Жаңалықтар

Салық төлемесең, жаяу жүресің

Рейд

Тұрғындар арасындағы мемлекетке бережақты төмендету мақсатында біріккен рейд ұйымдастырылды. Қалалық полиция, қалалық мемлекеттік кірістер басқармалары өкілдері және жеке сот орындаушылары жол бойында көліктерді тоқтатып, олардың берешегі туралы еске салды.

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына мүлік және жер салығын төлемеген жеке тұлғалардың берешегін анықтау мақсатында өткізілген рейд барысында борышкерлердің банктік шоттары бұғатталып, көліктері тәркіленді. Сондай-ақ борышкерлерге еліміздің шекарасынан шығуға шектеу қойылды.

Ақтөбе қаласы бойынша 3200-ден астам көлік иесі салық органдарына қарыз. Олардың ісі бойынша сот шешімі қазір жеке сот орындаушылардың қолында. «Борышкер» акциясы аясында көліктер тоқтатылып жатыр. Жеке тұлғалардың мүлік және көлік салығы бойынша бережағы 560 миллион теңгеге жетті. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 320 миллион теңге өндірілді.

Мүлік және жер, көлік құралдары салығының төлеу мерзімінің аяқталуына байланысты жеке тұлғалардың салық соммасын тез арада төлеуі талап етіледі, — дейді Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айбол Жұмабаев.

Бүгінгі күні жеке тұлғалардың мүлік және жер салығы бойынша қарыз сомасы — 126 миллионға жуық теңге болса, көлік құралы бойынша салық берешегі — 242 миллионнан астам теңге.

Рейд барысында салық төлеуден жалтарып жүрген қала тұрғынының «Лексус LX 570» маркалы көлігі тәркіленіп, жүргізушіге айыппұл салынды. Ол бір жылдан бері көлік салығын төлемей келген.

Аймақтық сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары Азамат Егізбаевтың айтуынша, облыс бойынша салықты өндіріп алуға 5 мың ұйғарым берілген. Қазір «Автоқұйын» жүйесіне берешек адамдар туралы мәлімет енгізілген. Егер көшеде қарызы бар адамның көлігі анықталса, дереу тоқтатылады. Қарыз адам сол сәтте берешегін өтейді, болмаса көлік айып тұрағын бетке алады. Күніне 7-8 көлік автотұраққа қойылады.

Жеке тұлғалардың берешектері, артық төленген соммаларды қайтару, басқа да  міндетті төлемдер туралы ақпаратты жауапты мемлекеттік кірістер басқармасының kgd.gov.kz ресми сайтынан және E-Salyk Azamat мобильді қосымшасынан алуға болады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button