Тарих

Біз де шәкірт болғанбыз

Құдіреті күшті Тәңірім пендесіне бұйыртар ғұмырды кезең-кезеңге өлшеп берген ғой. Соның ішінде ешнәрсеге алаңдамай, шалқып-тасып жүретін шақ — балалықтың орны бөлек. Біздер Ұлықұмның бір бауырайы — Сарыжағаның іргесіндегі Көкжиде деген ауылда өстік. Бұл — кезінде шаруасы қай жағынан да дүрілдеген «Қызыл жұлдыз» деп аталатын ұжымшардың орталығы. Кеңес Одағының тұсында отызмыңшылар легінде басқарма төрағалығына сайланып, Ленин орденімен марапатталған Есіркеп Малайдаровтың қолға алуымен клуб, жетіжылдық мектеп, дүкен, ұжымшар кеңсесі, машина-трактор шеберханасы, басқа да ғимараттар салынған-ды.

Сарықамыс жетіжылдық мектебінің директоры, майдангер ұстаз Әлібай Ещанов оқыста қаза болған соң бұл қызметке Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих-география пәндерінің мұғалімі Қойшыбай Әбдіразақов тағайындалды.

Халықтық педагогикадан нәр алып, кеңестік идеологияны ойға сіңірген Оспан Ақылбеков, Мұқанбетқали Юсупов, Жалмұқанбет Ділманов, Бибіқатша Есімова, Тотия Еңсепбаева білген-түйгенін шәкірттеріне ерінбей-жалықпай үйретті. Мектеп жанындағы интернатта шалғай ауылдардағы малшылар балаларының алаңсыз оқуына жағдай жасалды.

Үлкен жаңалық — мектебімізге педагогикалық оқу орындарының дипломдарын иеленген бір топ қыздармен жігіттердің келуі болды. Бойында жастық жігері жалындап тұрған, көрсе көз тоятындай сол шоғырдың іс-қимылы, сабақ тақырыптарын ұғындыру әдістері шәкірттер жүрегін баурап алған-ды. Жантөре Бисеков, Науан Өтепов, Нұрғазы Кенжалин, Сәния Елемесова, Ибагүл Досмайылова өзіміздің «Қызыл жұлдыз» кеңшарында туып-өскен болып шықты. Осындай абзал адамдардың тәлім-тәрбиесін кейінгі өмірімізге біршама азық еттік.

Әсіресе Жантөре ағамыздың орны ерекше. Неге екенін білмеймін, былайғы жұрт Қобан деп кеткен ағайымыз мұғалім кәсібіне ықыласымен берілген адам болып шықты. Үйі біздің әке-шешеміздің мекенжайына таяу жерде. Жаныш әжеміз соғыста қаза болған майдангер отағасының орнын жоқтатпай, ұжымшар жұмысына жегіле жүріп, ұлы Қобан мен қызы Тәттіні қатардан кем қылмай өсірді.

Жәкең негізгі мұғалімдік қызметін қапысыз атқарды. Ол кездегі мұғалім жүріс-тұрысымен, киім кию, сөйлеу мәдениетімен шәкірт көңілінде патшадай әсер қалдыратын. Алдымыздан ағайымыз немесе апайымыз шыға келсе, орнымызда тік тұра қалып, баскиімімізді қолға ұстаймыз. Октябрят, пионер, комсомол ұйымы деп бөлінетін сатылардың үйреткені көп. Бисеков мектепте домбыра үйірмесінің жауапкершілігін қоса алып, бұл міндетті де абыроймен орындады. Біраз баланы арнайы шақырып алып, ұлттық аспаптың құпияларын ұғындырудан жалыққан жоқ. Үйірмеге мені де жазып еді, білмеймін, кежегем кейін тартты да тұрды.

Біздің Көкжиде ауылы мен аудан орталығы — Шалқар қаласының арақашықтығы небәрі жеті шақырым. Екі ортада әскери бөлімше орналасқан. Білгіштер «Ресейдің әскери-әуе қорғанысы күштеріне бағынышты» дейді. Айналасы тікенек сым темірмен қоршалған, немістің қабаған иттері қалаға жаяу барып, қайтар сапарымызда алдымыздан шабалаңдап шығып, зәре-құтымызды ұшыратын.

Себеп-салдары беймәлім, Қобан ағайымыздың ауыл іргесінде осы бөлімшеде жауынгерлік борышын өтегені бар. Оны айтамыз-ау, аптасына бір-екі рет ағамыздың қасына бір солдатты ертіп келіп, Талшын Қожабергенованың дүкенінен қызыл шарап алып қайтатынын да көргенбіз. Сірә, мұндай шаруаға бөстекі жүріске жоқ, спиртті ішімдіктен аулақ жүретін ағамызды әскери бөлімшедегі командирі немесе офицерлердің бірі жұмсайтын болса керек. Ауылдың егде тартқан әзілкештері жолығыса қалса: «Жаныш-ау, әскердегі балаңнан хат келіп тұра ма?» дейтін. Әжеміз жымиып қана жауапсыз қалдыратын.

Мектептің жоғарғы сыныптарында оқитын ондаған оқушы ақша біріктіріп, Сарыжағаның бөктерінде Болатбай Әйтекешовтің үйінде «вечер» өткізбек болады. Бұл жағдайдан үшеуміз — ұжымшар парткомының хатшысы Сексенбай Әбиевтің баласы Әбдірахман (Әбдет), ауылдық кеңес төрағасы Жұмағали Қабақбаевтың баласы мен, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Сағын Мұқашевтың қызы Бақыт бейхабармыз. Сірә, «үшеуінің де әкесі — атқамінер, мұғалімдерге айтып қояды» деп сақтанғандай. Аңғырт қимылжарға соқтыратыны рас екен, пысықай достарымыздың әрекеті әшкере болып, саз кірпіштен соғылған мектеп қабырғасы біразға дейін талқылау-жиналыстардан дүрсілдеп тұрды. Әсіресе Қобан ағамыз маған қатты шүйлікті. «Сәбеттің баласысың, сенің білмеуің мүмкін емес, неге айтпайсың?» — дейді құдды шпион ұстағандай. Әйтеуір, қызарақтап, басымды салбыратып, үндемей құтылдым.

Бұл да кеңестік дәуір педагогикасының шәкірттерді жөн-жосықсыз әрекеттерден аулақтатуға тырысқан сабақтарының бір көрінісі. Қазір ше?! Дәмханаларда, тіпті бір бүйірдегі мейрамханада темекіні шиіре тартып, ащы суды сіміре ішкен мектеп жасындағы баланы көріп, таңданыспен бас шайқаймыз. Қылығының ерсі екенін айтқан жасы үлкендерге әлгілердің суық қару кезенуге дейін баратыны да жасырын емес. «Бұл қалпымен қоғам қайда тіреледі?» деген сауал сананы сілкілейді екен.

Жантөре (Қобан) ағайымыздың қызметі ауызға ілігіп, Тұмалыкөл сегізжылдық мектебінің директорлығына жоғарылатылды. Одан біршама уақыт өткен соң Аққайтым ауылындағы мектеп басшысы қызметін қабылдап алды, «Жаңа қоныс» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы атанды. Бұл кезеңде біз де есейіп, аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясында жұмыс істедік. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандары бойынша меншікті тілшісі болғанымызда бар. Енді баяғы дәріс берген ұстазымыз Бисековпен әлденеше мәрте сапарлас болудың, бір дастарқанда дәм татудың орайы келді. Соғыс сүргелеңінен сүйегі жат жерде қалған майдангердің баласы намысқа тырысып, білімін шыңдағанын, еңбек мектебінен сүрінбей өткенін көрсетті. Даулы мәселелер кезіккенде ешкімге бұра тартпай, әділ сөйлегеніне куә болдық.

Оның биік деңгейден көрінуіне Тәрбие жеңгеміздің қосқан үлесі зор. Текті әулеттен шыққан ол азаматына сенімді серік болды, қазанын оттан түсірмей қонағын күтті. Сөйтіп жүріп Құдайдың бергенін ықыласпен қабылдап, алтын құрсағынан он екі бала өрбітті.Келісті бәйбішелігімен бәрін де аман-есен өсірді, әрқайсысына шаңырақ көтерді, немере-шөбере сүйді.

Көңілді құлазытқан жай —Жәкеңе алпыс жастың көжесі бұйырмай, жалғанның көшіне ертерек ілесуі. Қарабұтақ ауданында «Жаңа өмір» газетінің редакторы болып жүрген мен жайсыз хабарды алған соң арнайы келіп, ұстазымның бейітіне топырақ салдым. Шыман әулие қорымында марқұмды жер қойнына тапсырғаннан кейін өзіме бейтаныс бір азамат жиналғандарды егілтіп жұбату сөз айтқан-ды. Жантөремен қатар өскеніне тоқталды, «жетіммін» деп, жігерін жасытпағанына екпін берді. Сұрастырсам, Жәкеңнің қайынағасы Шындәулет Алдияров екен, кейін бірімізді біріміз тереңірек біліп, сыйласып араластық.

Бірер сөз Қобан ағамыздың жалғыз қарындасы Тәтті апамыз жайында. Көрші 8-ауылдағы Әбдіқалық ағамыздың баласы Арзығұлға тұрмысқа шыққан ол сыпайы, беқзат қалпында өмір сүрді. Біз білетінде оның дауыс көтеріп сөйлегенін естімеппіз. Отағасы Арзекең екеуі қолы ашық, тапқан-таянғанын қонағының алдына қоятын жандар болды. Арзекеңнің сөйлеу лексиконында жиі ұшырасатын бейәдеп сөздерге былайғы жұрттың біразы үйреніп-ақ қалған, ал қасындағы апамыз ләм-мим деместен жайбарақат тыңдап отыра беретін.

Арзығұл аға «Жаңа қоныс» кеңшарының №2 фермасында бір-екі жылдай зоотехник болып жұмыс істеді. Отбасымен орталық көшеде фин үлгісімен салынған үйге көшіп кірді, айналасы қоршалмаған. Үш доңғалақты мотоциклімен малшы ауылдарды аралайды да, түстен кейін көлігін үй жанына тастай салады. Сәлден соң Тәтті апамыз үстіне комбинезон киіп алып, сірә, отағасының тәртібімен болар, мотоцикл детальдарын бөлшектеп тастайды да, бәрін сүртіп-тазартып қайта құрастырады. Ойын баласы біздер томашадай ғана қараторы әйелдің осыншама еңбекқорлығына, әсіресе темір-терсекті меңгерудегі шеберлігіне тәнті болатынбыз.

Жалпы, мен өз анам Бибіштен бастап барлық апа-жеңгелерімнің, жоғарыда әңгімеге арқау еткен Жаныш әжемнің, Тәрбие жеңгем мен Тәтті апамның отағасыларына деген алғаусыз көңіліне, перзенттеріне деген шексіз сүйіспеншілігіне қарап, «Осындай абзал адамдар ғой қазақтай қасиетті ұлтты сақтап қалған» деген ойға келемін.

Алланың пәрменіне ешкімнің де шарасы жоқ. Бәріміз де мынау жарық дүниенің қонағымыз. Шал ақын айтпай ма:

Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы,

Арыстандай күшің толып тассаң-дағы.

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да ағып түсер аспандағы.

Азамат, ұстаз туралы ой толғағанда жаттанды қалыпқа мойынсынбай, балалық сәттің кейбір қайталанбас сәттерін еске түсірдік. Зиялы оқырман ниетімізді дұрыс ұғынады деген ойдамыз.

Өзімізге тәлім беріп, ұядан ұшырған, бүгінде Жарасқан Көбенов басқаратын Сарықамыс негізгі мектебі үшін осызамандық үлгіде 60 орындық оқу ғимараты салынып, 2019-2020 оқу жылында пайдалануға берілді. Қазіргі күнде 51 оқушыға жиырма екі мұғалім дәріс беруде. Осы білім ордасында басшылық жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Әлібай Ещановқа арналған мемориалды тақта балаларының қолға алуымен мектеп қабырғасына ілініп, марқұмның аруағына ас берілді.

…Өткен күндердің кейбір естеліктері осындай. Ұлағатты ұстаздарымыздың асыл бейнесі қай кезде де жадымызда тұра береді.

Жанғабыл  ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button