Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Форумның нәтижелері өңіраралық байланыстың дамуына жаңа қуатты серпін береді

Орынборда Қазақстан мен Ресейдің XVIIІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оған екі елдің мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин онлайн режімде қосылды.

Форум дәстүрлі түрде өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында екі елдің мемлекеттік билік органдарының, іскер топ және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің басын біріктіреді. Биылғы жылы халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін алып тастауға баса назар аударылды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған Ақтөбе делегациясының мүшелері Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесінің отырысына, панельдік сессияларға қатысты. Онда екі елдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру, шекара маңындағы кедергілерді алып тастау, қазіргі жағдайдағы кооперациялық жобаларды басқару және басқа да мәселелер қаралды.

«Халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін алып тастау» тақырыбындағы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Ералы Тоғжанов екіжақты ынтымақтастықтың үдемелі дамуын атап өтті.

«Форумды өткізу — мемлекеттер басшыларының көреген саясатының нәтижесі. Соның арқасында біздің алдымызда өзара тиімді әріптестікті жолға қою және нығайту үшін жаңа көкжиектер ашылады.

Ресей Федерациясы — Ақтөбе облысының ірі сауда серіктестерінің бірі. Жыл басынан бері Ресей Федерациясымен өзара сауда көлемі 23,5%-ға артып, 914 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 346 млн. АҚШ доллар, импорт – 568 млн. АҚШ доллар.

Ақтөбе облысында 700-ге жуық ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік капиталы бар компаниялардың жалпы санының жартысынан асады. Тау-кен, металлургия, химия, тамақ және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар белсенді дамып келеді», – деді ресейлік ірі компанияларды серіктестікке шақырған облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов екіжақты ынтымақтастықта инфрақұрылымдық даму саласындағы бірлескен жобалардың ерекше маңызы бар екенін алға тартты.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысы бойынша ұзындығы 600 шақырымнан асатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын іске асыру автокөлік ағыны мен жүк айналымының 2 есеге артуына ықпал еткен.

Сонымен қатар, өңір басшысы тиімді ынтымақтастық мәселелерінде шекара маңындағы өткізу пункттерінің үздіксіз, жедел жұмысы қажет деп санайды.

«Ақтөбе және Орынбор облыстары арасында бірқатар автомобиль өткізу пункттері жұмыс істейді, алайда олардың шамадан тыс жүктемесінің көптігі өзекті мәселе болып қала береді. Жолаушылар ағыны мен жүк айналымын арттыру үшін өткізу пункттерін кеңейту ұсынылады. Біздің тарапымыздан «Жайсаң» өткізу пунктін қайта құру жүргізілді, бұрынғы 2 жолақ орнына 8 жолақ пайда болды. Нәтижесінде тәулігіне шекарадан өтетін көліктер саны 4 есеге, яғни 2000-нан 8000 автомобильге дейін ұлғайтылды. Өз кезегінде Орынбор облысы тарапынан «Сағаршын» өткізу пунктін қайта құру қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, «Жиренқопа-Первомай» және «Үшқатты-Союзное» өткізу пункттеріне халықаралық мәртебе беру мәселесі де әлі өзекті. Бұл шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуды күшейтуге, жүк және жолаушылар ағынын, тауар айналымын кемінде 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді», – деп, Ералы Тоғжанов жедел шешуді талап ететін күрделі мәселелердің бірін сөз етті.

«Ресей-Қазақстан шекарасының Орынбор учаскесі —Ресейдегі ең ұзын учаскелердің бірі, шамамен екі мың шақырымға жуық. Біз Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарымен шекараласпыз. Соңғы 5 жылда облыс арқылы өтетін коммерциялық жүктердің көлемі жыл сайын 20%-ға өсіп жатыр. 2021 жылы Орынбор арқылы халықаралық бағытта 700 мыңнан астам көлік тасымалданды. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай – негізгі алушылар қатарында. Тауар айналымының ұлғаюы қазірдің өзінде көлік жүйесін дамытуды, интеграциялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды талап етеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі — соның ішінде. Дәліздің Орынбор аумағы арқылы өтетін учаскелеріне жобалау жүргізілуде. Яғни, екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту керек», – деді негізгі проблемаларды баяндаған Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер.

Ералы Тоғжанов өз сөзін қорытындылай отырып, шекара маңындағы өңірлердің экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығын жаңарту мақсатында екі облыстың күндерін өткізуді ұсынды. Мұндай форматтағы іс-шаралар экономиканың түрлі салаларының субъектілері арасында тікелей байланыс орнатып, үкімет пен бизнеске қолайлы диалог орнатуға септігін тигізеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button