Жаңалықтар

Еліміздегі ең ірі воркаут алаңы салынады

Қала

Сәрсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында әлеуметтік нысандардың құрылыс жайы талқыланды. Бұлардың басқалардан басты ерекшелігі — бюджеттен тыс қаражатқа салынатындығы. Айталық, келер жылы сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген ақшаға ірі спорт алаңы тұрғызылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға байланысты ерекше міндет жүктегені белгілі. Осыған орайқұзырлы органдардың шешімімен Ақтөбеде сыбайлас жемқорлық қылмыстық істері нәтижесінде өндірілген қаражаттың бір бөлігі еліміздегі ең ірі воркаут алаңын салуға жұмсалатын болды.

— Қазіргі таңда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Дәурен Ерғаринмен ақылдаса келе жемқорлардан тәркіленген ақшаға қаламызда стрит-воркаут алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұның республика бойынша баламасы жоқ. Жоба құны — 47 миллион теңге. Аумағы мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары келер жылы көктемде басталады деп күтілуде. Спорт алаңы триатлон саябағында жасақталады. Бұл бастамасы ғана, алдағы уақытта басқа да нысандарды саламыз деген жоспар бар, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиевтің айтуынша, биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бармақ басты, көз қысты әрекеттерді әшкерелеу барысында 197 миллион теңге өндірілген. Соның 150 миллион теңгесі Мұғалжар ауданына қарасты Құмжарған ауылының құрылысы ұзаққа созылған мектебін аяқтауға аударылған. Қалған бөлігі шаһарда спорт алаңын салуға жұмсалмақ.

— Сыбайлас жемқорлықтан әлі де қаражат тәркіленіп жатыр. Мысалы,1 айдың ішінде тағы 35 миллион теңге түсті. Атқарушы билік өкілдерімен кеңесе келе бұл қаражат қажетті ғимараттардың құрылысына қарастырылатын болады, — дейді ол.

Артынша бірнеше бөлім басшысының қала сәулетіне қатысты баяндамасы тыңдалды.

Отырысқа құрылыс сапасына бақылауды күшейту үшін қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы Нұрлан Махамбетов, сондай-ақ атқарушы билік пен БАҚ өкілдері қатысты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button