Әдебиет

«Електің басы — Есенбай» 

Ғалым АХМЕДОВ

Ғалым Ахмедов 1906 жыл 26 желтоқсанда Алға ауданында туған. 1925 жылы Орынбордағы Халық ағарту институтын бітірген. Ақтөбе уездік оқу бөлімінде инспектор, губерниялық мұғалімдер кәсіподағы кеңесі төрағасының орынбасары, губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарып, кейіннен Ленинградқа оқуға жіберілген.

Оқуын бітіріп келгеннен кейін, Жамбыл облысында, республиканың сол кездегі астанасы — Алматы қаласында жауапты қызметтер атқарды. 

«Жем бойында», «Өткен жылдар», «Ескі достар», «АлашАлаш болғанда» атты кітаптардың авторы. Сондай-ақ Л.Толстойдың, А.Чеховтың әңгімелерін, И.Тургеневтің «Соны сүрлеу», «Түтін» романдарын, орыс жазушыларының басқа да бірқатар шығармаларын қазақшаға аударған.

Жазушының дүниеден өткеніне биыл 20 жыл болды.

Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында» атты тарихи романы1992 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. 2011 жылы бұл шығарма «Оқитын өлке» акциясы үшін таңдап алынды.

Бүгін оқырмандарымызға осы романнан үзінді ұсынып отырмыз:

«Електің басы — Есенбай» дегенді бала кезімізде жыршылардан естуші едік. Ол Есенбайдың қай заманда өткенін, кім болғанын бұл күнде ешкім де білмейді. Бай болды ма, батыр болды ма, әлде «ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» би болды ма, кім білсін, әйтеуір Жайыққа құятын Елек өзенінің басы осылай аталыпты. Бұл күндерде оның Есенбай аты да қалып, ел ол жерді «Пролетар совхозы» дейді.

Орта орданың сұлтан-правителі Арыстан Жантөреұлының атамекені Жайық бойы, соған құятын Шыңғырлау деген шағын өзен, айналасы малға жайлы кең дала, жақсы қоныс болатын. Қыста малын Каспий жағалауына қарай көшіретін.

Арыстан правитель өткен жылы келгенінде Елек бойындағы Бесқоспа деген жерде біраз отырып кейін қайтқан еді, биыл да Електі жоғары бойлап келе жатыр деген хабары жеткен. Хан ауылы Есенбайға келіп, қоныпты дегенді естігенде сол маңдағы елдің құлағы елең ете қалды, өйткені Есет ауылы да осы маңайда отыр еді.

Есенбай деген — бір-біріне жалғасып жатқан әр жерде бір көлшігі бар сай. Ол су малға жарайды, ал ауызсуға жұрт соның жағасынан құдық қазып алады. Хан ордасы Есенбайға құятын Жалғызағаш дейтін сайдың қарсы беткейіндегі кемердің астына келіп қонған. Ханның қасындағы солдаттар да хан ордасынан екі шақырымдай әрірек барып, шатырларын тіккен. Орда келіп қонған соң-ақ, әр рудың басшы адамдары да көшіп келіп, хан ордасының төменгі жағын ала қона бастаған.

Арыстан правитель сырт қарағанда жай ел аралап шыққан сияқты болғанымен, солардың жасаған жоспарымен реті келсе, сол Есетті ұстау абыройына ие болу ойымен келген. Есетте ел ішінде мына патша өкіметінің оң көзі болып отырған, бұрыннан келе жатқан хан тұқымы, қазірде «тьфу десе түкірігі жерге түспей тұрған» ұлық Арыстанның өзінен де гөрі беделді, ерлігімен де, ақылымен де, билігімен де атағы шыққан адам, елі іші оны патшаның ұлығының жолына қимайды, өз қолдарымен ұстап бермейді, оны Арыстан жақсы біледі. Мына қасында хан ордасынан «сүйек тастай ма» деп жалаңдап жүрген төбеттер, Есетті ұстап береміз деп ауыздары айтқанымен, «өлген бөрі үстінен ит жиылып аттамас» дегендей, көрсе, құйрықтарын бұт арасына қысып, зәрелері ұшады, бұл жөнінде оларға сенуге болмайды. Талай жылдан бері ұстатпай келген Есетті қолға түсірудің енді басқа әдісін табу керек.

Арыстан правитель бір жағынан Есетпен құда. Бірақ Есетті ұстап бермесе, патшаның жоғары ұлықтарының арнайы тапсырмасын орындамаса, онда ертеңгі күні губернатор орнын ана басқа да жалаңдап жүрген төрелердің біріне алып беріп, өзін қаңғытып жіберуі де мүмкін. Мұндай істің жолында жегжат-мегжат дегенді, былқыл-сылқылды қойып, қатты қимылдау керек. Арыстанның ойы — Орынбордың берген әскерінің бастықтары да білмей қалсын, абыройға бір өзім ғана ие болайын дейді.

Арыстан правитель осыны ойланып, ашаң бетіндегі селдір шоқша сақалын сипалап, ойланғандағы әдетінше қысық көзін жыпылықтатып, ордасында жалғыз ұзақ отырды. Сыртта жолыққысы келіп топырлап жүрген әр рудан келген билердің, басқа да жандайшаптарының бірін де қабылдаған жоқ. Біраздан кейін басын көтеріп, айқайлап сырттан Шектінің екі биін — Жан қылыш бөлімінің биі Сәдірбай мен Назар бөлімінің биі Жабасты — шақыртты.

Ауылдың желке жағында көк шөптің үстінде қауқылдасып, өзара оны-мұныны әңгімелеп отырған билер, ханның адамы келіп, әлгі екі биді хан шақырып жатыр дегенде сөзді тоқтатып, бастарын көтере:

— Кімді шақырып жатыр?

— Неге шақырып жатыр?

— Тек сол екеуін ғана ма? — десіп шуласты. Келген жігіт:

— Сол екі кісіні ғана. Неге шақырғанын білмеймін, —  деп сыпайы ғана жауап берді. «Міне, бізді көрдіңдер ме?» дегендей әлгі екі би орындарынан қоқая тұрып, талтаңдай басып ордаға қарай кетті. Сол екеуінің сыртынан қарап, басқалары өздерін шақырмағанға іштері оттай күйіп қала берді.

Екі би еңсесі биік ақ ордаға еңкейе бас иіп, қол қусыра сәлем бере кіріп, төрдің бір шетінде отырған Арыстанның қолын алып, жасы үлкен Сәдірбай төрге, оған жалғаса Жабас отырды. Арыстан бұларды жылы жүзбен қарсы алып, аман-саулықтарын, мал-жандарын сұрастырып, қымыз ішіп болғанша оны-мұны айтып отырды. Екі би екеуін хан текке шақырмағанын іштерінен сезгендерімен де, не екенін біле алмай, әлде бір дауды бітіріп келуге жібере ме немесе әлденеден жазып қалып, кәріне ұшыраймыз ба деп, ойлары тоғыз саққа жүгіріп келіп еді, бірақ хан жылы қарсы алғанына қарап, көңілдері жай тапқандай болды.

Арыстан әлденеден ойланып қысылғанда сақалын, ал көңілі жай тауып, өз күшіне сене, билік айта не бұйыра сөйлегенде — мұртының қияғын екі жағына қайыра сипалайтын әдеті еді. Қазір де екі биге кезек қарап, сөзін мұртын сипалай отырып бастады.

 

— Есет батырдың ауылы жақын жерге, Көктөбедегі әкесінің зиратының жанына, келіп қоныпты деп есітіп отырмын Патша ағзамның улықтары онымен араз болғанымен, өзім де сол патша ағзамның адал қызметкері болғаныммен де, Есет батырмен бас араздығымыз жоқ. Ол кісімен бір жағынан құдай қосқан құдамыз. Менің шаңырағым бұл жерге бұрынырақ тігіліп, Есет ауылы кейін көшіп келіп жатыр ғой. Қазақ дәстүрі бойынша мен оған ерулік беруім керек. Ал енді, мал сойып, табақ беріп жіберудің біз сияқты адамдарға лайығы болмас. Сондықтан Есекеңді қонаққа шақырғаным дұрыс болар деймін. Мұны қалай көресіңдер?—деп екі биге ақыл салғандай қарап қойды.

— Мұныңыз өте дұрыс, хан ием! — деп сөзді жасы үлкен Сәдірбай бастады.

— Заман өзгеріп, закон деген шығып, еліміздің ескі жырғасы қалып, құрыққа тоқтаған жылқыдай, кем-кемнен соған бой ұсынып келе жатырмыз ғой. Бірақ та ішкі салтымызға, құдайға шүкір, ешкім қол сұққан жоқ. Табақ көтертіп келін, бала-шағаларды жібере салуға, ол Есет қой. Басқа біреу болса, бір жөн. Сондықтан шақырып, қонақасы беремін дегеніңіз өте ақыл, — деп Сәдірбай басын бір шұлғып қойын, шалқалай отырды.

— Өте дұрыс осыныңыз, тақсыр хан! — деп Жабас та қостап қойды. Сәдірбай ұзын бойлы, беті шалбарланған арық адам, Жабас та езуі тыжырылған, өңі суық, тапалтақ қатпа қара. Сәдірбайдың иегінің ұшында ғана біткен шоқша сақалы бар да, Жабас қаба сақалды, екеуінің дене бітімі екі басқа.

— Есетпен осы жолы оңаша отырып, сөйлессем бе деген ойым бар. Патшаның Орынбордағы ұлықтары оған кәрін тігіп алған. Есет өзінің бір жағынан ерлігіне, айлалылығына, екінші жағынан, халықтың қатты қадірлейтініне сүйеніп қолға түспей жүр ғой. Бірақ та патша ағзамның құрығы ұзын, бір күн болмаса, бір күні ұстала қалса, онда іс тіпті қиынға айналады, аяғы жақсы болмайтыны анық. Сондықтан егер Есекең келсе, өздеріңізді бірге ала отырып, осы мәселені қозғасақ деп едім. Губернатор да, Шекара комиссиясының бастығы да, егер өзі келіп беріліп, бетінен қайтса, кешірім жасаймыз деп отыр. Есекеңді осы жолы өздеріңіздің көмегіңізбен көндірсек, онда осы істің абыройына сіздер де ортақ боласыздар. Патша ағзам сіздерді де ескерусіз тастамайтыны анық, ол жағына өзім кепіл бола аламын! — деп Арыстан правитель сөзінің ана екі биге қалай әсер еткенін көзімен сығалай қарап бақылап отырды.

— Өте табылған ақыл, хан ием! Мына Сәкең, Есекең бәріміз бір Шектінің баласымыз ғой. Алла қосса, Есекеңді алып келіп, өзіңіздің алдыңызда, мына қасиетті ақ ордаңыздың төрінде айтқаныңызға көндірерміз, — деп Жабас би құлшына, екі қолын көтере, ілгері ұмтыла қопаңдап қойды. Сәдірбай үндемей, төмен қарап ойланып отыр. Арыстан онысын, ана Жабастың өзінен бұрын сөйлегенін жаратпай қалды-ау деп түйді. Аздан соң ол:

— Сіз не дейсіз, Сәке? — деп шалға қарады. Сәдірбай оған бірден жауап бермеді. Біраз ойланып барып сөз бастады.

— Жабас дұрыс айтты, біз, шықсақ — төбеміз бір, өлсек — моламыз бір, бір Шектінің баласымыз. Қай заманда да ауызбіршілігіміз мол, бір жағадан — бас, бір жеңнен — қол шығарып келген ел едік. «Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» дегендей, қазір мына азғантай елімізге бір жағынан Хиуа мен Қоқан, бір жағынан орыс, тағы бір жағынан өзіңіздің туысыңыз Кенесары қол созып, әрқайсысы өз жағына тартқылап, берекемізді қашырды. Әрі ойланып, бері ойланып келгенде мынадай, «балапан — басына, тұрымтай — тұсына» дегендей заманда осылардың ішінде орысқа бағынғанымызды ақыл көріп, мына біз сізге қосылып едік. Есет те ақылсыз адам емес, ол да әлдеқашан-ақ бізге қосылатын сыңайы бар еді, бірақ оны сыртынан қаралап, араға от тастап, ұлықтарға шағыстырып қойған, сөйтіп, ұлықтардың алдында өздері жақсыатты болғысы келіп жүрген арам пейіл адамдар да көп. Хан ием! Ел басқарған адамсыз, патша алдында да, халық алдында да беделіңіз зор, екі жағына да сөзіңіз өтеді. Жұмсаған жеріңізге біз барайық, Есетті ертіп әкелейік, бірақ та мына жаныңда мылтығын шошайтқан солдаттарыңа Есет сынды ерімізді ұстап беріп, ертеңгі күні ел алдында қарабет болып қалмайық. Осы жағына өзіңіз кепілдік берсеңіз, онда біз аттанайық! —дегенді қарт би бет терісі албырттана, тебірене айтты.

— Өте орынды айтылған сөз, Сәке! Бірақ та бұл ауылға кім келіп, кім кетіп жатқанын солдаттар қайдан білсін, оларға сездірмейміз ғой. Ол жағынан қауіп етпеңіз, — деген соң:

— Жарайды ендеше, рұқсат болса біз аттанайық, — деп Сәдірбай Арыстанға қарады. Ол:

— Рұқсат Алладан, жолдарыңыз болсын! — деген соң екі би орындарынан тұрып Арыстанмен қоштасып, орданың есігінен шегіне шығып кетті. Арыстан правитель сақалын сипалап:

— Иә, Алла, сәтін сала көр! — деп отырып қалды.

 

* * *

Есет мына таяқ тастам жердегі Есенбайда Арыстан правительдің ордасы отырғанын, қасында сексен солдаты барын біледі. Патшаның ұлықтарын тап бір мазақ еткісі келгендей, кейде солардың жүрген жеріне тым жақындап барады. Бастықтар «енді ұстадық» деген жерде зым-зия жоқ болады. Кеше Мұхамбетқали правительді де балаша алдап, жер соқтырып кетіп еді, міне бүгін «Ал мені ұстай қой» деген кісіше, Арыстанның қасына келіп отыр.

— Е! Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын заманға кез болдық қой. Мына Есенбайға келіп қонған Арыстанның бұл жүрісі мен білсем, тегін емес. Қасында сексен солдаты бар дейді. Оның үстіне алдыңғы күні Жармоладағы бастықтан бір адам шұғыл келіп кетіпті. Жармоладағы әскер де орындарынан қозғалып, Балғасынға қарай бет алыпты. Жем бойында Мұхамбетқалидың аңдып жатқаны анау. Ойлары, сірә, бізді сыртымыздан орап, қамап алғылары келеді-ау деймін. Анау күнгі Дәуіттің және басқа да жанашыр азаматтардың жеткізген хабарлары дұрыс болды. Енді кідірмей көшу керек. Әрине, Арыстан бізді көріне бас сала қоймас, араға адам салып айлалап көрер. Жан-жаққа көз жіберіп, сақ болуымыз керек. Қарақұл, сен Балғасын жаққа қарай шыққан әскерден көз жазып қалма, адам жіберіп, ізін бағып, бағдарын байқап отырғайсың. Әзберген, сен мына төрені аңды, әскері қалай бет алар екен? Әсіресе, ана оңбаған жандайшаптарын аңды. Солдаттардан бетер соларды аңду керек. Оңбағандар Арыстанға, басқа да ұлықтарға жарамсақтанып жағынып алып, елге істемегендері жоқ қой. Бізді бастықтарға жамандап шағыстырып, түймедей қылмысымызды түйедей қылып жеткізіп жүрген солар…

Серіктері Есеттің сөзін, бір аузын қапы жібермей, тыңдады. Іштерінен Есеттің тапсырмасын қалай орындайтынын, не істеу керек екенін ойланып отыр. Басқаларынан гөрі жасы үлкен болса да қызбалау Қарақұл басын көтеріп, Есетке қарады. Оның бірдеңе айтқалы отырғанын басқалар да түсіне қалды.

— Сөйле, Қарақұл! — деді Есет.

— Сөйлесем, батыр, мына патшаның ұлығынан да, оның қасындағы қарақшыларынан да өш алатын оңтайлы жер енді келді. Алыстан іздеген жауымыз құдай айдап, іргемізге өз аяғынан келіп отыр. Бәлкім, қан айдап, топырақ тартып келген шығар. Бұдан былай төренің де, қасындағы қараның да тап мұндай жақын келіп қолға түсе беруі екіталай. Сондықтан, мақұл көрсеңдер, осыларды тап бүгін түнде шабуымыз керек. Аңдып тұрып таң алдында лап берсек, бірден жапырып өтеміз. Ендігәрі бізге беттей алмайтындай етеміз. Кәне, бұған не айтасыңдар?

Енді Әзберген батыр басын көтеріп алды.

— Сөйле, Әзберген! — деді Есет.

— Анау күні Дәуіт келгенде осылардан елдің, жылаған қатын-қыздарымыздың өшін аламыз деп уәделесіп едік қой. Енді соны соза берудің тіпті де жөні жоқ. «Темірді қызғанда соқ» деген емес пе. Қарекем дұрыс айтып отыр. Мұндай ұрымтал жердің кездесуі екіталай. Ал енді тап осы жерде олардан бұрын қимылдап бір әрекет істемесек болмайды, олардың текке келмегеніне көзім жетіп отыр. Арыстан әскерді босқа ертіп әкелген жоқ, ол бір. Екіншіден, әлгіде дұрыс айттыңыз, ана Жармоладағы Ақкірпікте біздің артымызды орай әскерімен текке шыққан жоқ. Сондықтан Қарекеңнің осы бүгін түнде қимылдап қалу керек деген сөзіне мен де қосыламын.

Есет мына Әзбергеннің орта жастан асқанымен де, әлі де қажымас қайратты, дембелше, сом денесіне, қалың ерін үстіндегі салбыраңқы мұрнына, сол жақ қасының үстіндегі шор болып біткен жарасына, отты көзіне қызыға қарап отыр. Талай тайталасты көрген, от пен судан өткен батырдың төбесі мен желке жағында да шоқпар тигеннен болған екі шор жарасы барын да біледі Есет. Қарақұлдың да денесінде үш жерде найза тиген, бетінде қылыш тиген тыртығы бар, ол да жаудан қайтпас батыр, Қарақұлдың төртбақ денесі шалқақ Әзбергенге қарағанда еңкіштеу көрінеді.

Бұлардың арасындағы жасы кіші Бекет үлкендердің сөзін жай тыңдап, әрқайсысына ойлана қарап отыр. Қара күшке келгенде, әрине, одан мықтысы жоқ және тауы шағылмаған, қайраты мол жігерлі жас. Осы үш батыр да Есеттің жан жолдастары, үшеуі де Есет өлген жерде өлуге бар, нағыз шын берілген, әрі туыстары, әрі серіктері.

Осылай сөйлесіп, әлі бір тоқтамға келіп үлгірмеген кезде сырттан Бекеттің жан жолдасы Қалмен қол қусыра сәлем бере кіріп, үй сыртында қонақтар келіп тұрғанын хабарлады.

— Кімдер екен? — деді Есет жігітке қарап.

— Жанқылыш Сәдірбай би мен назар Жабас би, қасында екі-үш ат қосшылары бар.

— Жарайды, түсіріп ал қонақтарды, осында алып кел, — деп үйде отырғандарға қарап: — Сіздер де қонақтармен бірге болыңдар, — деп қойды. Шеткерірек отырған Бекет қонақтарды қарсы алу үшін Қалменмен бірге шығып кетті.

 

***

Ордадан келген қонақтар бұл ауылда көп айналмады, «ханның» тапсырмасымен шұғыл жүргендерін айтты. Сәдірбай ақсақал Арыстанның сәлемін, Есетті шын ниетімен шақырып отырғанын, ел ішінің тыныштығы үшін Есеттің барғаны, «ханмен» жүздескені, мәмілеге келгені жөн екенін, екеуінің де жат адамдар емесін, «құдай қосқан құда» екендерін сөзінің майын тамыза, жеріне жеткізе, өз сөзіне көңілі де шын сене айтып отырды, өйткені ел іші әңгімесінде хат, қағаз дегенді білмейтін қазақ қашанда сөзге тоқтайды, әсіресе ел билеген адамдардың сөзін бұзғаны үлкен айып деп саналады, ел аузында «Ердің екі сөйлегені — өлгені» деген мақал да бар. Қашаннан осыны ұстанып келе жатқан Сәдірбай ақсақал Арыстан сияқты адамның өзіндей ел ішінде белгілі адамды мынадай үлкен жұмысқа жұмсап отырғанында ар жағында арам ойы болады дегенді көңіліне де алмаған еді.

Қасындағы Жабас би де отағасысын қостап, өздерінің де Шекті екенін, сондықтан бүйрегі Есетке әрқашан да бұрып тұратынын, осы жолы Есеттің Арыстанға баруын мақұлдайтынын айтты. Бірақ Сәдірбайдай емес, қулығы мол, қашанда ел қамынан гөрі бас пайдасын көздейтін Жабастың бар ойы — сұлтанның алдында жақсы атты болып, бәлки, реті келсе, «мести» болып елін уысында ұстап, әрі қазынадан ақша жеп жату еді. (Кіші жүз елі революциядан бұрын ауыл старшинасын «ауылнай» не «мести» деп келді. XIX ғасырда бұл ел үш ордаға бөлінгенде, әр орданың ішінде «дистанция начальниктері», олардың қоластында «местный начальниктер» болған, «мести» содан қалған.)

Есет бірден жауап бермей суыртпақтай сұрап, Арыстанның денсаулығынан, үй ішінің амандығынан бастап қасында кімдер, қанша адам барын, қанша солдат ертіп келгенін, бағдарлары қалай екенін біліп алды. Оның сүрақтарына әсіресе қулық-сұмдықты білмейтін Сәдірбай ақсақал ағынан жарыла жауап беріп отырды. Жабастың жайын бұрыннан жақсы білетін Есет, оның айтқандарын жай тыңдағанымен, сөзіне онша мән бермей, көбінесе Сәдірбайдың сөзіне құлақ тікті.

Жабас әрқашан Арыстанға жағынып, жалбалақтап, соның қасынан шықпай жүргенімен, бір жағынан Есетті де маңайлайды. Өзі кейде қызыл түлкі сияқты сұм, залым болса, кейде жабайы жыртқыш аң сияқтанып, ызғарын сыртына шығарады. Оның қаталдығы ел аузында аңыз болып жайылған.

Өзі бай, өзі би осы Жабас тірі кезінде-ақ ел ішінде: «қайырымсыз Жабас, мейірімсіз Жабас, кәпір Жабас» деп аталған екен. Бір жылы ол Кете руының үш ұрысын ұстап алып, бір жылдай кісен салып, жұмсап жүріпті. Жыл асқанда, үшеуінің қолына күрек, шот беріп, төбенің басына апарып, мола қаздырыпты. Сонсоң екеуін тірідей моланың ішіне жатқызып, үшіншісіне: «ана екеуін өлтір» деп бұйырыпты. Бірге жүрген жолдастарын өлтіруге дәті шыдамай, ана жігіт қипақтап тұрып қалады. Сонда моланың ішінде жатқан екі ұрының біреуі: «Биеке-ай, мына жаман жанымызды қинады ғой, маған бұйырыңызшы, бұл екеуін мен өлтіріп берейін» дейді. Жабас оны босатқызып, ана жігітті молаға жатқызады. Босанған жігіт бір қаныпезер болса керек, екі жолдасын лезде өлтіріп, көміп тастайды.

Енді бір жылдан кейін Жабастың ауылына Кете руының бір белгілі биі келіп қонады. Ертеңгісін қонақ аттанарда Жабас үйінде жүрген ана жігітке: «Бидің белдеуде байлаулы тұрған атына бар да, қыл шылбырын тұзақтап мойныңа сал. Би көріп шошынып: «Бұ не?» десе, «Аға, мен де Кетенің баласы едім, мені не өз қолыңнан өлтіріп кет, не босатып алып кет» деп жылап тұрып ал» дейді. Сонда Кетенің биі:

— Әй, Жабас, мынаның айыбын мен төлейін, босат, — деп жігітті босатып алып кеткен екен дейді.

Жабастың әйелі «Мұны ешкім жеңе алмады, тек мен ғана жеңдім» дейді екен. Бір күні әлденеге ашуланған Жабас әйеліне:

— Кет! — дейді. Сонда әйелі:

— Мен кетермін-ау, бірақ барған соң әкем мені тағы біреуге береді ғой. Құда түсе келгендерге әкем: «Бұл сондай бидің әйелі еді, тұз-дәмі жараспай, қайтып келіп еді, екінші рет ұзатқалы отырмын» дейді ғой. Кейін жұрт мені сол барған кісімнің атымен атамай, көбінесе сіздің атыңызбен атайды ғой. Сол атақты өз басыңызға лайық көрсеңіз, кете берейін, — деп жинала бастағанда, Жабас әйелін тоқтатқан екен.

Осылар есіне түсіп, сыртына шығармағанымен де, іштей жек көріп: «Осылар да адамбыз деп ел қамын жегенсіп, билікке араласып жүр-ау! Мұндайлардан не жақсылық күтуге болады?» деп отырғанымен, ішіне де, сыртына да кім де болса сыя беретін Есет ол ойын сездірген жоқ, адамгершілік жағынан мына екі бидің бір-біріне мүлде ұқсамайтынын, біреуі қандай ақ жүрек, адал болса, екіншісінің нағыз қаныпезер екенін ойлап, Арыстан правительден келген екі бидің сөзіне екі түрлі сынмен қарап, екі түрлі мән беріп отырды.

— Ие-е, билер, «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» дегендей, ел ішіне іріткі түсіп, бірі орысқа, бірі Хиуаға, бірі Қоқанға қарап алақтап, қайсысына бағынарын, қайсысына бас ұрарын білмей дағдарып, аласұрып жүргенде, өздеріңдей жақсылар, ана Арыстан правительдей ұлықтар қамқорлық етіп, ел жайын қайғыртпаса, бұл ел не болмақшы? Қарап тұрсаң, ел қазірдің өзінде тозып кетуге бет алып тұрған жоқ па? Патшаның әскерінің оғынан, Хиуа мен Қоқанның сарбаздарының қылышынан қанша қазақ жастары қыршынынан қиылды, қанша қыз-келіншектеріміз қор болды! Осыларды ойлағанда түн ұйқымды төрт бөлемін, жүрегім сыздап қоя береді. Мен қара басымды сақтап жүрген адам емеспін, қайткенде мына ел тыныштық табады, қайткенде атамекенінен аумай, бытырамай елдігін сақтайды деп соны қайғырамын. Соны ойлап басымды тауға ұрсам

да, тасқа ұрсам да еш ақыл таба алмай жүрген бір жанмын.  Арыстанмен көңіліміз жақын, жегжат адам едік. Баяғыда біздің ел Қаратай ханды қолдап, Арыстанның әкесі Жантөрені өлтірді, бірақ кейін татуласып, құда болдық. Арыстанның мені шақыруы да жөн, менің баруым да жөн. Бірақ та бұл жолы бара алмаймын, сәлем айтыңдар төреге, өкпелемесін.

— Неге бармайсыз? — деп Жабас сұрлана, таңдана қарады. Сәдірбай үшін де бұл күтпеген жауап еді, ол да басын Есетке бұрды.

— Бармайтын себебім, мен соқыр емеспін, саңырау емеспін, «ел құлағы елу», шеттеп жүрсек те есітіп жатырмыз. Арыстанның қасында сексен атты қазағы, екі зеңбірегі бар көрінеді. Мына Жармола жақтан да бір топ әскер бізді сыртымыздан орай шығыпты. Жем бойында Мұхамбетқали төренің жүргені анау. Айнала оттың ішінде қалып бара жатып, қалай қонақтап жүремін? Арыстан елінен бері шыққан екен, ол алдымен біздің ауылға келіп түсіп, қонақасысын жеуі керек еді және солдаттарының мылтығын шошаңдатпай, өзі келуі керек еді. Әскермен қуатын мен қылмысты адам емеспін, ешкімге де жазығым жоқ. Қас адамдарым мені ел тонаушы, қарақшы деп «жаптым жала, жақтым күйе» етіп жүр ғой. Бірақ мен де өз елімде абырой, атағым бар адаммын, құдайдың берген дәулеті өзіме жетіп жатыр. Рас, мен мына Жағалбайлы мен Шөмекейді шаптым, оның себебі өздеріңе де мәлім, жағалбайлылар айдалада өз бетімен келе жатқан кәрі әкемді өлтірді. Соның үшін олардан өш алдым. Ал ана шөмекейлер немере ағам Арыстан батырды өлтірді, сол үшін оларды соңынан қуып жетіп, біраз адамын қырдым. Ел ішінде барымта, құн дегендер қашаннан келе жатқан ғұрып, ол үшін қазір енді мені айыптауға бола ма? Өзі ұрынбаған елге мен де тиген жоқпын. Мына Жетірудың Жағалбайлыдан басқы рулары — Тама, Табын, Кердерілермен тату-тәтті тұрып жатырмыз. Әсіресе мынадай аласапыран заманда дені дұрыс кісі ел ішінің тыныштығын тілесе керек. Қазір енді менің қас адамдарым орыстың Бұхар мен Хиуаның керуендерін талап, жаласын маған жабатын болды, барлық бәлені маған аударып, ұлықтардың алдында қаралап, нағыз көнбейтін жау етіп көрсетіп отыр. Бірақ әр нәрсенің де ақ-қарасын ашатын уақыт келер, олармен сонда сөйлесерміз. Арыстанға осының бәрін жеткізе айта барыңдар, өкпелемесін. Арыстан ұлықтардың алдында да, халықтың алдында да беделі бар адам ғой, сондықтан мылтықсыз келсе де, оның айтқанын істеп жүрер едік. Ал тап бұл күйінде мен оған бара алмаймын.

Сәдірбай үндемей төмен ойланып қарап отыр, сірә, Есеттің сөзін жөн көріп қалған сазы бар. Ал Жабас әрі-бері айтып бағып еді, бірақ бір алған бетінен қайтпайтын Есет оның сөзіне тіпті құлақ та қойған жоқ.

Қонақасысын жеп болған соң Сәдірбай мен Жабас тез аттанып кетті. Үйде қалған Есет, Қарақұл, Әзберген, қырғыз Қайдауыл және басқалары біраз үндемей, төмен қарап ойланып қалды. Қазіргі кезең ең бір қиын кезең еді. Әлгі билердің сөзіне еріп Есет сұлтанның ауылына бара қалғанда, сұлтанның қасындағы солдаттары Есетті сөз жоқ, ұстап алып кетеді, оларға сұлтанның өзінің де әмірі жүрмейді. Ал енді бармай қалған соң, мына таяқ тастам жерде тұрған әскер түн ішінде келіп басып алуы бек мүмкін. Енді не істеу керек? Осы жағдайды мына отырғандардың әрқайсысы да жақсы түсінеді.  Алдымен сөзге де, іске де шапшаң Қарақұл басын көтеріп алды. Жұрттың еңсесі түсіп отырғанын көріп, ол бірден қатулана сөйлей жөнелді.

— Уа, бауырым! «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайдының» кебі болмасын, иықтарың түспесін. Талай қиын-қыстау кездерде де жолымызды тауып, адаспай шығып едік қой, бұл жолы да, басында билігі жоқ бір төреден қысылып отырамыз ба? Мен білсем, сол төре осы жолы бізге тұзақ құрып отыр. Біз барсақ, әрине, қолын қусырып қарсы алады, қонақасысын жақсылап береді, майда тілімен сылап-сипайды, сөйтіп отырып ана солдаттарына ұстап береді. Мен білсем, бізге қайда барсақ та Қорқыттың көрі! Анада менің айтқаныма көнбедің, батыр, менің айтқаныма көнгенде әлдеқашан Хиуаның қол астында тып-тыныш отыратын едік. Ал енді, қазір не ана төренің патшасына басымызды жерге дейін иіп құл болып берілуіміз керек. Берілгенде де патшаның ұлықтары тағдырымызды қалай шешер?! Үркітке айдап жіберуден де жүзі жанбайды олар, талай жазығы жоқ қазақтарды айдап жіберген жоқ па со жаққа. Бізді қас жау көріп жүрген ұлықтар сөз жоқ айдатады. Сондықтан менің тілімді алсаңдар тап бүгін түнде төренің ауылын шауып, сонсоң құмның ішіне сіңіп кетейік. Бұлар есін жиғанша біз де біраз жерге ұзап кетеміз. Ал ана Ақкірпік сияқтыларға, иншалла, құйрығымызды ұстата қоймаспыз. Ақкірпіктің алдын орап жүрген жігіттер із тастап, оны адастырып жібереді. Осыған қалай дейсіздер?

Жұрт әлі ойланып отыр. Ойланатын жер! Оңай мәселе емес!

Енді қырғыз Қайдауыл басын көтерді.

— Қарекем жақсы айтты. Қалай болғанда да бір жағына шығайық. Итжеккенге барып, қор болып өлгенше, өз жерімізде өлейік. Ал өлсек, құр босқа өлмей, жастығымызды ала кетейік! Мен төренің ауылын тап осы бүгін есін жиғызбай шабуға дайынмын. Маған, шынымды айтсам, төреңнен гөрі ана қасындағы жаңағы Жабас сияқты атарман- шабармандарының-ақ қорлығы өтті. Солардан қайтсем өшімді алам деп қаныма қатып жүрген адаммын. Мен аттануға дайынмын. Ал енді Қарекеңнің тек ана Хиуаның сарттарына барып қосылайық дегенін бәрің де білесіңдер, мен бұрыннан да қарсы адаммын. Олардың мына орыстардан несі артық? Біз көрмеген Хиуа ма?! Әрі-беріден кейін шетімізден құл қылып сатып жіберуден де жүзі жанбайды оларың. Не болсақ та ешкімге табынбай, құл болмай, өз бетімізбен жүрейік, өлсек сол бас бостандығымыздың жолында өлейік. Менің айтарым, сол!  Бұлар әрі кеңесіп, бері кеңесіп, қанша бастарын қатырғандарымен де, тап бүгін түннен қалмай осы жерден өкше көтерулері керек екені анық еді, ендігі мәселе — жай, өз беттерімен кете бере ме, әлде ана төренің ауылын тым болмаса бір шауып, өштерін ала кете ме, міне, осыны ақылдаса келгенде бәрі де неде болса қылыштарын қанға бір малып кеткенді мақұл көрісті. Қасындағылар бұған Есеттің өзі бармағаны дұрыс болар деп шешті. Бастап баратын Қарақұл қай уақытта аттанатынын, қалай шабатынын айтып бергеннен кейін шетірек отырған Бекет пен Қалмен жігіттерін қамдандыру үшін бұрынырақ шығып кетті. Басқалары да шығуға ыңғайланғанда, Есет:

— Қанша айтқанмен, Арыстан заманы қатар адам ғой. Ағайынды өкпеге қиғанмен, өлімге қиюға болмас, өз басына тимеңдер! — деп соңғы ақылын айтты.

 

* * *

Орынбордан сұлтанға пакет алып келген Шекара комиссиясына ел ішінің хабарын беріп жүретін Рысмұхаммед 1855 жылы 11 июльде Шекара комиссиясына куә есебінде берген жауабында былай дейді: «Мен барғанда, сұлтанның ауылы Есенбайдың арғы бетінде, былай орналасқан екен: Жалғызағаш дейтін сай жақ бетте, одан бір шақырымдай жерде атты қазақтардың отряды, олар 80-90-дай адам, одан көп емес; сұлтанның ордасы сол отряд тұрған жерден ширек шақырымдай жерде. Одан төмен Есенбайды жағалай басқа сұлтандардың, тама мен табындардың билерінің үйлері, соларға қарсы, судың бергі  бетінде жағалбайлылардың ауылдары үйлерін тіккен екен. Мен барып, сұлтанға сәлем беріп көрісіп, пакетті тапсырғанымда, ол Есетке жанқылыш Сәдірбай Байтурин мен назар Жабас би Жүсіповті жібергенін, олар кешке дейін оралатынын, Шекара комиссиясына жауапты солар келген соң қайтаратынын айтты. Үйде сұлтанның жанында қабақ Нияз би, 57-ші дистанцияның начальнигі сұлтан Есалы Ғабдулмүкминов, би Баймұхаммед Масқаров, Жанқылыштың биі Мұхамбет Байтурин, сотник Бекмұрза Әлдиевтің, Назардың биі Байменше Ақшиннің, Шүрен руының бақылаушысының жіберген (аты айтылмаған) адамдары отыр екен».

Кешкісін оралған Сәдірбай мен Жабас сұлтанға Есеттің сәлемін жеткізді, батырдың айтқан сөзінің бірін шашау шығармай Сәдірбай би айтып берді. Оның Есетті іштей ақтап сөйлеп отырғанын Арыстан сезіп жақтырмағанымен де, сыр берген жоқ. Оған «хан ием» шақырғанда бас иіп, еңбектеп келудің орнына шалқақтай берген Есетті кінәлай сөйлеген Жабастың сөзі ұнап қалды.

Ордада отырған билер қонақасыларын жеген соң үйлеріне тарасқан. Сұлтан да көңілі жай, үй молдасымен ақшам намазын оқығаннан кейін бәйбішесі салып берген жұмсақ құс төсекке барып «иә, Алла!» деп жатқан.  1855 жылғы әсет айының 7-сінен 8-не қараған түннің, дүния жаралғалы бері келе жатқан түндерден ешбір айырмасы жоқ еді, шілде енді басталғанымен де қоңыр салқын, аспан ашық, быжырлай жарқыраған жұлдыздар ертең күннің ыссы болатынын танытады, шөп басын қимылдататын да леп жоқ, тек Есенбайдың аттың шашасынан ғана келетін суын бойлай кейде салқын леп соғып етеді.

Ауыл тынған, мал күйіске кірген, иттер де, ауылдағы сауын мен сойысқа ұстап отырған аз ғана малдың қотанының шетіне барып жатқан. Тек әлдеқалай болады деп сақтыққа үйреніп қалған жігіттер мен билердің анадай жерде қазыққа қаңтарып қойған бір-бір жарау аттары ғана анда-санда жер тарпып, пысқырынып қояды.

Таңға жақын, аспанды жайымен жылжып жалғыз кезіп жалыққандай болған ай жер бетінің мына мүлгіген тыныштығын бұзбайын дегендей, барып көкжиекке батқан соң жер беті қаракөлеңкеленіп қалды. Жан біткеннің бәрі таң алдындағы тәтті ұйқыда…

Таң қараңғысында Есенбайдың бас жағынан сайдың ішімен төмен қарай, аттың жалын құша бұғып, желе жортып келе жатқан көп аттыны ешкім де байқаған жоқ. Сай бойының ең жоғарғы жағына анадай жерде, арбаларын айналдыра төрт бұрыштап «каре» етіп қоршай құрып алған атты қазақтардың арба үстінде қалғып отырып ұйықтап кеткен

күзетшісі де ештеңе сезбеді. Әлгі аттылар бір кезде «Ала-аш!.. Ала-аш! — деп айқайлай ат қойғанда шырт ұйқыда жатқан жұрт қапелімде не болғанын білмей: «А-а, о не?..» деп аптыға орындарынан тұрып, лезде естерін жиып, көбі байлаудағы аттарына қарай жүгірді. Ауылда адам көп еді, бірақ бәрінің бірдей аттары дайын емес, ал аттары барлары көйлек, дамбалшаң жүгіріп барып, қарғып мінген бойда жан сауғалап, бет алды қаша жөнелді, кейбіреулері аттарына да жете алмай, тұтқиылда шапқан жаудан үрейі ұшып, далаға қашты, кейбіреулері ат тұяғының астында қалды.

Алдымен оянған бәйбіше: «Ойбай, жау!» дегенше болмады, сырттан біреу орданың есігін теуіп ашып жіберіп, ішке бес-алты адам қараңдап кіріп келді. Арыстан ұшып түрегеліп, кереге басында ілулі тұрған қылышына ұмтыла бергенде, біреудің құдіретті қолы иығынан тартып қалып, жерге жалп еткізіп, кеудесін тізесімен басып алды. Үй іші қара келеңке, түндік жабулы, дегенмен сұлтан үстіне төнген қара қожалақ бір дәудің қынынан салалы пышағын суырып алғанын анық көрді.

— Қолыма бір түстің бе, төрем, енді иманыңды айта бер! — деп Арыстанды етпетінен жығып: — Иә, тәңірім, күнәкар бендеңді өзің кешіре көр! — деп төрені сақалынан ұстап басын қайыра, тамағының астынан пышақ тартып жібергенде, сұлтанның «қыр-қыр…» еткен дауысы қатты шықты. Далаға қашқан бәйбіше, ерінің қорылдағанын естігенде, бір жамандықтың болғанын сезіп үйге қарай жүгіріп еді, босағада өліп жатқан біреуге сүрініп етпетінен құлады. Бұл кезде әлгі еңгезердей қара кісі пышағының жүзін ханның көйлегіне сүртіп, қынына салып жатыр еді.

Ауыл үсті опыр-топыр. Солдаттар мылтық атты. Ол кездегі мылтықтың дәрісінің түтіні қап-қара қою әрі ащы болатын. Ауылды ойқастаған аттылардың көтерген шаңдағы мылтық түтінімен араласып, ештеңе керсетпеді. Ордаға кіргендердің біреуі сұлтанның алтын зермен шеккен қамқа тонын, біреуі асыл тастармен әшекейленген алдаспан қылышын, біреулер қазықтағы атақты көк қасқа арғымағын алып бара жатты. Әр жерде жарасын ауырсынып ойбайлаған, ыңырсыған, жылаған дауыстар естіледі. Әншейінде ауылға басқа адамдар келгенде үретін иттердің дауыстары естілмейді, олар мана мылтық дауысы тарсылдай бастаған бетте-ақ жан сауғалап, ауылдан безіп кеткен еді.  Әлгі топ соққан құйындай лезде келіп, лезде ғайып болды. Ауылда өлген, жараланған адамдардан басқа қалған еркек аз, көбі қашып кеткен, тек әйелдер ғана ойбайлап, жоқтау айтып, өлгендердің басында не жаралылардың қасында, солардың жарасын байлап, ауыздарына су тамызып жүр. Қазықта аттары жоқтары жалаң аяқ, жалаң бас, көйлек-дамбалшаң Есенбайдың сайының ішімен, құмның үстімен әлі қашып бара жатты, солардың ішінде қабақ Нияз би мен назар Жабас би де бар еді.

Қарақұл былайырақ шыққан соң атының басын тежеп, жан-жағына қарап алып, істеген ісіне ырза болған түрмен «Есет Хиуаға көшпеймін деп болмаушы еді, ұлықтардың алдында Арыстанның өліміне бәрібір сол айыпты, енді де көшпеймін дер ме екен» деп ойлады.

Арыстанның баласы Қаналы төре (архивтегі документтерде Хан-Ғали деп жазылыпты) Есеттің ауылы тым жақын жерде екенінен қауіптеніп, түн ортасы ауғаннан кейін бір топ жігіттермен ауылдың айналасын торуға жүріп кеткен еді. Олар біраз жерді шарлап, қауіптенерлік ештеңе көре алмаған соң таңға жақын ауылдарына қайтуға бет алған кезде ауыл жақтан тарсылдаған мылтық дауысы естілген бойда өзі бастап шаба жөнелгенімен, қасындағылары кейін шегіншектей берді. Жан ұшырған Қаналы жігіттеріне айқайлап, беліндегі пистолетін алып, бір-екі оқ атқанымен де, Есеттің атағынан қорыққан олар тыңдамай, бет-беттерімен аттарын борбайлап, бір-екі жігіттен басқасы кетіп қалды. Қашқандарды қайырып қууға мұрса бар ма, Қаналы енді тура ауылға қарай шапты. Жоқтау айтып жатқан қатындардың дауысынан шошынған ол шауып келген бетте әкесінің ордасына жетіп, аттан қарғып түсіп, үйіне кіріп келгенде өліп жатқан әкесін, жылап отырған шешесін, оны құшақтап, бірге жоқтау айтып отырған үш-төрт әйелді көргенде, не болғанын бірден түсінді, түсінді де, буындары босап, әкесінің қасына тізерлеп отыра кетті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button