Пікір

Ауылды гүлдендіру — жарқын болашақ кепілі

Естай СИСЕНБАЕВ, Байғанин ауданындағы «Ая» шаруа қожалығының басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болды. Президентіміз осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы ауыл халқын, бізді қатты қуантты. Ауыл — алтын бесігіміз. Ел халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Расында, ауылды көркейту — жарқын болашағымыздың кепілі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен біздің облыста елімізде алғаш рет «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобаның халықтың әл-ауқатын арттыра түсуде септігі мол.
Елімізде ауылды көркейтуге бағытталған, ауылда халықты тұрақтандыруды мақсат еткен, орта және шағын бизнесті дамытуға арналған мемелекеттік бағдарламалар көп. Дегенмен сол бағдарламаларды ауыл кәсіпкерлері, ауыл тұрғындары дер кезінде тиімді пайдалана алмайды. Бұл ретте оларды кінәлаудың қажеті жоқ. Мәселе тиісті органдар тарапынан бағыт-бағдар, түсіндіру жұмыстарының кемшіндігінен болып отыр. 2010 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарлама бастапқыда 2020 жылға дейін, кейін 2025 жылға дейін ұзартылды. 2013 жылы «Агробизнес — 2020» атты ауқымды бағдарлама қолға алынды. Осы қос бағдарламаның ауыл шаруашылығын, ауылды гүлдендіруде септігі мол болды. Түсіндіру жұмыстарының кемшіндігінен Байғанин ауданының халқы көпке дейін бұл бағдарламалардың тиімділігін білген жоқ. Сол себепті бастапқыда шағын ғана қолдауларға ие болғандар болмаса, 2018 жылға дейін бағдарламалардың мол шарапатын кәсіпкерлер көре алған жоқ.
Елді мекеннен жырақ орналасқан шаруа қожалықтарына жарық, су ауадай қажет. Шалғайдағы шаруашылықтарына инфрақұрылым жүргізгені үшін кәсіпкерлерге шығындар мемелекет тарапынан кері қайтарылды.
«Агробизнес — 2020» бағдарламасының игілігінің арқасында 5 құдық қаздым. Инвестициялық субсидиялау аясында құдық қазудағы шығынның 80 пайызын Үкімет қайтарып берді. 50 миллион теңгеге электр желісін жүргіздік. Қазір осы қолдаудың игілігін көріп отырмыз.
Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде облыс орталығынан 560 шақырым қашықтықта орналасқан Дияр ауылындағы 3 шаруашылыққа электр желісін тартуға көмек көрсетіп жатырмын.
Шаруа қожалықтарының басты мәселесі — тракторшы, малшы, механизаторлар жоқ. Малшылар тұрақтану үшін олардың мәртебесін көтеру керек. Осы ретте мемлекет тарапынан малшылардың балалары жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін жеңілдіктер берілсе деген ұсынысым бар.
Байғанин ауданындағы Алтай батыр ауылында 38 үй бос тұр. Мұны көріп, көңілім құлазиды… Мемлекет тарапынан аталған ауылды көркейтуге біраз жұмыс жасалуда. Мектебіне жөндеу жүргізілді. Ауыл мен аудан орталығы арасына жол салу қолға алынды. Таза ауызсумен қамту мақсатында су құбыры тартылып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button