АуылБасты жаңалықтар

Тұрғындардың арманын «Ауыл аманаты» орындайды

Ауыл аманаты — ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыруға бағытталған жоба. Бүгінде жобаға қатысатын адамдар өтінімдерін беріп үлгерген. Үйін кепілге қойып, 2,5 пайызбен несие алатын кәсіпкерлер бұл бағдарламаныхалықтың өмір сүру сапасын арттыруға берілген зор мүмкіндік екенін айтады.

Отбасылық кәсіп — ортақ нәсіп

Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылының тумасы Ерлан Тобағабылов пен зайыбы Мейіргүл отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Екі жас отау құрғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы шаштараз курсын оқып алыпты. Үш айлық оқуды үздік бітірген олар қаладағы сән салонының біріне жұмысқа шақырту алады. Онда екі ай жұмыс істегеннен кейін біреудің қол астында жұмыс жасай алмайтынын түсініп, ауылға барып, шаштараз ашады.

Мемлекеттік бағдарламаарқылы 900 мың теңге несие алып, ауылда салон аштық. Басында қиындықтар болды, көп нәрсені білмеген соң қателіктерге де ұрындық. Есімде қалғаны, құжаттар дұрыс болмай, бірнеше есеқымбат бағаға қайта рәсімдедік. Сол кезде түсінгенім, кәсіп ашу — байып кету деген сөз емес. Кәсіпке тек ақша табамын деп келетіндер қателеседі, — дейді Ерлан Тобағабылов.

Олар ашқан «Айдана» шаштаразы он жылдам астам уақыттан бері халыққа қызмет көрсетіп жатыр. «Айдана» — ауылдағы жалғыз шаштараз. Соның арқасында ауыл тұрғындары шаш қысқарту үшін бұрынғыдай ауданға, қалаға бармайтын болды.

Қазір Ерлан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қымызхана ашқысы келеді. Ол осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік грантқа қатысып, 550 мың теңге ұтып, бір бие сатып алған. Зайыбы Мейіргүл бие сауып, саумал сатады. Одан кейін жылқыны көбейтіп, «Мирас» атты шағын шаруа қожалығын ашты.Кредиттік серіктестіктен 6 млн несиеге 13 ірі қара мал, зайыбы 2,5 млн теңгеге 6 сиыр сатып алған. Шөп шабатын техникаларды да мемлекет қолдауының арқасында қамтыды. Қазір шаруашылықта 50 сиыр, 10 жылқы бар.

Қымызхана ашсам деп жоспарлап жүрмін. Қазақтың киіз үйін құрып, ішін қазақы нақышпен безендіріп, ортаға дөңгелек жер үстел қойсам деп армандап қоямын. Келген адам саумалын ағаш үйде ішсе, қандай керемет. Енді осы мақсатыма «Ауыл аманатының» арқасында қол жеткіземін, — дейді ол.

Ерлан Тобағабыловтың грантқа қатысу тәжірибесі көп. Сол себептен болар, одан көмек сұрап келетіндер жетерлік. Ол ағасы Нұрланды дәнекерлеушіге оқытқан, қазір бауырының тұрақты жұмысы бар. Ағасына мемлекеттік грант арқылы трактор алды, оған қол жеткізуге де Ерлан бағыт-бағдар берген.

— Ауылда кім бос жүрсе, дереу жұмысқа қабылдаймын. Барлығына бірдей көмектескім келеді. Бірақ көп адам өз кәсібін бастауға жүрексінеді. Ол кезде өз білгеніммен бөлісуге тырысамын. Шын мәнінде ниетің, ынтаң болса, алынбайтын қамал жоқ.

2,5 пайыздық несие—өте аз үстемеақы. Алда талай белесті бағындырамыз. Ең бастысы — тоқтап қалмау, — дейді ол.

Ерлан Тобағабылов жер мәселесі қиын екенін айтады.

— Адамдар қазір жер мәселесі бойынша малын сатуға мәжбүр. Жерді алуын алып, игермей жатқандар көп. Шаруаларға солардың кесірі тиіп отыр.Мал бағу оңай емес. Әсіресе жылқы жайылып жүріп, біреудің жеріне кіріп кетеді. Содан кейін жер иелерімен түсінбеушілік болып жатады. Алдағы уақытта жерді қоршауға мүмкіндік берсе, бұның бірі де болмайтын еді, — дейді кәсіпкер.

Дариғаның айраны

Саржансай ауылының тұрғыны Дариға ДүйшенованыңӨзбекстаннан атамекеніне қоныс аударғанына жиырма жылдың жүзі болыпты. Сол жиырма жылдан бері сүт өнімдерін сатып келеді. Сиырдың сүтінен құрт, айран, май, ірімшік жасайды.

Бұрын өзімнің малым болатын. Өзім сиыр сауып, сүттен барлық өнімдерді жасай беретінмін. Биыл барлық малымды сатуға тура келді, себебі мал бағу қиындап кетті. Сонда да кәсібім тоқтаған жоқ. Фермерлерден күніне 200-300 литр сүт алып, айранымды, ірімшігімді жасап отырмын, — дейді ол.

Таңғы сағат бестетұрып, шаруаға кірісетін Дариға сүтті сепараторға тартып, одан айран, құрт, ірімшік, құртмай жасап,дайын болған өнімдерді көлігіне салып алып, қаладағы төрт дүкенге өткізеді. Тұтынушылары көп. Дариға Дүйшенованың айтуынша, Ақтөбенің тең жартысы оны таниды екен. «Дариға апаның айраны» деп арнайы іздеп келіп, алатындар жетерлік.

Алдағы уақытта ол «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өзінің кәсібін кеңейткісі келеді. Өз қолынан шыққан өнімдерін өзі сатуды ойлап жүр.

— Ауылыма қайтарда көлігім бос қайтпайды. Қаладан арзан бағада халыққа ең қажетті деген азық-түлікті сатып аламын. Сосын оны ауылдағыларға көтерме бағасымен сатамын. Ауылда зейнеткерлер көп. Олар менен ұн, май, макарон өнімдерін, тауық етін алады.

Ауылда екі үйім бар. Оның біреуін қоймаға айналдырып, азық-түлікті көбейтіп, сонда сақтағым келеді, — дейді ол.

Дариғаның басты мақсаты — тұрғындарды арзан бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ол екі кәсіпті де алып жүруге шамасы жететінін айтады.

Жылыжай салғым келеді

Жоба шеңберінде шағын несие алуға өтініш берушілердің арасында Саржансай ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Бекбауов та бар. Ол өткен жылы бір жарым гектар жерге көкөніс еккен.

Биылқызанақ, қияр, қарбыз ектім. 15 тонна қияр, 10 тонна қызанақ алдым. Ауылда шағын дүкенім бар. Одан артылғанын 41-разъездің базарына апарып өткіздім. Жоба аясында жерімді 4-5 гектарға үлкейткім келеді, — дейді ол.

Нұрсұлтан Бекбауов алдағы уақытта жылыжай салғысы келеді.

Қазақстанның жылыжайлар қауымдастығының сараптамасына сүйенсек, еліміз әсіресе қыс мезгілінде өзін көкөніспен қамтамасыз ете алмайды.  Ішкі нарықты Қытай және Өзбекстаннан әкелінген импорттық өнімдер алып жатыр. Базарларда және супермаркеттерде сатылып жатқан көкөніс көлемі Қазақстан өнімінің 20 пайызы ғана. Нұрсұлтан сияқты азаматтар өз ауылында көкөніс өсіретін жылыжайлар салса, әр қала өзін көкөніспен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетер еді.

Диеталық ет

Аталған жоба аясында ауыл тұрғындары мал шаруашылығы, көкөніс өсірумен қатар, құс шаруашылығымен де айналысуға болады. Эльмира Қалменова кішкентай кезінен құс өсіріп жүргенін айтады.

Мектеп жасымнан бастап тауық пен қаз өсіріп үйренгенмін. Тұрмысқа шыққаннан кейін оларға үйрек, күркетауық қосылды. Жобаға қатысып, 50 құс алғым келіп отыр. Одан кейін тұтынушылардың қажеттіліктерін ескеріп, сұраныс көп болып жатса, құстардың санын көбейткім келеді, — дейді ол.

Эльмира Қалменова ауыл тұрғындарын күркетауықтың етіне үйреткісі келеді. Себебі оның адам ағзасына пайдасы көп.

Күркетауықтың еті жеңіл қорытылатын диеталық тамаққа жатады. Құрамы көптеген дәрумендерге толы. Күркетауықтың етін балалар тағамының тізіміне қосады. Себебі ол гиппоаллергенді етке жатады. Сонымен қатар көбінесе спортшылар салмақ тастаған уақытта пайдаланады, — дейді жас кәсіпкер.

Эльмира алдағы уақытта құстың етін де, жұмыртқасын да сатып, халыққа пайдалы ас ұсынғысы келеді. Оның арманы — үлкен құс фермасын салу. Ал қазір ол жобаға қатысып, арманына бір қадам жақындай алады.

— Аз ғана пайызбен несие беріп, кәсібімізге қолдау көрсетуі — бізге берілген зор мүмкіндік. Сол мүмкіндікті барынша пайдалану — біздің міндетіміз. Мемлекеттік жоба арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдап, ауыл тұрғындарын кәсіпке тартып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беріліп жатқаны халықты қуантып отыр, — дейді ол.

Мал шаруашылығымен неге айналыса алмаймын?

Ауыл аманаты жобасы бойынша барша аудан, ауылдарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда кім қандай кәсіппен айналысатыны анықталды, ендігі іс — бизнес-жоспар жасау. Осы жоба бойынша облыстық«Ақтөбе» газетіне көптеген сауалдар келіп түседі. Солардың бірі — Хромтау ауданы Тасөткел ауылының тұрғыны Тағыберген Талапбаевтыңсауалы. Жасы 80-нен асқан қария сол ауылда туып-өсіп, біршама қызметтер атқарған. Оның айтуынша, ауыл адамдарының көбісінің мал қорасы бос тұр. Өткен жылдары малы бруцеллезге шығып, қиналып қалған отбасылар да бар екен. Енді халық жобаның аясында мал алып, шарушылықпен айналысайын десе, әкімдік мал емес, тек құс шаруашылығы мен көкөніс өсіру керек дегенді айтқан. Ал Тағыберген атай: «Ауыл тұрғындарының бірен-сараны болмаса, құс бизнесімен айналысатындар көп емес. Тұрғындардың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы» дегенді алға тартады.

Бұл мәселе бойынша Тасөткел ауылдық округінің әкімі Асылбек Баймурзинге хабарласып, мән-жайды сұрастырдық.

Тасөткел ауылында 561 тұрғын бар. Аталған жобаға жалпы саны 66 адам қызығушылық танытты. Қазіргі таңда 15 адам өтінім білдірді. Бұл жоба — ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп, табысын арттыратын бірден-бір мүмкіндік.

Халық негізінен мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Біз биыл құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға ден қойып жатырмыз. Дегенмен бұл мал шаруашылығымен айналысуға болмайды деген сөз емес. Ауыл тұрғындарына бөлінген қаражаттан бөлек, ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несие ретінде мал беріледі. Хромтау ауданына бұл жобаны іске асыру бойынша «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жантізер» шаруа қожалығының басшылықтары мал беруге дайын.

Дейтұрғанмен келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мал берілетін болады, — деді ол.

Айта кетейік бұл жобаға ісін жаңадан бастаған немесе жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнет жасына толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер, жекекәсiпкер ретiнде тiркелмеген бірақ табыс тауып жатқан ауыл тұрғындары қатыса алады.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button