Ресми

Күллі пошта – Ақтөбеде

Бүгін Ақтөбеде пошта қызметкерлерінің кеңесі басталады. Жыл сайын өтетін алқалы жиын биыл біздің қаламызда өтпекші. Екі күнге созылатын шараға «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Молдағалиев және «Қазпошта» АҚ-ның еліміздегі барлық филиалдарының директорлары қатысады.

Басқосу тақырыбы – пошта саласының өткен жылғы қорытындысы туралы.

Сондай-ақ, жиында қызмет сапасын жақсарту жөнінде де әңгіме өрбиді. Яғни пошта жөнелтімдерін жеткізу мерзімін қысқарту, клиенттердің талғамына сәйкес келетін жаңа қызмет түрлерін енгізу – пошта саласының ең басты мәселесі.

Пошталық қызметтердің сапасын көтеру мақсатында Ақтөбе, Алматы мен Астана қалаларында автоматтандырылған сұрыптау орталықтары салынды. Жиында болашақта еліміздің барлық аймағында жаңартылған ауылдық пошта байланысы бөлімшелерін салу  жалғастырылатындығы сөз болады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының қалалықтармен бірдей деңгейде сапалы қызмет алуларына ықпал етеді.

Соңғы жылдары «EMS Kazpost» деп аталатын жаңа қызмет түрі пайда болды. Бұл қызметтің арқасында хат-хабарлар, құжаттар мен басқа да пошталық жөнелтулер «қолдан қолға» принципімен қысқа мерзім ішінде толық сақталған және жеткізу кепілдігімен жедел жеткізіледі. «EMS Kazpost»-тың ауқымы кең: еліміз бойынша,  сонымен қатар ТМД және алыс шетелдерге хаттар, құжаттар және басқа да пошталық жіберулер, жеткізу кезінде қолданылады.

Айта кететін бір жайт, Ақтөбеде транспорттық логистикалық орталық ашылады. Мұндай орталық қазір Алматы мен Астанада ғана бар. Ақтөбеде ашылатындығының себебін мамандар қаланың тоғыз жолдың торабында орналасқандығымен түсіндіреді. «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Балғали Ордабаевтың айтуынша, бүгінде филиалда 900-ден аса маман бар екен. Б.Ордабаев жеке адамдардың хат жазуы азайғандығын айтады.

Есесіне мекемелер хатты бұрынғыдан көбірек жазатын болды. Қазір көпшілік пошта десе, газет, хат тарату деп ойлайды. Бұдан басқа біз қаржылық қызмет те көрсетеміз. Яғни ақша апарамыз, әкелеміз, ақша қабылдаймыз. Ырғыз бен Ойылда банк жоқ. Сондықтан аталған аудандардағы банк қызметтерін біз атқарамыз. Қазір «Қазпошта» АҚ-ның Ақтөбеде 204 бөлімшесі бар. Мұндай бөлімшелер ешбір банкте жоқ, – дейді филиал директоры.

Шара барысында қонақтар облыстағы пошта қызметкерлерінен жасақталған команданың өнерін тамашалайды. Б. Ордабаевтың айтуынша, жақында облыстағы пошта қызметкерлері КТК жарысын өткізіпті. 16 команданың қатысуымен өткен жарыс тартысты өткен. Қорытындысында, алғалықтар І орынды иеленді. Ойыл мен Темір командалары ІІ орынды жеңіп алған. Ал ІІІ орын «Бас поштаға» бұйырыпты. Сол командалардан жасақталған топ шарада өнер көрсетеді.

Тағы бір айта кететін жайт, қала қонақтары мен жергілікті пошта қызметкерлері қаладағы «Қазпошта» АҚ-ның бас ғимаратының жанына 40-қа жуық тал-терек отырғызады.

Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button