Жаңалықтар

Өз бизнесіңді баста!

Семинар-тренинг

Бизнесті жүргізудің негізгі бағыттары бойынша базалық білім мен дағдыларды үйрету мақсатында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік әлеуеті жоғары қала тұрғындары үшін «Өз бизнесіңді баста!» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өткізілді.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімі ұйымдастырған семинар тренингке 100 адам қатысты. Екі күндік семинар барысында бизнес-тренерлер өз кәсібін дамытқысы келетін кәсіпкерлерге дәріс оқып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Тренингті 30 елде жұмыс тәжірибесі бар халықаралық деңгейдегі сарапшы, «Бастау-Бизнес» бағдарламасының авторы, әлеуметтік кәсіпкер Медер Аматов жүргізді. Ол кәсіпкерлікті бастау жолы мен нарықтағы сұраныс туралы нақты жоспарларын баяндап берді. Сегіз тілде жетік сөйлейтін кәсіпкер Медер Аматовтың 1000-нан астам шәкірті бизнес бастап, жаңа жұмыс орындарын ашқан.

Менің тренингті өткізудегі мақсатым — бизнес бастау жолдарын кәсібін енді бастаған адамдарға үйрету. Өзім он жылдан бері бизнес-тренер ретінде жас кәсіпкерлерге дәріс беріп келемін. 30 мың шәкіртім қазіргі таңда бизнес бастап, өз кәсібінен береке тауып келеді. Мен өз кәсібімді ең алғаш қызанақ сатудан бастадым. Ол кезде мектеп оқушысы болсам да, көрші түріктердің саудаға деген ынтасының арқасында менің де кәсіп бастауға деген қызығушылығым арта түсті. Осы тұста жас кәсіпкерлерге айтарым — кәсіпті сұраныстан бастау керек. Сонда ғана нәтижелі еңбек өз жемісін береді, — дейді Медер Аматов.

Семинар-тренинг бірнеше бағыттар бойынша жүргізілді. Атап айтсақ, тренингте қызмет ету нарығын таңдау және таңдалған бағыт негізінде қызметті талдау, деректерді жинау бойынша оқыту, одан әрі іс-әрекеттерді стратегиялық жоспарлау, келіссөздер жүргізу, сендіру, манипуляция, шешендік және өзін-өзі таныстыру, сату және қызмет көрсету, маркетинг және жарнама сияқты бағыттармен жұмыс жасау тәсілдері түсіндірілді.

Сонымен қатар семинар қатысушыларына шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың тиімді тетіктері мен құралдары туралы ақпарат алды.

Іс-шара нәтижесінде барлық қатысушыларға курстардан өткенін растайтын сертификаттар табысталды. Кезекті семинар-тренинг 15 желтоқсанда өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button