Жаңалықтар

Қыс және жол қауіпсіздігі

Брифинг

Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау үшін 16 техника жетіспейді. Бұл туралы кеше  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткенбрифингте айтылды. «Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры Айбол Данағұл және әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Еркін Өтеген қатысты. 

Облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 4 440 шақырым. Биыл жергілікті маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жүргізуге 1,2 млрдтеңге бөлінген.

Индустриялық-инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2017 жылғы №180 бұйрығымен бекітілген көктемгі және күзгі тексерулер кезінде автомобиль жолдарын күтіп ұстау сапасын бағалау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын көктемгі және күзгі тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Нәтижесінде биыл 70 515 шаршы шақырым асфальт жамылғысындағы шұңқырлар жөнделді. 985 жол белгісі, 2464 сигналды таяқшалар орнатылды. Сондай-ақ облыстық маңыздағы Покровка-Темір-Кенкияқ-Ембі, Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк, Қобда-Мәртөк, Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк және Дөң-Бадамша-Актобе-Орск автомобиль жолдарында тік бұрылыстар мен қауіпті жол учаскелеріне шу жолақтары (1 020 шаршы метр) және Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк, Қобда-Мәртөк жолдарына 320 метр қисық сызықты діңгектер (криволинейный брус) қондырылды, — деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр. Оның айтуынша, әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірге жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жергілікті маңыздағы жолдар тексеріліп ұйғарымдар (предписания) беріліп, белгіленген мерзімде тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының 21,5-35,3 шақырым учаскесінде Самара-Шымкент автомобиль жолынан Сүт зауыты шағын ауданындағы жол қиылысына дейінгі бөлігіне түнгі жарық орнатылды. Жарықтандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жалпы,биыл ұзындығы 440 шақырым жол жөнделген. Бұл мақсатта бөлінген қаражат — 24,6 млрд теңге.

Қазір біршама жол учаскелері жөнделіп жатыр. Оның арасында Ақтөбе қаласының Батыс айналма жолының құрылысы, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының» 21,5-35,3 шақырым учаскесі, Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автомобиль жолының 7-17; 45-60 және 60-75 шақырым учаскелері де бар. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 77 пайызға жетеді.

Брифинг барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры Айбол Данағұл да баяндама жасады.

Республикалықмаңызы бар автомобиль жолдарыныңұзындығы— 1869шақырым. Қазір оның 303 шақырымына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қысқы кезеңде «Юнисерв», «Сине Мидас Строй», «Ассана-ДорСтрой» ЖШС-лары өздеріне бекітілген учаскелердеқауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында 30 бірлік арнайы техника жұмылдырып отыр. Бұл үшін 200 тонна тұз, 3000 тонна құм дайындалды.

Ал республикалық жолдың жалпы 1566 шақырымын күтіпұстау үшін 81  арнайы техника жұмылдырылды. Норматив бойынша 118 техника қажет. Жетіспейтін техникаларды жалға алу арқылы толықтыру қарастырылып жатыр. Барлығы 21 арнайы техникаға келісімшарт жасалды. Дегенмен әлі 16 арнайы техника жетіспейді, — дейді Айбол Данағұл.

Оның айтуынша, облыстың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы 246 шақырым қар басатын учаскелер бар (101 орында). Бұл учаскелерде 49 шақырым темірбетон қоршаулар орнатылған (25 орында). Қалған учаскелердеағаштан жасалған уақытша қалқандарды орнату және қар тоқтату жұмыстары жүргізілетін болады.Ақтөбе-Қандыағаш, Қандыағаш-Мақат учаскелерінде жобаға сәйкес темірбетон қоршаулар қарастырылған.

Үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы диспечерлік қызмет және демалыс, мереке күндері кезекшіліктер ұйымдастырылып, жауапты тұлғалар бекітіліпті.Қысқы кезеңге дайындық жұмыстары тиісті органдардың жіті бақылауында тұр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button