Жаңалықтар

Облыста қылмыс тіркелмеген жеті ауылдық округ бар

Тұрғындармен кездесу

Бұл туралы кеше облысқа жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Өнер орталығында тұрғындармен өткен кездесу барысында айтты.

Аталған шараға Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өңірге келгендегі басты мақсат — тұрғындарға ішкі істер органдарының жұмысы туралы хабардар ету, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдау екенін жеткізді.

  • Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқымды реформалар бастады. Ондағы басты міндет — Әділетті Қазақстан құру. Дәл қазіргі уақытта халықтың сұранысы мен биліктің талабы сәйкес келіп тұр. Ол — түбегейлі өзгеруге талпыну, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу. Міне, осы орайда біз еліміздің барлық аймағында кездесулер өткізіп жатырмыз, — деген министр қазіргі өзгерістердің мақсаты халықтың полицияға деген сенімін арттыру екенін атап өтті.

Бұдан кейін Марат Ахметжанов жиналған жұртшылыққа өңірдегі криминогендік жағдаймен таныстырды. Мәселен, бүкіл әлемде қылмыстың дәрежесін сипаттайтын басты критерийдің бірі адам өлтіру болса, тәуелсіздік жылдарында елімізде мұндай қылмыстардың саны 3,5 есеге азайған. Есесіне халық саны 1991-2021 жылдар аралығында 16 миллионнан 19 миллионға дейін көбейген.

  • Аталған кезеңде елімізде денсаулыққа ауыр зиян келтіру деректері екі есеге, зорлау деректері үш есеге, ұрлық жасау деректері — 4 есеге, ал бұзақылық 3,5 есеге қысқарған. Бұл — қуанарлық жағдай. Ал Ақтөбе облысының криминогендік ахуалына келсек, бүгінде елімізде тіркелген қылмыстардың 4 пайызы осы өңірге тиесілі. Биыл жыл басынан бері облыстағы қылмыстардың саны екі пайызға азайған. Оның ішінде адам өлтіру деректері 15 пайызға қысқарса, денсаулыққа ауыр зиян келтіру — 27, адам зорлау — 38, ұрлық — 8, мал ұрлығы — 15, бұзақылық деректері 4 пайызға азайып отыр. Ал қылмыс жасалатын орындарға тоқталсақ, облыс бойынша қоғамдық орындарда қылмыс жасау деректері 9 пайызға, көшелерде болатын қылмыстар саны 6 пайызға, мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар саны 14 пайызға, сондай-ақ отбасы және тұрғын үй секторларында болатын қылмыстар үлесі 39 пайызға төмендеп отыр, — деді министр.

Өз сөзінде Марат Ахметжанов облыста тіркелген қылмыстың 80 пайызы Ақтөбе қаласында болатындығын, бұл ретте облыс аудандарында қылмыс деңгейі төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі халық санына шаққанда 10 мың адамға орта есеппен 27 қылмыстан келеді екен. Бұл республикалық көрсеткіштен 2,5 есеге аз. Демек, қалаға қарағанда ауыл-аймақтарда бұл тұрғыда мәселе жоқ деуге болады.

  • Ақтөбе облысында соңғы екі жылда полиция мен жұртшылықтың өзара тиімді іс-қимылының арқасында 7 ауылдық округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Атап айтсақ, Ырғыз ауданының Қызылжар, Алға ауданының Қарабұлақ, Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ, Темір ауданының Тасқопа, сондай-ақ Әйтеке би ауданының Ақкөл ауылдық округінің Ақтас, Қайрақты елді мекендерінде ешқандай құқықбұзушылықтар болмаған. Бұл осы ауылдардағы халықтың заңды құрметтейтінін, құқық қорғау органдарымен өзара тығыз байланыста екенін білдіреді. Жалпы, мұндай көрініс өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін дәлелдейді, — деді Ішкі істер министрі.

Жиында министр жол қауіпсіздігі полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін айта келе, соңғы кезде өңірлерде осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Мәселен, биыл полицияның профилактикалық жұмыстар жүргізуінің нәтижесінде облыста

117 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Сондай-ақ көлікті мас күйінде жүргізген 1328 жүргізуші ұсталып, 981 адам көлік басқару құқығынан айырылған. 1215 адам әкімшілік қамауға алынған. Жол қозғалысына қатысушыларға қатысты 102 мың хаттама жасалып, оларға жалпы құны 1,3 млрд теңге айыппұл салынған.

— Жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту, жолда ережені сақтау деңгейін тексеру бағытында Ақтөбе облысында жол ережесін бұзуды тіркейтін автоматты камералар қондырылды. Олар бүгінде тиімді профилактикалық әсерге ие. Алайда облыста әзірге мұндай құрылғылардың 61-і ғана орнатылған. Бұл жеткіліксіз. Біз облыс әкімдігіне осы бағыттағы жұмыстарды күшейту, құрылғылардың санын көбейту мәселесін қарастыруды сұраймыз, — деді М.Ахметжанов.

Жиын барысында Ішкі істер министрі өңірде мал ұрлығы, нашақорлық,

броконерлікпен күресу мәселелеріне де тоқталды. Осылардың ішінде мал ұрлығының алдын алуға қатысты іс-шараларды күшейтуде полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жасау керектігін алға тартты.

— Мал ұрлығының алдын алу және оны болдырмау үшін құқық қорғау органдары қоғаммен, жергілікті әкіммен серіктестік құруы керек. Бұл тұрғыда ортақ жауапкершілік болуға тиіс. Өкінішке қарай, бұған дейін елімізде тіркелген мал ұрлығы деректеріне жергілікті атқарушы органдардың «үлес» қосқаны белгілі болды. Міне, осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін біз әкімдермен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Жалпы бұл бағыттағы біздің басты міндетіміз — мұндай қылмыстарға тосқауыл қою, — деген Марат Ахметжанов өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және қылмыстардың алдын алуға қосқан үлесі үшін Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов пен Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекетті «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.

Жиын соңында министр тұрғындардың қойған сауалдарына жауап беріп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Бірқатар сауалдарға қатысты жергілікті құқық қорғау органдарының басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ азаматтарға жеке қабылдаулар жүргізіп, БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button