Әлеумет

Электронды тірлікке көштіңіз бе?

Байланыс және ақпараттандыру саласында күн сайын түрлі жаңалықтар болып жатыр. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттандыру және байланыс комитетінің Ақтөбе облысы бойынша ақпараттандыру және байланыс инспекциясының бастығы Ғабидолла БИСЕМБИНМЕН осы мәселе төңірегінде сөйлестік.

Бірінші наурыздан бастап Үкіметтің қаулысымен халыққа қызмет көрсету орталықтары Байланыс және ақпарат министрлігінің құзырына берілген болатын.

Министрлік еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын оңтайландыруды бастап та кетті. Сондай-ақ белгілі бір қызмет үшін сұрайтын құжаттар пакетін саралап және мүмкіндігінше оны қысқартып жатыр. Жаңа технологиялар алынуда,  — дейді Ғабидолла Бисембин.

Жемқорлықтың алдын алу және ақпараттандандыру саласындағы жұмысты тиімді жүргізу мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтары электрондық қызмет көрсету жүйесіне көшіп жатыр. Жаңа жүйеге толық көшкен жағдайда құжаттарды қазіргідей төрт күнде емес, он-ақ минуттың ішінде реттеуге мүмкіндік болады. Лицензия, рұқсат қағаздар секілді құжаттарды алу да одан әрі жеңілдетіледі.

Алдағы уақытта орталықтарда кедергісіз қызмет көрсету, кезекті брондау, SMS-хабарлау сервистерін енгізу жоспарланып отыр. Оның үстіне, халыққа да әр шенеуніктің табалдырығын тоздырып жүргенше, бар шаруасын бір жерден бітіріп алуға мүмкіндік туды.
— Тағы бір жағымды жаңалық — бүгінде кәсіп­орынды тіркеу үшін кәсіпкер бұрын­ғыдай халыққа қызмет көрсету орталы­ғында ұзын сонар кезекке тұрмайтын бол­ды. Үйден шықпай-ақ, электронды түрде интернет арқылы өтініш берсе жеткілікті, —  дейді инспекция бастығы. — Қазір  мемлекеттік органдар арасында интернет арқылы жолданатын электрондық құжат айналымы бар. Бұл 2005-2007 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған «Электронды үкімет» жобасы арқылы жүзеге асады. Құжатты растау үшін соңына әр азаматтың өзіне ғана тиесілі электрондық сандық қол қойылады. Мысалы, бізге құжат жіберетін мекемелер мен кәсіпорын басшылары қазірдің өзінде электрондық үкімет қызметіне жүгінеді. Құжаттарды қашықта отырып-ақ рәсімдей алады.

Жылжымайтын мүлікті тіркеу мерзімі де едәуір қысқартылған көрінеді. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің бар не жоғы туралы анықтамаларды электронды фор­матта беру енгізілген. Бұрын бұл анық­тамалар қағаз түрінде үш жұмыс күні ішінде берілсе, қазір ондай анықтамаларды алу отыз минуттан аспайды екен.

Ғабидолла Бисембин халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдағы уақыттағы жоспарымен де бөлісті.

Енді орталық қызметкерлері облыстағы елді мекендерді аралап, жылжымалы кездесулер ұйымдастырмақ. Мақсат — ауыл тұрғындарын ақпараттандыру. Олардың көпшілігі түрлі себептермен қажет құжатты ала қою үшін Ақтөбе түгілі, аудан орталығына жете алмай жатады. Ал жылжымалы кездесулерде орталық қызметкерлері ауыл тұрғындарына қажет құжаттарды сол бойда қолдарына тапсырады, — дейді инспекция бастығы.

Ақпараттандыру саласындағы басты жаңалық — осы. Ал облыстағы байланыс жағдайы қалай?

БАЙЛАНЫС ТҮЗЕЛДІ, ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Бұрын бір ауылда бір жерде ғана сөйлесу пункті болатын. Қазір ауылдағы әрбір үйге желілер тартылып, телефон орнатылған. Ауылдағы ағайын шетелде жүрген баласымен үйде отырып-ақ сөйлесе алады.

«Қазір облыстағы 411 елді мекеннің 402-сі телефон байланысымен қамтамасыз етіліп отыр. Қалған 9-ы болашағы жоқ ауылдар қатарында болғандықтан телефон желісі тартылған жоқ. Бұл жерлердегі халық көрші ауылдарға көшіріледі. Осы ауылдарды қоспағанда облыстағы елді мекендер телефон байланысымен жүз пайыз қамтылды деуге болады», — дейді Ғабидолла Бисембин.

Байланыс жағдайы түзелді, халықтың талабы да жоғарылады. Енді оларға үйлеріндегі бір телефон аздық етті. Бас-басына бір-бір қалтафон керек болды. Ол үшін ұялы байланыс мұнараларын орнату қажет еді.

Ғабидолла Бисембиннің айтуынша, біздің облыстың ұялы байланыспен қамтылу көлемі 70 пайызға жетті. Облыстағы 700 мыңдай тұрғынның 70 пайыздан астамы ұялы байланысты тұтынады. Мәселен, Ырғыз, Байғанин секілді облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың елді мекендері де ұялы байланыстың игілігін пайдаланып отыр. Халық ұялы байланыстың барлық мүмкіндігін пайдалануға тырысып, түрлі қызметін тез әрі тәп-тәуір меңгере бастады.

Ұялы байланыс саласындағы соңғы жаңалық — жаңа 3G стандартының енгізілуі. «Кар-Тел» ЖШС«Beeline» сауда белгісі 3G желісін елдің қырықтан астам елді мекенінде енгізді. «GSM Қазақстан «Қазақтелеком» ААҚ-ы» «Kcell» сауда белгісі де Қазақстан аймақтарында үшінші буын (3G) стандарты технологиясын енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақпараттық технологияның игілігін көріп отырған қалалар арасында Ақтөбе де бар.

Жаңа желінің артықшылығы сол, енді ұялы телефондарыңызбен бейнеқоңырау шалуға болады, яғни сөйлесетін адамыңыздың тек дауысын естіп қана қоймай, оның бейнесін де көре аласыз.

Бұл стандарттың тағы бір ерекшелігі — мобильді аппараттан бөлінетін теріс әсері бар сәуле әдеттегіден гөрі аз болады және мәліметтер топтамасы жоғары жылдамдықпен жеткізіледі.

ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттандыру және байланыс комитеті

ұялы телефондардағы 3G жүйесін алдағы екі жыл ішінде барлық облыс орталықтарында енгізуді жоспарлап отыр.

 

МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТКЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

 

Жаңа дәуір игіліктеріне мейлінше қол жеткізген халықтың талабы да күн өткен сайын күшейіп, сұранысы да жоғарылай түсті. Әлем жаңалықтарын көз алдына жайып салатын интернет қызықтарын тамашалау — көпшіліктің, әсіресе, жастардың сүйікті істерінің біріне айнала бастады. Тіпті, халық қолданыстағы желінің техникалық мүмкіндіктеріне қанағаттанбай, жаңа 3G желіcі бойынша жылдамдығы жоғары мобильді интернетті пайдаланғанды қалайды.

—  Операторлар арасында бәсеке жоғары. Бұл елдегі байланыс сапасының жақсаруына ықпал етеді. Ақтөбе аумағында жұмыс істейтін екі ұялы байланыс операторлары — «Кар-Тел» ЖШС «Beeline» сауда белгісі мен GSM/Қазақстан «Қазақтелеком» ААҚ-ы» «Kcell» сауда белгісі өз абоненттеріне 3G стандарты бойынша жұмыс істейтін жылдамдығы жоғары мобильді интернет ұсынып отыр. Тиімді әрі мүмкіндігі мол болғасын, бұған халықтың сұранысы жоғары. Мәселен, Сазды елді мекенінің тұрғындары осындай мүмкіндігі жоғары интернетті пайдалану үшін ауылдарына ұялы байланыс операторларының бірінің базалық станция орнатуларын сұрап отыр. Ал байланыс операторлары еңбектері еш кетпей, шығыны өтелетін жағдайда ғана қондырғанды тәуір көреді. Сазды ауылында үш мыңдай халық тұрады. Бұл бір базалық станцияның шығынын өтеуге аздық етеді. Әйтсе де халық сұранысын қанағаттандыру керек. Сәуір айының аяғында «Neo» ұялы байланыс операторы өзінің базалық станциясын Саздыға орнатады, — дейді Ғабидолла Бисембин.

Жылдамдығы жоғары мобильді интернетке базалық станцияға жақын кез келген жерде қосылып, ене аласыз.

Таратып айтайық: 3G стандартында жұмыс істеуге арналған usb-модемді (яғни ішінде белгілі бір ұялы байланыс операторының нөмірі мен SD карта орналасқан флешка немесе коннектор) өзіңізбен алып жүруге ыңғайлы ноутбукке қоссаңыз, кез келген жерде отырып-ақ жылдамдығы жоғары мобильді интернетке қол жеткізуге болады. Интернет «кілті» — қалтаңызда.

Әзірге әртүрлі жүйелерді бірізділендіретін ең қолайлы жүйе әлемдік тәжірибе көрсеткен интернет желісінің стандарты — www жүйесінің тиімділігі мол. Мысалы, компьютер және модемі бар кез келген адамның осы жүйеден ақпарат алуға мүмкіндігі мол. Ал байланыс құралы жоқ азаматтар кез келген интернет-кафеге барып, ақпарат жинауына болады.

P.S.  Күн сайын жаңаратын инновациялық технологиялар легіне ілесу мүмкін емес. Бірінің игілігін енді көріп жатқанда, екіншісі шығады. Алайда жиырма бірінші ғасырдың адамы ретінде интернетті пайдалануды үйренуді кейінге ысырмағаныңыз дұрыс. Жан-жағымыз электронды тірлікке көшіп жатыр…

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button