Жаңалықтар

Әңгіме өзегі — әйелдердің әлеуетін көтеру

Форум

Ақтөбеде Amanat партиясының ұйымдастыруымен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында өткен форумға облыстың әр ауданынан жиналған түрлі салада көзге түсіп жүрген 200-ге жуық белсенді қыз-келіншек қатысты.

Форум модераторы, «Орда FM» радиосының директоры Мейрамгүл Мәдәлінің айтуынша, шараның мақсаты — қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу. Шараны ашқан Amanat партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Асылжан Бүркіталин партияның барлық саладағы әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөлетінін атап айтса, облыстық мәслихат депутаты Күлшат Масалимова сенім, құрмет және ортақ мүдделер негізінде адамдар арасында берік, өзара тиімді қарым-қатынас құру жолдарына тоқталды. «Нетворкинг» не үшін қажет және оны қалай басқаруға болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Ақтөбе облысындағы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Күлпаршын Айдарханова әйелдер көшбасшылығын ілгерілету туралы пікірімен бөлісті.

— Жалпы статистикаға жүгінсек, елімізде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі — 42,3 пайыз. Сондықтан әйелдер қауымы еліміздің экономикасы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға үлкен үлес қосып отыр деп айтуға негіз бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Егер ниеті бір қыз-келіншектер бірігіп, ынтымақтаса жұмыс істесе, барлық тарапқа да тиімді болар еді. Мәселен, біреуінің білімі бар, екіншісінің тігін машинасы, үшіншісінің қолында матасы болуы мүмкін. Сол кезде бірінің білмейтінін екіншісі толықтырып, кәсіп те оңға басар еді, — дейді Күлпаршын Айдарханова. Сондай-ақ қолдан жасалған өнімдердің қай кезде де сұранысқа ие екенін айтып, соны дамытуға кеңес берді. Мәселен, бір келіншек сиыр сауып, өз қолымен ірімшік жасап сатса, өтпек түгіл, тұрғындардың таласып қалатынын айтып, ауыл тұрғындарын облыс әкімінің бастамасымен басталған, бұрын-соңды болмаған мүмкіндік сыйлап отырған «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шақырды. Жоба шарты бойынша ауылдағы үйді кепілге қойып, 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алуға болатынын түсіндірді.

Одан соң сөз сөйлеген «Анаға тағзым» орталығының медиаторы Бибігүл Әбілдаева, айтыскер ақын, блогер Жұлдыз Қожабекова аналарды шағын және орта бизнеске қатысуға тарту туралы ойларын ортаға салды. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Жанар Айтбай қаржылық сауатын арттыру туралы айтып берді.

Әйтеке би ауданынан келген бір топ қыз-келіншек қызыл костюм-юбка киіп келіп, басқа қатысушылардан ерекшеленіп отырды. Олардың бірі — Қарабұтақ ауылындағы «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Қалима Қалжанова.

— Қазір кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Біздің Қарабұтақта екі мемлекеттік балабақша бар. Бес жүздей түтіні бар ауылымызда бала саны жылдан-жылға өсіп келеді. Негізі, тағы бір балабақша ашуға сұраныс бар. Жалпы, маған форум барысында аға буын тәжірибелерімен бөлісіп, жас көшбасшыларға дем бергендей әсер етті, — дейді ол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button