары қыздардың нәзік табиғатына келмейді, вокалдық тұрғыда да дауысқа орасан салмақ түсіретіні бесенеден белгілі. Қыз бала қанша шебер орындаушы болса да, шығарма болмысы оған ырық бермейді, себебі ер адам репертуарының вокалдық-техникалық талаптары өзге. Қаласақ та, қаламасақ та, әлгі орыс ғалымы М.Вавилова айтқан «гендерлік репертуар» талабының бір маңызы осы жерде байқалады. Кәсіби оқыту стандартының талабына сай «ән маманы халық әндерінің бәрін игеру керек» деген ортақ тілекке дау жоқ, ол — білік пен тәлім үшін өте қажет дүние. Десек те, үлкен сахна мәдениетінде кез келген ұлттың маңдайына біте бермейтін рухани қазынамыз — қазақ қыздарының әншілік мәдениеті мен ғұрпы сақталса игі».

Бір мәдениеттанушының осы пікірін бұрынырақта оқып, көкейге түйген едік. Алғалық Гүлнәзия Сағынғанова ұстаз ретінде шәкірттеріне репертуар, талғам мәселесіне жауапкершілік керектігін әрдайым айтып отырады, өзі патриоттық әндерді жанына жақын көреді.

Гүлнәзияның ұлы Шыңғыс Телман да өнер жолында жүр. Ол Астанадағы Жастар театрында қызмет жасайды, «Қозы Көрпеш—Баян Сұлу» драмасындағы дебюті арқылы өнерсүйер қауымға танылды.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button