Әдебиет

Балқадишаның бұрымы 

Құрал ТОҚМЫРЗИН

Биыл жазушы Құрал Тоқмырзиннің туғанына 85 жыл толды.

Ол 1937 жылы 23 сәуірде Ойыл ауданында туған. 

1978 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын ауылда механизатор болып бастап, кейіннен көп жыл баспасөзде, оның ішінде Ойыл аудандық газетінде, облыстық газетте істеді. Одан соң Алматы қаласына қоныс аударып, «Қазақстан», «Жалын», «Жазушы» баспаларында редактор, тарих және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында еңбек етті.

Жазушы 2014 жылы өмірден өтті.

Құрал Тоқмырзиннің алғашқы шығармасы баспасөз бетіне 1958 жылы шыққан, тұңғыш кітабы «Сыбызғы сазы» деген атпен 1978 жылы жарық көрді.

Сондай-ақ «Оқшау отау», «Үш кие», «Үзеңгі достар»,  «Байтақ», «Әулие Әжібай би немесе Дала данышпандары», «Ақ күмбез», «Тәуекел», «Керзаман» кітаптарының авторы.

Түн ортасынан ауа Нұрым жұбайының бұрымын сипайтын әдетімен қолын соза түсті де, Балқадишаның басындағы кірпі түгіндей тықыр шашқа саусағы тигенде, бойы түршігіп, шегініп кетті. Кеше де сондай хал кешіп еді Балқадиша да қозғалақтап жатқан.

— Нұрым-ау, Нұрым! — деді назды үнмен. Отағасының соңғы күндергі ренішін жуып-шаярдай еркелі бір сарынмен. Бірақ күйеуі орнынан үнсіз көтерілді. Әлгінде жұрт жаңа жыл қарсаңы деп кеу-кеулескесін ептеп шарап жұтып еді. Соның әсері ме, әлде Балқадишаның бұрымын жоқтаған оңаша көңілі орнына түспеуден бе, жүрегі алып-ұшып лүп-лүп соғады.

Шамды жарқ еткізіп еді. Кешкісін жарға өзі бекіткен жапырақ күнтізбеге көзі түсті. «1965» деген жазу тұр. «Иә ертең бұны да бастайтын болдық». Нұрым шолақ тонын арқасына жамылып тысқа беттеді. Түн шағырмақ аяз екен. Айранбозы азайған көкте құжынаған жұлдыз. Былайғы түндердегіден гөрі жерге төне түсіп, іріленіп, жарығын молайта жымыңдайтындай.

Аязда едәуір тұрғасын, жүрегінің қағуы бәсеңсиін деді. Оның есесіне тізесі қалтырап, буын-буын шаншып кеткендей. Буыны емес-ау, жүрегі шанши ма, қалай? Бұл оң қолымен сол жақ емшегінің астын әрлі-берлі сипады. Сөз жоқ, жүрегі!.. Кейде баяулай, кейде ытырына соғады. Кешелер аупартком бюросында мәселесі қаралған. Қойған кінәлары — «жұбайын да, жаңа заман тәртібін де сыйламайды. Жаңалыққа жаны қас. Қоғамның ілгері басуына сенімсіз. Кедергі келтіреді». Орта мектептің озат ұстазы Балқадиша жаңа дәуірге сай шаш қоямын дегенде, өршелене қарсылық көрсеткен. Орта мектеп ұжымын басқаруға лайықсыз».

Мәселені бюро мәжілісіне әзірлеген орта мектеп директорлығына қызығушылығы бар нұсқаушы Есенжан Нұрымның жалпылама жұрт көзіне байқала бермейтін кемшілігін жіпке тізген моншақтай мөлдіретіп-ақ әкеліпті.

Бұл бюроға бірінші хатшы қатыспаған. Себебі ол екі-үш күндік сапармен Алматыға кетіп еді. Реті, өзі ауданда жоқта қаралатын мәселені орнында қалып бара жатқан екінші хатшы Қуатбайға қадағалап тапсырған сыңайлы. Әйтпесе Балқадишаның бұрымына байланысты мәселе соншалық мңңызды бола қояр не жөні бар!

«Ойпырай, бұл Көлмырзаның баласы ойына келгенін істеді-ау. Өз қатынының бұрымын кестіргенімен қоймай, «Шашы сала құлаш қыз-келіншек партия мен үкімет тапсырмасын қалай орындайды?» деп зіркілдегені не сұмдық? Сірә, ауданда бұрымы кесілмеген әйел қалдырмайын дегені ғой» деп ойлады Нұрым.

Әңгіме былай болған: Көлмырзаев Байқал Алматыға соңғы жылдары жиі барғыштап жүретін. Ондағы мақсаты — ғалым атағын алу еді. Қамқоршылары ақыл беріпті. «Ертең наның көмпимеген күні біріншілікпен қош айтысасың. Сол уақта сатан параны кім береді? Қазір қарауыңдағы елді саулы сиырдай сауып отырсың. Бірінші хатшылықтан түссең, сатан пара беретін есектің миын жеген кісі табылмас. Сонда қолда тұрған мол дүниенің арқасында қорғап алған кандидаттығың сүтін көпіртіп иіп беретін саулы сиырдың нақ өзі!».

Бұны өзі де қаузай бастаған. Байқап қорғайтын тақырыбын әрі қарай сүйрейтін бір «тракторды», яғни қу аяқ жалдапты тауып, ол тақырыптың темір арқанына «тіркеушіге» бір мес қарын шалға және жалынышты боп қайтып еді. Сол мес қарын Далай атты шалдың орыс қатыны Надежда анада Танакөздің жер сызған бұрымын көргенде ішегін тартып, ішін соққан. Өзі сұлу, өзі жас, оның үстіне бір ауданның дәулетіне еркін жүзіп отырған. Танакөзге әуелде шынымен таңырқап қызыға, қызғана қараса да, әрі-беріден соң сүйсінісі іш күйдіретін қызғанышқа ұласып, енді сол көзге күйік болған бұрымды қайткенде ғайыптық халге түсіремін деген сауалмен ойланып біраз бөгелген. Ылғи бұрымы кесілген «шөп желкелердің» арасында еркек біткеннің көз күйігі болып жүрген Танакөзге «Бұрымыңды кестіріп таста!» деудің қисыны өз-өзінен келе кетті.

Байқал қорғайтын кандидаттығына іргетас бекітіп қоймақ ниетпен бір топ беделді ғалымдарды қонаққа шақырғаны мұндай сәтті кезең болар ма?!

Қазағы бар, орысы бар ылғи бір бұрымы келте, өле кетсе майларымен әрқайсысы бір төбенің басын бөктірерлік кәркесті, кеспелтек, ағаш күбідей кескінсіз қатындар қаптады дейсің! Түрлеріне қарамай шетінен кеудемсоқ, данышпан!.. Бір-бір академик, доктор аталған шалдарын бүйідей бұқтырып, қас-қабақпен ықтырып тұрған бәлелер. Танакөзді кеу-кеулеп ортаға алды дейсің. Бейне орман ішінен жабайы адам тапқаннан бетер! Шу да шу, қара қарға мен құзғынның жемтікке таласқаны оның садағасы кетсін!..

— Жаным-ау, қалай күтіп-баптап жүрсің?

— Сен жуып, Байқал тарап беретін шығар?

— Жарығым-ау, партийный қызметкердің, еще біріншінің жұбайы деген атыңа мін емес пе? Баяғы, надан қазақтың шөпжелкесіне ұқсап!

— Ишь ты какая? Қарашы, өзі настоящая красавица! Ұзын бұрым сәнін бұзып тұр… Какая-то деревенскаяға ұқсатып…

— Қой, шырағым! «Шашыңды түнде жу да, күндіз тара!» дейтін Ақансері заманы емес қазір. Өзің шығар бейнет тілегі алып жүрген.

— Аһа-һа. «Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген!» дейтінді қайда қоясың? Қазақтың жігіттері сондай сұлуларды сүйеді ғой… Олар отсталый ылғи!

— Қойшы әрі. Ол заман келмеске кеткелі қашан. Жуамын, тараймын, өремін деп қымбат уақытыңды рәсуә етіп қайтесің, жаным! — деп Байқалға қамқор болуды міндетіне алған Далай шалдың жуан бөксе қатыны Надежда енді істің сәті түскен кезде белсене кірісті. — Қазір қонақтар жиналғанша, өзіңді тәртіпке түсіріп ал! Сөйте ғой, айналайын! Менің бір таныс шаштаразым бар еді, шақыра қояйын.

Кең залды кернеген үстелдер әрқилы тағамға толып, ырғала, теңселе басқан ылғи семіздер қашан арандарына нығарлар екен дегендей көз арбағанда, Танакөз жылпос қырықтықшы жылмита күзеген шыбыш ешкідей шидаңдап шыға келіп еді.

Телмеңдей басып, теңселе сөйлеп кейбірі құрсағымен, кейбірі арам шеміршегімен мардымси күлген дөкейлерді бас ие қабылдап, жедел желін түрткілеген жетім лақтай қолдарына жармасқан Байқал бүгін тым сыпайы, сырбаз көрінуге міндетті.

«Япырау, әлгінде ғана шарайнаның алдында бұрымын тарап, қайта өріп жатыр еді ғой. Ұшты-күйлі қайда жоғалды? Әлде, сұлулық десе әкелерінің атын ұмытып қалатын қулардың бірі ретін тауып оңаша сөйлесіп тұр ма?» деген күдікпен бүйірдегі бөлмелерге көз тастап:

— Әлгі Танакөз неғып жатыр? Қонақтардың нобайы келіп болды ғой… — деп ол Қуатбайдың құлағына сыбыр ете түсті.

Танакөздің аяқ астынан қырқымнан шыққан ешкідей шипаңдап қалғанынан Қуатбай хабарсыз еді. Жалтақ-жалтақ қатындар тұрған жаққа қараса да оны көре алмады.

— Біз бәріміз жабылып бір адамды күтіп тұрмыз. Сәлекең келмек. Онсыз дастарқан басына отырмаймыз, — деді Байқал Қуатбайға.

Шақырылған жерге жұртты сарсылта күттірмей аяқ баспайтын, «академик», «ғалым» аталғандарды шыбындаған атша шұлғытпай бір ауыз сөз сөйлемейтін «Сәлекең» аталған дөкей тонналаған мүлік тиелген вагонды тыныссыз жеңілейткен жүкшіден бетер ырсылдап әрең жетті-ау. Күлкілері келмесе де оны ыржалақтай қарсы алған жағымпаз топ араларына кірген арлан төбетке құйрықтарын өлердей шипақтатқан тексіз шәуілдіктердей еді. Оған қараған дөкей жоқ, Байқалды көзімен іздеп тапқан ол құшақтай алып сүйсін дейсің!.. Жұрт қол соғып мәз-мажыра. Күте-күте шаршағандарын, ішек-қарындары азынай боздағандарым кейбір тамақсаулардың көздері қарауытқаны лезде ұмытылған.

— Сәлекеңнің өзі келді! Құдай берді-ау, — десіп Байқалдың жатымпаздары сыбырласқан кезде «Сәлекең» аталған сабазды қошеметтеген ел үздіксіз ду қол шапалақтап тұр еді.

— Ойпырай, тап Істекең тіріліп келгендей болдық-ау, — дейді бір мүләйім. «Істекең» деп тұрғаны, әрине, Сталин!

— Е-е, бұ кісінің де өз аяғынан келуі Істекеңнен оңай емес!..

— Ал, ағайындар, Бәкең інімді қорғады деп есептей беріңдер!..

Сәлекеңнің бұл сөзіне жұрт құсқа қыран жапқандай даурықты.

Бәрі бірдей өңештерін соза күткен әулиесі келгесін ішіп-жеу құмбыл басталып, тайпақ шыны ыдыстарға соғылған ашалар мен қасықтар үні мұздақ қарды теуіп жайылған жүздеген жылқының нөпір үнін еске түсірген. Біршама уақыт пысылдаған танаулар мен сылпылдата асаған ауыздар үні билеген залды Сәлекең:

— Ал енді бар-ау… «Досыңның асын қасыңдай же!» дейтінге сеніп, сендер бүгін әбет ішпегенсіңдер-ау деймін! — дегені естілді. Жұрт жаппай жарыса күлді. Біреулер шашалып, біреулер жөтеле тоқтады. Ауыздың босын пайдаланып қалайын дегендей түшкіріп салғандар да бар.

— Алқамды лелләһи! — деді Сәлекең. — Бәке, сүйінші, қорғадың! Түшкірді ғой бір сәби…

— Сүйіншіңіз дайын, Сәлеке!…

Ажырая қараған құрметті қонақ ол әбестікті тыйып тастады.

Сол сәтте арақ-шарап құйылған ыдыстар самсай көтеріліп, ішіп-жеуін амалсыз доғарған топ орнынан маңғаздана тұрған Сәлекеңді қостай дүрк көтеріліп, демдерін іштеріне тарта тұрысып қалған.

Құрметті қонақ Байқалды ауызға алып, оның бастап отырған ісіне сәттілік тілей келе, табысты боларын нықтай сендірді де:

— Менің Танакөз деген келінім бар. Кеше алдыма келіп «Аға!» деп қазақ салтымен сәлем еткенде, баяғы бала кезім, ауылым… есіме түсіп… айналайын, көп жасағыр! — деп біртүрлі өксігендей үзік-үзік үнмен сөйлеген ол: — Айналайын Танакөз, бері көптің алдына бір шығып, көзіме көрінші… Қазақтың арғы-бергі қызы, келіні тап сендей болса, ер жігіттің жары тап сендей болса, құдайыға күніне бір қой айтар! Келші, айналайын, тұрпатыңа бір көз салғаннан кейін ішіп жіберейін! — деп бөгелді.

Бұл сөз айтылған бойда алға шыға қоймаған келіншегін көзімен іздеген Байқал әйелдер тобына қадала назар салғанда Танакөзге ұқсаған ешкімді таппай, ас-аяқ бөлмесінен ішімдік тасып жүрген Қуатбайға ым қағып еді.

— Қайда жүр анау? — деп дөрекі сұраған.

— Әне, отыр ғой! — деді Қуатбай көзімен, иегімен бірдей нұсқап. Соны айтқан Қуатбай жүгіріп барып шашы күзелген бір шақшабас қатынға бірдеме сыбырлап жатқан.

Сәлекең әлі тұр.

— Әу, Танакөз ас дайындамағанда, сендердің тамақтарыңнан өтпей ме? Тез бері келіп кетсін!

Жалпақбай жұрт бұл сөзге де біраз дүрлігісіп, қол шапаттасып басылған. Сол екі ортадан сытыла шығып, ас үй жаққа қашып еді Танакөз. Оның соңынан Қуатбай мен Нұрым жүгірген. Бұлар ас үй жаққа ырсылдай жетсе, Танакөз Балқадишаны жұлмалап жатыр екен.

— Менің орныма сен бар!

— Қойшы әрі, танып қалса, бәріміз де масқара болармыз! Одан да тірілей өлген артық!

Бұлар ұмар-жұмар боп, Балқадишаны үгіттеп көндіре алмай жатқанда Байқал да жеткен жан ұшыра:

— Ойбай, Танакөз, анда шал күтіп қалды. Бәрінің оңтайы келіп тұрғанда сен бүлдіріп алмашы енді…

— Мен бара алмаймын. Оның не айтқанын сен естідің бе? Бетім-ай! Танакөздің бұрымына қарап тұрып сіміремін дейді… Мен болсам — мынау…

— Енді мен бе бұрымыңды шорт кестір деген?! Кімге кінә артасың? — деді Байқал, мүсәпірлік халге сәл жерде түсіп қалған келіншегін аяп.

—  Мен бармаймын. Орныма Балқадиша барсын!

—  Ойбай, танып қалса, бәрімізге де өлім!

—  Әй, қойшы! Танитындай ен тағып қойды дейсің бе? Кеше бірінші рет көрген, — деп Танакөз Балқадишаның жанын қоярға жер таптырмай барады. — Бол, бол, әне, күтіп қалды!

Нұрым мен Қуатбай да Танакөзді қуаттап; сасқан жерде ақыл тапқандарына өздерінше қуанысып, Балқадишаны залға сүйрегендей болып әрең әкелгенде, Сәлекең шарабын ұстаған күйі әлі тұр екен. Бұл кісі ерніне тигізсе-ақ жұта салуға асығып тұрғандар Балқадиша — Танакөздің залға енгенін көргенде дүр-дүр қол соқты.

Бұл келген келіншектің Танакөз емес екенін, әрине, қатындар біліп еді. Олар дереу қыбыжықтаса сыбырласып, қозғалысып, қыстыға күлісіп қалған.

Балқадиша кешегі Танакөз қылығын қайталады. Өзінен көзін айырмай, кірпік қақпай, таңырқай қадалған Сәлекеңе жақындап келе бере тізесін бүгіп, «сәлем еткен» ырымын істеген.

—  Бақытты бол, айналайын Танакөз! — деді шарапты ерніне сәл тигізгендей болған Сәлекең шал. Енді бір сәтте қаһарлы қартаң жылқышы астау толы жемге жапқан жемқор мәстектердей ас толы ыдыстарына жапатармағай қол созған. Қылқ-қылқ, сылқ-сылқ, бүлк-бүлк дыбыстар! Ысылдап-пысылдап басытқы асау. Алланың осы ырыздықты бұйыртқанына риза көңілмен кеңкілдесе күлісу. Күлмей қалған жалғыз кісі сірә, Байқал болар! Абырой болғанда анау қырсық шал Танакөз бен Балқадишаны ажырата алмады. Мүмкін, ажыратса да топ ішінде сыр бермеді ме, кім білсін! Балқадишаға көзінің астымен қарады да үндемеді. Шарабын тауысып ішпесе де, жұрт қысылмай ішіп-жесін дегендей, жоғары лауазымды бір кісімен кездесетін мезгілі таялғанын сылтау етіп, нөкерлерімен бірге жылыстап кетті.

Орталарына жалын күдірейте келген арыстан жемтіктен алыстаса, шие бөрілердің құдайы бермей ме? Мына лек те соған ұқсап, үстел үстіндегі тағамдарды оң-солға қарамай ойсырата жеп, шарапты қылғыта сімірді. Қисалаңдап билеуге қырылдаса ән салу ұласқанда кімнің кім екенін күрмелген тілмен сұрасып білісетін дәрежеге жеткен ел үйді-үйіне тарай беріп еді.

… Сабақ басталуға бір аптадай қалғанда, Нұрым мен Балқадиша елге оралған. Бұл тұста Нұрым әлденеше жазып өңдеген Байқалдың диссертациясының нұсқасы алғашқы құптаудан өткен. Енді соны алқалы жиын алдында қорғап қайтуға бекінген Байқал мен Танакөз, Қуатбай сол айтулы күнді күтіп Алматыда қалып қойды.

Балқадишаның Танакөзбен бірге оқып, тату болғандығының септігі тиіп, аудан орталығындағы орта мектеп директорлығына қолы жеткен Нұрым жұрт топшылауынша «бірінші хатшының сүйіктісі» көрінсе де, Байқалдың жарылқауына сенген емес. Қайта, екеуінің әйелдері тату құрбылар болғаны Нұрымға абыройдан гөрі кейде намысқа тиер ыңғайсыздық та әкелетін. Соның бірі — Балқадишаға Танакөздің: «Ауылға екеуміз бірдей қысқа, қиылған шашпен, бір модамен барайық!» деп келетін қолқасынан туған. «Анам марқұм бес-алты жасымнан бері аялап ұстауға үйреткен бұрымымды кестіргім келмейді» деп Балқадиша бұдан бас тартқанда, Танакөз сөзінің аяқасты болғанына ашуланып қалған.

Байқал Алматыдан бұл жолы аса көңілсіз оралды. Кандидаттықты қорғаудың кейінге қалуы — бір, зиялы қауым арасында болғанда бұрымы тірсегін соққан келіншегі сұлулығымен, ізеттілігімен жұрт назарын өзіне бұрып, бұл да Байқалдың бір артықшылығы көрінгені естелік болып қалғаны — екі болса, Танакөздің соншалық әсем, соншалық аянышты бұрымының кесіліп кетуі көз көрген көп таныс-білістер арасында орны толмас өкініш туғызғаны — үш. Тіпті елге кетерінде қоштаспақ үшін бас сұққанда Сәлекеңнің өзі Танакөзді қоймай шақыртып, қолынан шай құйдыртып ішемін деп өтінгесін барса, Танакөздің жүнін жұлған торғайдай болғанын көргенде сұмдық ренжіген.  «Еліктегішсіңдер, талғамсызсыңдар, ұлттық намысқойлық жоқ!» деп біраз кейіген. Танакөз Байқалға:

— Сенің кандидаттық қорғаймын деуің маған жұт болып жабысты! — деп салған. Бұл біразға дейін ерлі-зайыптылар арасында салқындық туғызып, елге ораларда екеуі екі бөлек — бірі отарбамен, бірі ұшақпен қайтуға соқтырған.

Сабақ басталғалы біраз уақыт өтсе де, Танакөздің орны жоқтаусыз еді. Үйіне оралғасын екі-үш күннен соң ғана мектепке келген. Бұрымының кесілгеніне өзі қымсынса да, мұндағы мұғалімдер бірінші хатшының жұбайын шамдандырып алармыз деді ме, сәлемдесіп, жылы ұшырай қауышқандай күй танытқанмен, «бас жағына» барыспады. Қызық оныншының оқушылары алдына барғанда басталмаса Танакөз де, мектептегі мұғалималар да тыныш күйде бейқұт өмір сүре бергендей еді. Тірсегіне бұрымы        соққан бұрынғы апайларына көздері үйренісіп қалған оқушылар басында еркек баланың кекіліндей тұлдыр қалған Танакөзді көргенде, бөлмеге аңдаусызда маймыл кіріп кеткендей таңырқаса қарай түсті де, сәттен соң күлкі бомбасы бөлме ішін дүр сілкіндірген. Орталарына әлем-жәлем киінген майрампаз келсе, сірә мұндай ішек-сілелері қатпас.

Сұп-сұр боп дірілдеген Танакөз орнына отыра алмады. Күлкі басылуын күтті. Бірақ дүрілдете күлген балалар күлкіні одан сайын үдетті.

Өзінің бейшаралық халге түскеніне бұрын да көзі жеткен Танакөз ақыры құлағын баса сыртқа қашқан. Әшейін емес, екі көзі бұлаудай боп жылай қашты.

Үш күн бойына үйінен аттап шықпай жатты. Төртінші күні жағдайын білу үшін Нұрымды ертіп Қуатбай келген. Бұл екі ортада Танакөзбен оңаша сұхбат құрған Қуатбай ертеңіне мұғалималардың біразын басы Балқадиша етіп кеңсеге шақыртып алған.

— Құрбыларың ауданда бірінші болып жұртты жаңа салтқа, мәдениетке бастамақ ниетпен бұрымын құрбандыққа шалған екен. Енді оны қостайтын ешкім шықпаса, елдігімізге, аудан атына сын. Болашақта мектеп оқушылары да бұрымсыз болады. Ұлы орыс халқының әйелдері де бір кезде ылғи бұрымды болған. Енді, міне, жаңа заманға, мәдениетке бейімделіп алды. Кәнеки, бәрің де құрбыларың Танакөзбен бірдей болыңдар, — дей келіп, үйінен әйелін шақыртып алған еді. Ол шаштараздан жаңа ғана оралған бойы екен. Күзеліп шығыпты. Мұны көрген әйелдер үндемей жерге қарасты.  Қуатбайдың онсыз да ұсқынсыздау қатыны шашы күзелгесін «Жеті елдің жебіріндей» болыпты да қалыпты.  Бұны көрген құрбылары жыларын да, күлерін де білмей жер шұқып отыр. Бұл үнсіздікті Балқадиша бұзды.

— Әркімнің басының билігі өзінде шығар. Бұрымдарын кестірген кісі кестірсін. Мен кестіре алмаймын! Ол Қуатбайдың сөзін тыңдамай, есікті сарт ұрып шығып кетсе де, бірінші хатшының жұбайына қырғиқабақ болудан сескенген өзге әйелдер отырып қалды. Соның ақыры Қуатбайдың бөлмесіне шаштараз шақыртумен тынып еді.  Одан бері екі-үш ай өткенде Қуатбайдың көмеші көмпиді. Байқалдың ұсынып күштеуімен ол «екінші хатшы» деген мансап тұғырын иеленіп алған. Сол-ақ екен, өз ұсынысын аяқасты еткен Балқадишаның соңына «май шам ұстап» түсті де кетті.

Әуелі ауданның идеология қызметкерлері кеңесінде Нұрымды ауызға алып, оның жұбайы Балқадишаны «жаңалықтан бастартқыш», «ескілікке құмар», «феодализм сарқыншағын насихаттайды» деген сияқты қисындармен іліп-қаққан. Оның соңы «үсті-бастарын күте алмайтын ұстаздар» қатарына жатқызумен аяқталған. Әрі-беріден соң түкпірде тұратын бір-екі мұғалім үстінен сірке табылғаны әңгіме болып, соның қатарында Балқадиша аты жүруі тіпті құдайға күпірлік еді.

Қолаң шашын жуып тарағанда, ақсары дөңгелек жүзі толықсыған айдай көз арбап, құмырсқа белінен тура түскен қос бұрым тоқ тірсегін соғып, көшеден жүріп өтсе, жас-кәрі сүйсіне қарасатын Балқадишаны бар қазынасынан жұрдай етудің айла-шарғысы осылай ұласып жатты.

Танакөздің өзі Балқадишаға тағы бір қолқа салған.

— Баяғыдан бері бір түрмен киініп, жүріс-тұрысымызды да бір-бірімізге ұқсатып, тіпті оны қойғанда, қолдан келген қамқорлығымды аямай жүргенде… менің бір тілегімді

орындамағаның… — деп салмақ сала сөйлеген. Бұдан соң Танакөз мектеп мұғалималарын шайға шақырып, өзінің бәріне де риза екендіктерін айтқанда да «Балқадиша ойланатын шығар» дескен құрбылары.

Алайда талай бопсаға төтеп берген Балқадиша кезекті бір аупартком бюросында Нұрымның мәселесі қаралып, күйеуі терлеп-тепшіп сөгіс алып келгенде шыдай алмаді. Нұрымға сездірсе, рұқсат бермейтінін білді де: «Әй, осы бұрымсыз қалған қатындардың ұрғашы болмай қалғаны жоқ қой» деп, шаштаразға барды да, бір-біреуі жеңді білектей қос бұрымды түбінен бір-ақ орғызды. Жалпақ жүзді өткір қайшы қалың шашқа қақалып қиналған үн шығарғанда екі көзінен бүртіктеген мөлдір жасқа ие бола алмаған Балқадиша кесілген қос бұрымын дорбаға салған қалпы үйіне қарай жүгіре жөнелген.  Бір үлкен ұят, қылмысты істі жасап қойып, жұрт бетіне тура қарауға жүзі шіміркенетін жанға ұқсаған Балқадиша сол бағытымен үйіне сүріне-қабына кіріп, төрдегі жаюлы көрпөге құлап, солқылдай жылаған үстіне Нұрымның кіруі қалай! Жұбайының өксіп-өксіп жылағанын тосын бір оқиғаға, жаман ырымға жорып қатты шошыған Нұрым:

— Әй, не болды, жарқыным! Бас аманшылық па? — деп ыршып түскен.

Жауап орнына Балқадиша шарқатын шешіп алғанда:

—  Қой, жаман ырымды бастама! Бас аман болса, шаш өсер-ау! — деп тоқтам айтты. Айтуын айтса да, іші удай ашыған. Қайын енесі марқұм көзіне елестеді. «Балқадишаның бұрымын алты-жеті жастан бастап баптауға үйреттім!» деп мақтана сөйлейтін еді-ау жарықтық.

Кешкісін күрең қабақпен көңілсіз ішілген шай үстінде Нұрым:

— Келесі оқу жылынан бастап бұрымы бар оқушы қыз мектепке қабылданбайды… —деді.

—  Неге?

—  Неге екенін көріп отқан жоқсың ба? Сылтаулары күте алмайды, сіркелетіп алады. Одан да бұрымсыз болғаны жөн деген шешім!

— Иә, әйтеуір, ойларына келгендерін істеп жатыр ғой. Бұларға сірә тосқауыл қойылар дейсің бе! — деп күрсінді Балқадиша.

— Мен ғой алар сөгісті алдым… Бұрымыңды несіне кестіргеніңді түсінбей қалдым ғой?  — Төзімім бітті. Қуатбайдың келесі, баяндамасына арқау болмайын дегенім шығар…  Ерлі-зайыптылар осыдан әрмен бұрым мәселесіне оралмауға серт бергендей еді.  Әйткенмен кесілген Балқадишаның бұрымы емес, Нұрымның көз қуанышы, көңіл жұбанышы болып шыққандай. Жұбайының бойына қараса болды, көңілі оңаза тартады. Бір жетіспеушілікті сезінеді, жоқтайды.

Бұрымы тілерсегін соққан Балқадишаны алғаш көрген кезден басталған ыстық ықылас, ынтық құмар түптің түбінде бір асыл сезімге барып тірелетін. Оның не екенін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес-ті.

Бала жасынан-ақ ән-күйге, өлеңге құмар болып өскен Нұрым жоғары оқудың тіл және әдебиет бөліміне түскенде сағымды арман үмітінен арыла алмай, ара-тұра өзі де өлең жазғансып, жас ақындардың өлең талқылауынан қалмай жүгіргені күні кеше. Алғаш рет Балқадишаны сол жерде ұшыратты. Қызу қанды ақындардың көзі шалмай қалды ма, әлде үлкендердің «жазмыштан — озмыш жоқ», «жүгірген — алмайды, бұйырған — алады» дегендері рас па, Балқадишаны жастар жиынында тапқан. Бірінен бірі өткен екі қыз — Балқадиша мен Танакөз Нұрым көзін бір көргенде-ақ баурады. Қалай басы дуаланып қалғаны есінде жоқ. Сол қыздардың ту сыртында келе жатқан жас жігіт Балқадишаның өкшесін басардай жақындап қалғанда, бір бұрымының ұшын тарқатып өріп ойнап келе жатқан қыз шашын арқасына қарай серпіп жібергенде, Нұрымның мойнына оралған.

Ұзын дәлізде ойын-күлкімен шуласып бара жатқан жастар арасынан бір жігіт мұны көргенде:

— Оһо, түсті бұғалық мына жігіттің мойнына! — деп әзілдегенде Нұрым Балқадишаның бұрымының ұшы көзіне тигендіктен жасаурап, еңкейе қалып еді. Онымен қоймай:

— Ой, көзім! — деді.

— Ой, кешіріңіз, ағай! — деген Балқадиша қызарақтай тоқтағанда, Танакөз:

— Ей, не ғып тұрсың! Көзіне жазым келтірген жоқсың ба? — деп көзін сипалаған Нұрымға жұғыса тоқтады. — Әкел орамалыңды! — деді сосын құрбысына. Ол Балқадишаның орамалымен Нұрымның жасаураған көзін, бетін сүрткен.

— Ұшына тимесін. Әжеме ұқсап ұшықтап жіберейінші! — деген Балқадиша бұрымымен Нұрымның бетін қытықтай желпігенде жігіт:

— Құрбым, тоқтай тұршы. Атың кім? — деп қыздың бұрымын бетіне басты.

— Мен бе, Балқадиша! Құрбымның аты — Танакөз!

— Ой, ғажап екен! «Дегенде Балқадиша, Балқадиша» деген ән бар, ә?! — деді Нұрым нені мақтағанын өзі де білмей. Содан кейін тамсанып: «Білектей арқасында өрген бұрым!» деп және күрсінген. Екі қыз да қызарақтап қалды. Өйткені екеуінің де бұрымдарын көрерге көз керек еді. Нұрым:

— Бір емес, тағы да бір-екі рет ұшықтауға тура келер, қарындас! Мен сіздерді қайдан табам? — деді.

Қайда тұратынын қыздар айта қояр деген үміт ойында жоқ, жұғыса берейін дегені. Бірақ қыздар оны шынға балады.

— Шынында, көзіңізге ақ түсуі мүмкін екен-ау… Біздің ол қаперімізде де жоқ, — деп Танакөз елгезектік танытты.  Көзін ұшықтауды сылтау қылып екінші, үшінші рет іздеп барғанда Балқадишаның бұрымын көзіне басқанды әдет етіп, Нұрым ұзақ уақыт иіскеп, еміреніп отырғанын сезгенде Танакөз екеуін оңаша қалдырып, шығып кетуші еді.  Нұрымның бір қызық мінезі бар. Балқадиша айна алдына барып шашын тараса, ерінбей-жалықпай күлтелеген қолаң толқынға көміліп, келіншегін қапсыра құшақтаған күйі ерекше бір қуанышты рақатқа батушы еді. Түнде қатарында жатқан жұбайының бір бұрымын өзіне қарай тартып алып мойнына орап, ұшын бетіне тақап еміреніп жату тағы бір әдеті. Келіншегі күйеуінің ерсілеу қылықтарынан қысылып:

— Қойшы енді, жаңа қосылған адамдай болмай! — десе:

— Сенің бұрымың ғой менің мойныма түскен алғашқы да мәңгі бұғалық! — деп баяғы бейтаныс жігіт сөзін қайталайтын.

Дүниенің бар қызығы, өз бойындағы құштарлық оты тек қана Балқадишаның бұрымында сияқты. Нұрым келіншегі жатар алында шашын тараса:

— Өрмей-ақ жата берші! — деп жалынатын.

Ұйықтар алында сол күлтеленген қолаң толқынға тұмсығын тығып, жұпарын жұтса ерекше шабыт оты тұтанатын еді. Содан әрмен ыстық құшақтар ұзақ уақыттан кейін жаңа табысқандай құшырлана айқасып, бір асыл сөздер жапыраққа тамған түнгі ақ жаңбыр тамшыларындай құйылатын. Балқадишамен неше жыл ғұмыр сүргенін есептемей, дәл бүгін, кеше немесе бұрнағы күні бас қосқандай құштарлықпен табыса беретін.

Балқадиша шаштаразға өз еркімен барып бұрымын шорт кестіріп келгенде, Нұрым оған онша мән бермепті. Аупарткомдағылардың жүйке жұқартуынан әбден есеңгіріп, соңғы кезде Балқадишаның құшағын көруді де ұмытқанын байқамай, сүлесоқ ғұмыр кешіп жатқан. Алайда табиғат өз дегеніне көндіреді ғой. Бұрынғылар үш арсыз бар десе, соның  бірі осы күлкі болар…

Баяғыдан бергі әдетіне бағып Балқадишаның арқасын қармалап, колына бұрым ілікпегеніне қайран қалған Нұрым ұйқылы-ояу есеңгіреп манаурай керілді. Енді қолын созыңқырап қалғанда саусақтары тағы да жұбайының тоқырайып қалған басына тиіп, жүрегі зу ете қалсын! Одан әрмен бойы ыссылы-суықты болып шегініп кеткен еді. Көптен бері күйеуінің еркелетуін күтіп оңаза көңілде жүрген Балқадиша да сергек жатқан.      Бірақ алаулаған құшақтар айқаспай тарады. Емексіген көкей еркелі сөз ести алмай, ентігіп басылды.

… Нұрым бойының салқындағанына қарамастан аяз қысқан қарды сықырлатып біраз жүрді. Әлгіндегі не сезім?  Ыстық құштарлық осымен суынғаны ма? Алаулаған шабыт  жалыны арнаға сыймас асау толқындай еркіне қоймайтыны қайда? Бұрым! Шіркін Балқадишаның бұрымы!.. Құмарлық пен құштарлық тасқыны сол күлтеленген қолаң толқынның аясында ұялап жатып, кенет арнаға сыймай аласұрады екен-ау.

Нұрым күрсінген. Дәл осы сәтте қысқы тұнжыр көктен бір жұлдыз жосыла ақты. Аспанды жіңішке сызықпен тілгілегендей жолақ салып, көзден ғайып болған. Жүрегі шым ете түсті. Япырай, бұл не? Тым ерте сөнген бір махаббатқа көрінбегей!

Бойы тоңазығасын үйге енген. Балқадиша әлі ояу екен. Арқа жағына көзі түсті. «Білектей арқасында өрген бұрым!» деді іштей.

Иә, дәл солай…

Балқадиша кесілген бұрымын мұқият өріп, желкесінен төмен асылдыра жіберіп жатыр екен. Нұрым тез шешінді де, жұбайының сырт жағына аунады. Балқадишаның екі иіні дірілдейді. Қолымен жұбайының бетін сипаса, жас жуып кетіпті.

— Қойшы енді… Мен сені бәрібір баяғыша сүйемін. Тәйір, бұрымда тұрған не бар. Бас аман тұрса, шаш өсер-ау, — деп бұрынғы сөзін қайталады. Сөйтті де қос бұрымның біреуін бұрынғыша өзіне қарай тартып алып мойнына асты.

 

1966 жыл. Ойыл.

1995 жыл. Алматы. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button