Жаңалықтар

Гүлқасима Сүйінтаева — облыс әкімінің орынбасары

ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Гүлқасима Сүйінтаева тағайындалды.
Өңір басшысы Ералы Тоғжанов облыс активіне өзінің жаңа орынбасарын таныстырып, оның қаржы саласында мол қызметтік тәжірибесі бар екенін атап өтті, артынша Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
Бұған дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған Гүлқасима Рамазанқызы 1964 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Білімі — жоғары: 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист, 2015 жылы Алматы менеджмент университетін іскерлік әкімшілік магистрі мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1983 жылы Ақтөбе қалалық денсаулық сақтау бөлімінің 1 орталықтандырылған есеп бөлімінің есепшісі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе қалалық қаржы бөлімінің бас маманы, Ақтөбе қалалық денсаулық сақтау бөлімінің, облыстық міндетті сақтандыру қорының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас есепшісі, облыстық медициналық көмек көрсету орталығының директоры қызметтерін атқарған.
2001-2005 жылдары ҚР Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің бас есепшісі — есеп-қисап бөлімінің басшысы, бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу және инвестициялық бағдарламаларды талдау басқармасының басшысы-бас есепшісі, Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің есеп-қисап және қаржыландыру басқармасының басшысы болды. Ал 2005-2007 жылдары Ақтөбе облысының қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек еткен.
2007-2017 жылдары Ұлттық ғылыми медициналық орталығының қаржы- экономикалық талдау және бухгалтерлік есеп бөлімінің бас есепшісі, ұйымдастыру-экономикалық жұмыстар бойынша директордың орынбасары, Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің директоры, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының ұйымдастыру-экономикалық мәселелері бойынша бас директорының орынбасары, «СК-Фармация» ЖШС қаржылық талдау бөлімінің басшысы, экономика және қаржы департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2017-2018 жылдары республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, Ақтөбе облысының қаржы басқармасының басшысы болды.
2018 жылдың тамыз айынан бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button