Жаңалықтар

Облыс медицинасының бүгіні мен ертеңі

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, олардың сауалдарына жауап берді. Облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына орай және өзімнің жұмыс жоспарым аясында Ақтөбе облысына келіп отырмын. Іссапар аясында Мәртөк ауданының Байторысай ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендегі медициналық пунктің жағдайымен таныстым. Сондай-ақ қыркүйек айында Ақтөбеде балаларға мантудың дұрыс салынбауына байланысты болған жағдайға қатысты ата-аналармен, балалармен тілдестім. Жалпы халықпен кездесуде біршама мәселелер қозғалды.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты — сапалы алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын халықтың медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қолжетімділігін жақсарту. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесі жалпы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 55 пайызына дейін жетіп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Сонымен бірге біз мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін боламыз. Бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге, бірқатар ауру түрлерін ерте анықтауға мүмкіндік береді, — деді Ажар Ғиният.
Министрдің айтуынша, елімізде дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында амбулаториялық дәрілік заттардың тізбесі кеңейтілген. Биыл бұл бағытта облыс үшін 1,2 млрд теңге қарастырылып, 11 қымбат препарат сатып алыныпты. Сондай-ақ облысты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 15,5 млрд. теңгеге дәрілік заттар алынған. Ал стационарлық көмек шеңберінде алынған дәрілік бұйымдардың жалпы құны —12 млрд теңге. Алдағы уақытта елімізде отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарлануда.
Брифинг барысында министр медицина саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Олардың қатарында тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңасын салу, медициналық мекемелерді жаңа техникалармен қамтамасыз ету, медициналық-санитариялық алғашқы көмек пунктерінің санын көбейту, мамандар тапшылығын жою, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, ана мен бала өлімін азайту, т.б. бар.
— Қазір медицина саласында еліміз бойынша 78 мың маман бар. Оның 4,1 мыңы осы облыста еңбек етіп жүр. Өңірде дәрігерлер тапшы, атап айтсақ, облыс бойынша 130 маман жетіспейді. Биыл кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде өңір үшін мамандар даярлауға 28 орын бөлінді. Ақтөбе облысының әкімдігі биыл клиникалық бейіндегі 20 маманды даярлауға арнайы қаражат бөлді. Бүгінде республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Мәселен, 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы алып, 222-сі баспаналы болса, 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде Ақтөбе облысында 9 маман көтерме жәрдемақы, ал үш адам тұрғын үй алды, — деді министр.
Брифинг соңында министр БАҚ өкілдерінің жеке клиникаларға қойылатын талаптарды күшейту, МӘМС жүйесіне енгізілетін өзгерістер, мамандар тапшылығын жою, онкологиямен ауыратындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету, медициналық қызметтердің бағасын қадағалау, т.б. мәселелерге қатысты сауалдарына жауап берді.
Сондай-ақ журналистер министрден туберкулездің бар-жоқтығын анықтайтын мантудың орнына осы ауруға қарсы тірі вакцина алған балалардың жағдайына қатысты істің мән-жайын сұрады.
— Мантудың орнына БЦЖ вакцинасын алған балаларды қарап шықтым. Олардың ата-аналарымен кездестім. Қазіргі кезде балалардың ағзасында ешқандай теріс әсер жоқ. Балалар бүгінгі күнге дейін жергілікті ғана емес, республикалық деңгейдегі білікті мамандардың бақылауында болды. Өзім де күн сайын олардың жағдайы туралы ақпарат алып отырдым. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Ата-аналар балаларды бақылап, оңалту шарасын жүргізуді сұрады. Біз оларды қолдаймыз, алдағы уақытта балаларды шипажайға жібереміз. Ал жеке клиникаға келер болсақ, комиссия санитарлық нормалардың бұзылғанын анықтады. Бұл іс бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Ал балалар ендігі жерде қалалық емханаға барып қаралады, — деді Денсаулық сақтау министрі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button